Көңілі түсті, ризашылығын білдірді. ~ Әсіресе бұлардың бажайлағысы келетіні: Келіншек таудан келген қоңыр аттың Шаң тимесі, Әулиеатадан келген ысытының қайсы аяғы. Иіні келсе, Шоңбай құдасының Торы алаяғының да сауырын сипап өтпекші. Т.Әл. ~ Үзеңгісін қысқартып, тартпаларын нықтап тартты. Бәрі де сәйгүліктерінің сауырын сипап, жонын қағып, мәпелеп жүр. Шабандоздар сайланып біткен. Б.Мом. ~ Араға Жамаш түсті. Ол сипаңдап, қипаңдап, тарпан шалдың сауырынан сипағандай болды. Т.Әл.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
САЯҚ ТІРЛІК (КЕШТІ)
Елден алыста, жұрттан бөлек өмір (сүрді). ~ Бұған бұйырғаны саяқ тірлік. Кезбелікпен өтіп жатқан ғұмырында нендей мағына бар? Өткенге өкінген- нен басқа қолынан не келеді. Ө.Кәр. * Тайганың тағысындай саяқ тірлік кешкен Қызылкөз бес үйлі займкеден басқа отан бар дегенді ойына алса нағылсын. Қ.Ысқ. ~ Жолаушы қам көңіл болатын. Саяқ тірлікті еншілегелі де бірқыдыру. Қайран бұлғақтаған бұла күндер-ай! Ө.Кәр.
САУЫРЫНАН БАСЫП ЖҮРДІ
Мұқият таңдап, іріктеп алды. ~ Өріске шыққан қойдың иісін сезіп, желге қарсы тұмсығын төсеп, ішін тартып, жер тарпып, бет түзеп жота-жотадан қарауыл қарап, жортуылға шыққан қасқырдай, аш пейілді, жалаңқай саудагер боркемікті, батпан құйрықты албанды бекерге таңдаған жоқ. Сауырынан басып жүріп: семізі, момыны, тәттісі осы болатынын жақсы білген, әдемі таныған. М.Әу.
САЯСАТ ТҮЗЕДІ
Белгілі бір мақсатты көздеді. * Бірақ келушілердің көбі таныс ауылдың адамдары болып, шеттен қос ат жегіп, саясат түзеп келетін қонақ бұл ауылға жат еді. Ж.Айм.
САУЫРЫНАН БИТ ДОМАЛАП ТҮСКЕНДЕЙ
Күтімді, семіз. ~ Жылқыға келген апаттың сұмдық екеніне Нәшекеңнің көзі қоңыр айғырды көргенде жетті. Жайлаудан жалы жерге төгіліп, сауырынан бит домалап түскендей боп бара жатқанын көрген-ді. К.Қаз. ~ Дүрегей бірте-бірте бұл өмірге де көндікті, кешегі сабалақ жүнді жаман сары сауырынан бит домалағандай жуан сары төбет шыққан кезде қожайын арқасынан сипап: ─ Ал, Апай, сенің де бір іспен шұғылданатын уақытың жетті, — деді. А.Чех.
САУЫРЫНАН СИПАТПАДЫ
Жақындатпады, көңілі жібімеді. ~ Алматы — Астана әрі үлкен қала. Сондықтан болар, ана тілді жаулап алған орыс тілділер өктем екен. Ауылдар ана тілге алақабдан көрінеді. Орыс тілі сауырынан сипатпайды. Т.Рыс. ~ Кербұғының басын жерге салғаны тағ-дыр талқысы алдында біржола тізе бүгіп, тек қана аспандап, тек қана асқақтап жүретін тәкаппар кеуденің жер болғаны: кебік шашар тентек көңілдің кер болғаны. Ал жылдар бойы мүйізін берсе, сауырынан сипатпаған тұз тағысының осыншалық жуасуы — қор болғаны еді. О.Бөк. ~ Иса жарық құйылған шығар ауыздың табалдырығында тоқтап, маған бұрылды да, метр де сексен сантиметр қара бағанаға айналды. – Сауырынан сипатпады сабазың… М.Қаб.
