Posted in

СЕЛТЕК ҚАҚТЫ

Түк бітірмей, ұшып-қонып, секеңдеп бос жүрді. ~ Бай сейілді, Бір пейілді Елде жақсы қалмады. Елдегі еркек, Босқа селтек қағып, елін қармады. Абай. ~ Шебелет қалпақ, тар шалбар, қысқа сертек, Киіп алып, қылтиып қағар селтек. Ұнай ма ыстық, суық қозғалысқа‚ Ойланбай, болғаны несі мұнша тентек?. Шәкәрім. * Шебелет қалпақ, тар шалбар, қысқа сертек, Киіп алып, қылтиып қағар селтек. Ұнай ма ыстық, суық қозғалысқа‚ Ойланбай, болғаны несі мұнша тентек? Шәкәрім.

Posted in

СЕЛТЕҢ ҚАҚТЫ

Босқа селтеңдеп, көше кезіп, уақыт өткізді. ~ Шолақ арқан, тар тұсау, өреде өстім. Пышақ сырты жал бітсе селтең қағып, Жанға торсық байлатпас мен емеспін. Менен зардап шеккен жоқ және де ешкім. Н.Айт. ~ Байға селтең қақтыңдар, Шыдады әзер қу жаным. Ал Кәдірбай құлақ сал! Жамбыл сөзін тыңдап қал. Жамбыл. * Шұбырған қауым мен ауыл арасында бір топ ит селтең қағады. С.Елу.

Posted in

СЕМІЗ АУЫЗ УАҚЫТ

Жайлы, ақ мол уақыт. ~ Онан соң бұлардың былтыр күзде, малдың шелді кезінде, семіз ауыз уақытта қасарыса қалып, енді мынау көкек айында, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілуге таяған шағында, жағдайсыз бір мезгілде, көк ішек уақытта, ойда жоқта түсінен шошып оянғандай мезгілсіз бір тұста той жасауға зорлап отырғанына қам жеп, ренжіп отырған да Сақан емес. Ж.Сәм.

Posted in

СЕМІЗ МАЛДЫҢ ТҮГІНДЕЙ (ҚҰЛПЫРДЫ, ЖЫЛТЫРАДЫ)

Жылтырап, күнге шағылысып, құлпырып тұр д.м. ~ Даланың сәнге бөленген кезі өтіп, сұлу ажары кеми бастағанымен, күн сәулесіне бөккен жасыл шалғын семіз малдың түгіндей құлпырып тұр. І.Ес. ~ Ертеде қатты желі алты қанат киіз үйді аударып, Үйжығылған атанған, осы бір алақан аясындағы жазық жамбас қалың бетегелі еді. Жел соққанда сол бетеге семіз малдың түгіндей жылтырай жапырылып, күнге шағылысатын. С.Мұр.

Posted in

СЕКСЕУІЛДІҢ ШОҒЫНДАЙ ЖАЙНАДЫ

Қызара маздаған, жалынды. ~ Аттылар жүріп кетті. Байдалы бағанадан үндемеген еді. Енді ғана Бөжейге қарап: – Екі көзі сексеуілдің шоғындай жайнап тұр екен өзінің… — деді. М.Әу. ~ Бірақ, тағы да бірақ не – алқызыл күн сексеуілдің шоғындай жайнай шығып, шың басынан төккен сарғыш саулесі оның бойына жылылық бағыштады. Ж.Шәк. ~ Алпамыстың өзі де көрген жанның көңілін толтырып, сексеуілдің шоғындай жайнап өсіп келе жатыр еді. А.Сей. ~ …керек жерде кәдеге жарататын ақыр заман ылпың–жылпың қулығы, нар жығар қаруы мен өткір, сексеуілдің шоғындай әмісе жайнап тұратын көзі аса таңырқатқан–ды. О.Бөк.

Posted in

СЕМІЗ СӨЗ

Құр дандайсу, жөнсіз мақтану. ~ Алары не? Көші-қонда көлік береді. Оның аты — бай, аузында семіз сөз: -Далаға қаңғытып, жалғыз лашықпен тастамай, алты ай жаз өзіммен ілестіріп алып жүрдім, асырап шықтым, — дейді. М.Әу. ~ Қасындағы екеуінің күдігін сейілту үшін Хакім Құныскерей жөніндегі халық арасына таралып кеткен лақапты артық айтылған семіз сөздерден арши бастады. Х.Ес. ~ Бай аузында семіз сөз. М.-М.

