Сұрақ қойды. ~ Оны-мұны сұрағыштап отыр. Ол есеп беріп, бұл сауал тастап, біраз отырған. С.Сағ. ~ «Құлыптаусыз неге есіктер?» – дедім қартқа сауал тастап «Алатыны жоқ болған соң – әдірамды ұрғаның ба?» К.Мырз. ~ Баяғыда бір ғұлама қасындағыларға: “Дүниеде не қатты, не тәтті?” деп сауал тастапты. И.Сап.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
САУ БАСЫН САУДАҒА САЛДЫ
Басын әлекке салды; күмәнді іске ұрынды. ~ Сұмдығы сол — ол әпкемді тоқалдыққа алуға бел байлапты. Бұл жолда қыруар қалыңмал шашып, қара басын саудаға салудан тайынбайтынын айтып кетті. Б.Мом. ~ Алғызбаған жауға да, барғызбаған дауға да, Ел-жұртының сау басын салғызбаған саудаға. С.Им. ~ Бір нәрсеге көзім анық жетеді: "Әдебиет оқу кітабын" бүйтіп ағаш тілмен жазу, бәрін алғанда, оқушылардың сау басын саудаға салу, ары алғанда, күнә! М.Қаб. * Өзгенің қалтасын қақпасақ та, табыс жетеді. Өйтіп сау басты саудаға салмаңыз, отағасы. О.Сәрс. ~ Билікке ұмтылғандар қара халыққа қиянат жасайды. Досын сатып, жолдасын мансұқтайды. Махаббат үшін майдандасып және сау басын саудаға салады. Ө.Кәр.
САУАП БОЛДЫ
Жақсы ісімен Алланы риза қылды. ~ Барған соң Мырзагелді жездең сенің басыңнан сипай қоймас. Сиырсызқайтқаның да оңды болды. Біз сойып жеп қоятын едік. Жездеңе сол сауап болар еді. Ш.Мұр. ~ Иә жоқшылық пен қасірет пенделерді қандай жолға шығармайды.. Шаршағанға ұқсайды, байғұс. Шақырып, бір ұрттам су ішкізіп жіберсе, сауап болар еді. М.Кәр. Өзіне де сол керек деп табалау. ~ Апыр-топыр айғай-шудан камерадағылар дүрліге оянды. Шошынып,үрпиісе қарады. Ешкім ара түсіп, көмекке жүгірген жоқ. Әбден теперіш көріп зәрезеп болған бейбақтар қайта «шоқ-шоқ, сауап болды» деп отырғандай. Т.Сәу. ~ Сол керек, залым Жантас. Кірмегенің қара жер, сауап болды. Біреуді атыстырып, зымияндық ойлағанша, сабақ оқысаң болмас па еді.Бір ойым осылайша Жантасты табалап жетісіп жатса, екінші ойым төбемнен тас құлауын күткендей үрейлі халде. Б.Соқ.
САУ БАСЫНА САҚИНА ТІЛЕДІ
Пәлеге ұрынды; өзіне-өзі кесел сұрағандай болды; өзін-өзі дау-шарға ілектірді. ~ Осындай пенде шіркінді түсіну қиын. Қарап жүрмей, машақат тауып алатын өздері. Қайтесің енді, әркімнің көздегені әртүрлі. Әйтпесе, өзі де сау басына сақина тілемей, қаннен-қаперсіз теңкиіп жатпас па еді?!.. Б.Ыб. * Үкіметтің қырына ұшырап жүрген адаммен жұғысып, сау басына “сақина” тілейтін Айданақтың жөні жоқ-ау. Ғ.Біл. * Бұрын, «баланың дерті» деп қиналатын болса, енді сау басына сақина тілеп алды. Ғ.Слан. * … ту сыртынан әлдебір жат көз сығалап тұрғандай жан — жағына секемдене, жақтырмаған көзқарас тастап қойды. "Ақымақ неме!" — деді іштей. — Сау басына сақина тілеген есуас! Қ.Ысқ.
САУАТ АШТЫ
Білім алды, хат таныды. ~ Қағаз-қарындаштарың таусылып қалды ма? Жарайды, ала келермін. Онан соң сауат ашу жайларың қалай, — деді. С.Сей. ~ Ұлттық ауыз әдебиеті өз алдына қалды да бала бақшаның жаттанды тақпағымен сауат ашты. Қ.Ысқ.
