Айтар сөзді, қозғалатын әңгімені пысықтап алды. ~ Қасымқан әлі де құлай қоймай: Жоқ, жөнін айт. Әуелі сөзді пісіріп алайық! — деді. М.Әу. ~ Салпаңқұлақты неге мінбегенсің? – Тасырқап қалыпты жануар. – Келгенің жақсы болды, сөзді пісірдік. Д.Дос.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СӨЗГЕ СУ ЖОРҒА
Шешен тілді, ділмар. ~ Бозбала жиынында өлеңнен бәйгені шаппай алатын да Нұрым, жақсылардың тобында жырдан өрмек өретін су жорға да сол. Х. Ес. * Көргенін ұмытпай, естігенін көкірегіне мықтап сақтайтын, сөзге су жорға, аңғарлы ақ көңіл қартқа кезігіп, кеңесте болу өзім үшін ғана емес, халқымыздың қатпары мол тарихынан, тауқыметты тірлігінен дерек беретін жанды айғақтың табылуы, ел мен жердің мақтанышы ғой. Б.Жұм.
СӨЗГЕ ТАРТТЫ
Сөйлескісі келіп, әңгімеге тартты, біреудің лебізін, сөзін тыңдағысы келді. ~ Әсел тәтем де қызық. Қоймай қойды ғой тіпті. «Сөйлесіп көрші, жаны нәзік жігіт» дей ме-ау, «өзі үндемеуі мүмкін, сөзге тарт» дей ме-ау… Мен қайтіп сөзге тартады екем? Е.Жең. ~ Елпілдеп Әсетті де ән салуға зорлаған жоқ. Өздерінің еркіне жіберді. Қабағы ашық, жүзі жайдары. Мұндай кезде Жабықбай естіген-білгенін сұрағандарға ақтарып салатын. Сол мінезіне қанық Шадай қария әдейі сөзге тартты. Қ.Тол. ~ Міне, сол, каншама сәтті олжа әкелген мешін жылының күзінде Шақанды әлдебір жас жігіт іздеп келді. Іздеп тапты. Батыр аға, асыл аға деп ізетпен сәлем берген, құрметпен сөзге тартқан. М.Мағ.
СӨЗГЕ ТОҚТАДЫ
Айтылған сөзді дұрыс көрді, келісті. ~ Мәмбеттер қытайларға ұсыныс жасады. — Сендер бұл жүкті алмаңдар; бәріміз бір болайық, бұлар жұмыскерлерді жейтұғын буржуйлар… Қытайлар бұл сөзге тоқтай қалысты. Олар тасып жатқан жүктерін тастай беріп, Мәмбеттердің айналасына жиылды. І.Жанс. ~ Бүгін сен — алдырған кісі мені "қара" деп отырсың. Екеуміз де ұғысатын бет жоқ. Құр қажағанмен, ажалға мен жығыла алмаймын, сөзге тоқтар болсаң, беретін байлауым — осы", — деді. М.Әу. ~ Сол сөзге тоқталдым да, үн-түнсіз шығып кеттім. Балжан көрген көп жәбірдің есесін түгел қайтарғандай, былай шыға көңілденейін дедім. Б.Тоғ.~ Өйткені олар ертеден үлгі болып келе жатқан ел ішінің бітім жолдарын көлденең тартып шешен сөзбен айтысады. Сөйтіп келіп келелі орынды сөзге тоқтайды. Дау шешімін табады. С.Бег.~ Бірақ сөзге тоқтайтын Жаңабек жоқ, «ата-бабамның аруағын сыйламадың, әкемнің көзіндей болған Талдыбұлақтың түбіне жеттіңдер!»… — дей берген соң, шал тарс кетті. Б.Тоғ.
СӨЗГЕ ҮЙІР
Әңгіме тыңдауға, сұқбаттасуға бейім. ~ Сосын Елтайларға жып береді. Басқа бөлімдерге қарағанда «әдебиет және өнерде» жұмыс аз. Сөзге үйір келімді-кетімді кісі де көп, ылғи дуылдап жатады. М.Қаб. ~ Бір-бірінің сөзге үйір ауыздарына мәз бола қарасып, Тайлақбайдың сыртынан сөйлегенде «Әкеу, бұған жомарт құдай не ғып таупих берді?» дескен. Ж.Ахм.