Posted in

СЕКСЕУІЛДІҢ ШЫРПЫСЫНДАЙ (САУСАҚТАР)

Тырбиған, ебедейсіз, жіңішке. ~ …зергер аяқ-қолын алдына сыйғыза алмай жүрген мынау ерең-серең жігіттің сексеуілдің шырпысындай ебедейсіз саусақтарының арасына қыстырылған әнебір сиқыр таяқшаның ұшынан түсіп жатқан шимайларға қайран қалады. Ә.Кек. ~ Қолы илікпей, буындары бартиып ісіп кеткен. Әсіресе, сексеуілдің шырпысындай секейіп-секейіп тұрған саусақтарды бір-бірлеп үрлеп еді; бірақ іштен шыққан демнен жылы нышан сезілмеді. Ә.Кек. ~ Сырға ыңырсып қозғалды. Сексеуілдің шырпысындай жіңішке әлсіз саусақтарын дірілдетіп ауа қармап әлдене іздеді. С.Ел.

Posted in

СЕМІЗДЕН (СЕМІЗІНЕН) ЖАРАҒАН

Жақсы күтімде болып, бабына келген. * Жылқыда Қараша балаларынан өзі мықты, өзі жау түсіргіш Абылғазы бар. Ол семізден жараған аяңшыл қара ала атқа мініп, қатқан қара сойылын ерінің алдына көлденең салыпты. М.Әу. * Жасы отызға кірген, алты баланың анасы болғанмен, Айғанымның сымбатты денесі толыққанмен жалпиып семірмей, арғымақтың семізінен жараған бедеудей жұп-жұқа боп ерекше сұлуланып кеткен. С.Мұқ. * Тінібектің үйіне семізден жараған үш сәйгүлікті пәуескеге жегіп келіп түскен сері қыз – Салтанат болатын. М.Әу. * Ол семізден жараған аяңшыл қара ала атқа мініп, қатқан қара сойылын ерінің алдына көлденең салыпты. М.Әу. * Салтанатты төртеу де аяңға түсті. Күн ыстықта көлікті көп қысуға болмайтын еді. Онда семізінен жараған аттарды қызылмай қылып құртады. З.Шүк.

Posted in

СЕЛДЕЙ АҚТЫ

Молынан төгілді, лақ етті. ~ Анау жатқан өлкені Өрлей қонған ел еді, Өлкенің суы сел еді, Селдей аққан мал еді, Белдеуде тұрған кер басты Екі енеге тел еді. Ж.Айм. * Әзима апай жігіттің жан дүниесіндегі алай-дүлейді елемеді, қарыштай жөнелді. — Отау жайын ойлайтын жасқа жеттің, қарағым… Осы төңіректе сөз селдей ақты. М.Қаб. ~ Гулесіп азаматтар көшкен елдей, Ағызды сөздің майын аққан селдей. — Әттең-ай! — деді сонда Әбдіқапар, — Әліби қалған екен нағып келмей?! С.Тұрғ.

Posted in

СЕН БІР ТӨБЕ, ОЛАР БІР ТӨБЕ

Басқаға қарағанда маңызы ерекше, жөні басқа д.м. * – «Әй, Абылай, Абылай! Мұнан бұрын жолдастыққа мен қандай едім, қасыңдағылар қандай еді?». – Сен бір төбе, олар бір төбе еді. А.Байт. * Ерназар оған: — Сенің сегіз қызың бір төбе, Кенжекейің бір төбе болса, менің сегіз ұлым бір төбе, Төстігім бір төбе еді, Кенжекейің Төстігімдікі болсын – дейді. "Ер Төстік". * Үйдегі бүкіл ауыл адамдары бір төбе де, Ырысбек өзі бір төбе, байқаусызда қаз, тауықтардың арасына кеп қонақтап қалған қыран бүркіт сияқты. С.Мұр. * Керімбайдың кіндігінен тараған өзге балалары Сағымжан, Сүйежан, Әбдірасылдар бір төбе де, Демежан бір төбе. Қ.Жұм.