САУ ЕТТІ
Оқыс жетіп келді. ~ Бір күні іңірде келіншегінің жанында домбыра дыңғылдатып жатыр еді, мылтығы бар 4-5 орыс сау етіп кіріп келді. Ұшып түре келді. Жүрегі тас төбесіне шықты. Ж.Айм. ~ Ертеңіне сау етіп он шақты солдат жетіп келді. Б.Майл. ~ Адырлы алқапты бтырай қоныстанған шоғырлы ауылға сау етіп жетіп үлгірген жасақтар, шулап, шұрқырап бтырады да кетті. Б.Жұм.
САУАТЫ БАР
Көзі ашық, азын-аулақ білімі бар. ~ Шіркін, сауаты бар адамға не жетсін, олар кітап та, газет те оқи алады!– деп еді, бергі шеттегісі оны іліп әкетті. Д.Ис. ~ Ауылдағы жастың бәрі жұмыста болған соң, сауаты бар қарияны ауылсәбет қоярда қоймай пошта тасытып қойды. С.Досж.
САСЫҚ БАЙ
Дүниеқоңыз, мал жинаудан басқаны білмейтін, сараң. ~ Аты бәйгеден келгенге мәз, талтаңдап төрге шыққанға қалпағы қазандай балатын көп сасық байдың бірі болудан жалығып, көңілі басқа бір шүйгіннен тоят іздеді. Т.Сәук. ~ «Мен баймын» деп көкірегін қағып, мақтанғаны болмаса пайдасын, игілігін керуді білген жоқ. Сол бір сасық байлар сияқты малды пайдасыз ұстаудың бізге қажеті жоқ. С.Бақб. ~ — Бұл кімнің моласы? — дегенде, жанындағылар: — Бәленше деген байдікі деп жамырай үн қатқан. — Ақ қаймаққа қылшығын қосып жеген сасық бай! Тірлігінде кісіге қайырымы тимеген сасық бай өлгенде ешкімді де желеп жебемейді. М.Ерш.
САУ ЖЕЛДІРДІ (ЖЕЛДІРТІП КЕЛЕДІ)
Бір қалыппен көсіле жортты. ~ Бір уақытта әлдеқайдан салт атты біреу сау желдіріп қыранға шыға келді. Т.Әл. ~ Міне, бұл жолы да Қасымбек екеуі — екі салт атты Семейден шығып, Шыңғысқа қарай сау желдіріп тартып келеді. З.Қаб. ~ Онда мен жаңылған екенмін,— деп, қатарымдағы аттарды сау желдіртіп келе жатқан көк айғырдың аяңына қарап едім, тежелген ой қайта шарықтап кетті де, көк тұлпарым алдыма келіп тұра қалды. Ә.Әб. ~ Жауға аттанған қарулы атты әскердей қатар түзеп, бірде жортып, бірде сау желдіртіп келеміз. С.Ом. ~ Түн жамылған үш атты сау желдіріп сай табаннан жазыққа шықты да, көкпекті қыратты бөктерлеп, Ақсуат қайдасың деп терістікке ат басын қоя берді. Т.Әбд.
САУҒА СҰРАДЫ (ТІЛЕДІ)
Жанын сақтап қалуды өтінді, жалынды; берілді. * Бораннан сауға сұрап қарағайлар, Жезөкше келіншектей бұраңдайды. М.Мақ. * Егер жаудан сауға сұрайтын сұмырай табылса, табанда атуға бұйырамын. Үрей салушыларға да әмір сол. Т.Ахт. * Сонда Нұрғаным орнынан ұшып тұрып Құнанбайдан сауға сұрап: – Жеті жаста қалған жетімің емес пе, кешсеңші. Аяушылық жасасаңшы, – деп ұмтылғанда оны: – Кет! – деп кеудесінен итеріп жіберді. Т.Жұрт. ~ … үшінші ойын — салым. Алғашқы екеуінен қызығы артық болмаса кем емес, жігіт пен жылқының белдісі шыдайтын, қиқудан көрі «сауға сұрары» көп, тартыстан көрі додасы мол ойын. Д.Досж. * Өткен күндер елесі қос тепкіге алып діңкелетіп, безгектен бетер дертке айналғанда осы Жайықтан сауға тілеп келмеді ме? Қ.Отарб.