СӨЗГЕ ҰЙЫДЫ
Біреудің айтқанына ден қойды, сөзін мақұл көрді, ықыласпен тыңдады. ~ Жиылған көп халайық, Сөзіне ұйып тамсанып… Ж. Жаб. ~ Қазыбектің сүйегі — Орта жүз Арғын ішіндегі Қаракесек (Болатқожа). Қазыбектің өз әкесі — Келдібек, ұлы әкесі, яғни атасы Абыз атанған Шаншар. Бабасы — бұлбұл. Шетінен тілге шешен, сөзге ұйыған, уәжге тоқтаған біліктілер болыпты бұлар. С.См. ~ Обер-лейтенант Әлидің мұнша жұмсақтық жасағанын әркім өзінше түсінді. «Мұсылман баласы болған соң аяған ғой» деген сөзге ұйыды көбісі. Б.Тоғ. ~ Біз — ағайынды екеуміз — атадан қалған сөзге ұйып, анадан дарыған өнерді бойға сіңіріп өскен ұрпақпыз. Егер бойымда бір сәуле, са-намда бір саңылау болса, ол — әкемнің құты, анам-ның сүтімен дарыған қасиет. Е.Мұқ.
СӨЗГЕ КЕЛМЕДІ
Қарсы уәж айтпады. ~ Мейірбек сөзге келмеді, шаруасы тығыз болса да ат басын Тұрсынның үйіне бұрды.Б.Тоғ. ~ Гүлбаршын зерделі қыз ғой, мұнан әрі тәжікелесіп, сөзге келмеді. Шолпысы шылдыр етіп болмашы иілді де, кері бұрылып жүріп кетті. А.Сей. ~ Жігіттерді ертіп бізге бөлінген үйге келдім де: «Аттарыңды тұсаңдар да жатыңдар!» деп бұйырдым. Ешқайсысы сөзге келмеді… Б.Тоғ. Сөйлей алмады, тілсіз кетті. ~ Берсе Құдай өмірін Сансызбай берер сазаңды, Тәңір алдында көрермін.Төлегеннің тілдері Екінші сөзге келмеді, Батқан күнмен қызарып, Үш қайтара Жібек деп, Дүниеден көшіп жөнелді. "Қыз Жібек".
СӨЗГЕ ШОРҚАҚ
Сөзге жоқ, сөйлеп қатырмайды. ~ Бірақ дәл осындай дос көңілін демеп жіберетін жерде де бұл өзі тілі–жағы байланған кісіше жұмған аузын аша алмайтын, сөзге шорқақ жігіт еді. Ә.Нұрп. ~ Ол бусынып, терлеп сала берді. Әй, өзі де сөзге шорқақ қасқа. Кейде бас жоқ, көз жоқ түйеден түскендей, дүңк еткізіп қойып қалады-ау! Бұ не әдет? Н.Сам. ~ Табыс тапқаны болмаса, Тастыбай сөзге шорқақ. Қ.Жиен.
СӨЗГЕ КЕЛМЕСТЕН
Жөн сұрамастан, әй-шәйге қарамай д.м. ~ Аудандық прокурор Сұранышев сөзге келместен Сұржекейдің ұсынған адамдарының бәріне санкция беріп жатты. С.Ел.~ Осы кісіге неге екенін білмеді Еркеш іші жылып, еркелегісі келіп кетті. Тіпті сөзге келместен столға жақындап, ұйқыдағы Умиданың жанына жайғасты да, дастарқандағы тамаққа қолын созды. К.Өтж. ~ Қос өркеш құм төбеден асып, өздері алтыбақан тебетін дөңгелек сазға жеткен соң Жантас сөзге келместен атынан домалай түсті де, құм беткейге құлай кетіп қор ете қалды. Б.Тоғ.
СӨЗДЕН ЖЫҒЫЛДЫ
Сөзден ұтылды, дауда есесін жіберді. ~ Енді бақ-дәулет үш атасына шейін-ақ барар» деген екен, — деді. Ісләмбек Қазыкеме үш атадан соң келеді екен: сөзден жығылыпты. Ж.Айм. ~ Сонда Бергі мысық әулие: «Әй, қолымды бекер ұстадың-ау! Енді бақ-дәулет үш атасына шейін-ақ барар» деген екен, — деді. Ісләмбек Қазыкеме үш атадан соң келеді екен: сөзден жығылыпты. Ж.Айм. ~ Ханның Жиреншеге осындай қисынсыз тапсырмалар немесе сұраулар берудегі себебі — ол Қарашашқа құмар болған. Егер Шешен сөзден жығылса, сылтауратып әйелін тартып алмақ екен дейді жұрт. С.Мұқ. ~ Ақыры таң алдында Үбиан күйеу бала отырған отауға баруға келісіпті. Бұл кезде кеш бойы сөзден жығылып, терлеп–тепшіп қысылған екеуі әбден қалжырап, оның үстіне қалындықтың соншама кешігіп, көңілдері қобалжып отыр екен. Б.Мом.