САУЫРЫНАН СУ ТӨГІЛМЕС
Жүрісі ыңғайлы, жайлы. ~ Артықша, өзгеше көрінем деп сауырынан су төгілмес сәйгүлікті таңдап мінді. Д.Дос. ~ Бұрын Абай ақынның «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген насихатын тік көтеріп, құп алатын. Кабинада ол ойы нілдей бұзылды. Сауырынан су төгілмес машина айнытты. Әлгі кетікке жай саман кірпіш емес, күйдірілген қызыл кірпіш болып қалансам деп ойлады. М.Қаб.
САУЫРЫНАН СЫПЫРЫЛЫП ТҮСТІ (ҚАЛДЫ)
Ат үстінен құлап түсті, аунап кетті. * Жұманай көсе бір жаққа шықса иемдене беретін жуан сіңір ақжал айғыр екенін танып: «Тағы да қарсыласының бір сілтесінен қалмайтын жұқалтаң неме ат сауырынан сыпырылып түскен- ау, шамасы», деп ойлады. К.Сег. * Бойымдағы айқұлақтанып есірген нәпсі шоршыған байталдың сауырынан сырғып түскен кәрі азбандай сылқ ете түсті. Т.Сәу. * Қадап қойған сыпыртқыдай жиектегі белуарынан қарға қылғынған көктеректерді санамалап жылжыған жанары лезде шолақ көшенің сауырынан сырғып түсіп, ұшы-қиырсыз созылған ақ далаға тірелді. Т.Сәу. * Сауырық жақсы ат мінсе сауырынан сыпырылып қалама екен деп, алғашында қатайып-ақ отырып ем, жаңағы екі араға дәйекші болып келген қу жақ өзіммен құрдас неме еді: «Өй, ит болсаң, үлкен үйдің иті бол» демекші, сені кешегі Есімжанның баласы деп, ардақтап, қолқа салып отырған жоқ па, болыс туысың. Ж.Ахм. * Қырсығы шаш-етектен сол қыңыр қысты мына көктем, алтынкүрек көктем құйрыққа теуіп, ауладан айдап шығып, ақ бас таудың сауырынан сыпырып түсіріп, кішкене қаланың көшелеріне табан тіретпей, әйда, алыс-алыс қырға тырқыратып қуып барады. М.Қаб.
САУЫСҚАНДАЙ САҚ, ЖҰМЫРТҚАДАЙ АҚ
Еті тірі, сезімтал әрі сұлу д.м. ~ Шымылдық түрілген. Басына шәлі бүркенген Кәмшат түрегеп тұр. Өмірзақ домбырасын безілдете, беташарды бастады: — Айт келін-ау, айт келін, Атыңның басын тарт келін, Сауысқаннан сақ келін, Жұмыртқадан ақ келін. Т.Әбд. ~ — Жоқ, — деп, кемпір одан сайын қысып қояды. Ерназардың жаны шығып барады. — Оған разы болмасаң, Сауысқандай сақтығы, Жұмыртқадай ақтығы, Желбіреген желегі Жаңа түсіп келеді. Сегізінен бір дана, Ақылы асқан ол дана Кіші келінім Кенжекей, О да болсын сенікі, Бір әділ жан менікі, Жіберші мені, шешеке! — дейді. "Ер Төстік".
САУЫСҚАННАН (САУЫСҚАНДАЙ) САҚ
Секемшіл, өте сақ. ~ Жендетке қылыш қайрап дайын тұрған. Өлгені ит, есектің түнгі бір шақ, Мұндай шақ көп болады, сөзіме бақ. Құрылған тор-тозақтан құтылмасаң, Қарақтап сауысқаннан болсаң да сақ. БС. "Есекқырған". ~ Жетіншісі: — Сауысқаннан сақ болыңдар! — деп сыңғыр ете қалды. М.Қан. ~ Қырық шақты түп қарағаш, сол қарайлас жиде мүлгіген қыстаудың ашық алаңқай, қылта бұрылыстарын сүзіп, тінтіп шықты — Қарала көрінген жоқ. Сауысқандай сақ Голоножкин ат қораға тыққан шығар деп отыр. А.Сүл. ~ Кірпіктерін қайшылап, қанша қалқалайын десе де, қашанғысындай арасына ине шаншып қойғандай бағжиып, бақырайды да тұрды. Құлағы да сауысқандай сақ қалыпқа көшіпті. С.Үс.
