— Сәрсеннен қорқып келмедің бе? Өтірік деші? — Ұсқыныңа болайын… Сүріңе қарасайшы онанда. М.Сүн. О, жүгірмек өңкей… Бар, үйге кіріп сүртін. Анау шашыңды тара… Сені де үлкен, қолқанатым деп жүрмін-ау.Ұсқыныңа болайын. М.Сүн.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ҰРЫ САЙ
Қалтарысы көп, қалың бұталы жыра. Бәйге төбенің бауырындағы Нұрәлінің үйінен жеңіл машинемен шыққан ауыл секратары, Күнес өзенінбойлап, Қонжан көктеулігіне қарай көтерілген май жолмен тоқтаусыз зымыратып, Айдынбай отырған Боранбай сайына әп-сәтте жетіп барды. Өңшең қой тас, қызыл тас, ұры сай, жықпыл-жықпыл, қалтарысы мол жер екен. Т.Рыс. Бұл бір жер науаны, қуыс-қуысы, жасырынбақ тасы, ұры сайы мол Тарбағатай сілемінің шұрайлыпұшпағы-тын. О.Бөк. Сәл бір желпінген кеу-кеу, сол бір мақтаған қау-қаудың құлағына осы орнағаны орнағандай боп көрінген.Бірақ, көп ұзамай көзі жетті: жақсы атақ, абырой, даңқ жүрген жерде ауыл сыртындағы тасасы мол ұры сай жақтан жел солай аунағанда мұңкіп қоя беретін күңірсек иістей бір қолқаңды қабар сасық лақаптар да ілесе жүреді екен. Ә.Кек.
ҰРЫҒА ҚҰРЫҚ БЕРДІ
Қылмыскердің қолтығынан демеді; арам іске қолдау көрсетті. * Оспан болса, Оразбай мен оның айналасындағы ұрыға құрық беріп және сонымен байлық тапқан бірнеше жуан-содырды шет елмен ақылдастырмақ еді. М.Әу. * Құрық бердің ұрыға, Момынды алдың қырыңа, Малсыздарды таптадың, Малдыларды жақтадың. Д. Бабатай.
ҰРТ МІНЕЗ
Дөрекі, шәлкес мінез, нойыс, бір бет. Кешегі шотпақ қара, төбел таз, ұрт мінез күйеудің бұ жерде әп-әдемі, жібектей жатық жігіт бола қалғаны… Ж.Айм. — Сен күмпілдеме, ол ұрт мінез, жазым етіп жүрмесін. Ә.Шәр. Орысша семинария бітірген түгел қалаша киінген Тұрлыбек Есенейдей ұрт мінез, өр көкірек емес, заң шеңберінен шықпайтын, жегін аттай жортақы адам еді. Ғ.Мүсір. * Бүгін де көрдім, вокзал басында… Аянышты хал!.. Жігіт ұрт мінезді болса деуші едім. Сізде сондай мінез бар білем… Сізге жанымның ашығаны сонша! Ғ.Слан.
ҰРШЫҚТАЙ ДОМАЛАНДЫ
Анасы Күмісай ажарлы, орта бойлы ғана, ұршықтай домаланған етженді, ақ сары кісі. Қ.Ысқ.
ҰРТ СӨЗДІ (ТІЛДІ)
Ойына келгенін айтып салатын, шәлкес мінезді. * Қатипа бұрын бала көтермеген, сымбатты сұлу әйел екен. Қазір жылап, қазір күле салатын, тез иланғыш, жеңіл мінезді, ұрт сөзді, ақкөңіл кісі болып шықты. Ғ.Біл. * Ежелден ұрт тілді, қыңыр міңезді, жолдастарымен ылғи ерегесіп жүретін ол бұл жолы да кемшілігін құп алған жоқ. Е.Мұх.
ҰРШЫҚТАЙ ҮЙІРДІ (ДӨҢГЕЛЕТТІ)
Әлдебір жұмысты оп-оңай іліп әкетті; еңбегі жанды. ~ * Мырзабектің ауыз байлығы болмаса, қызды ұршықтай тез үйіріп әкететін өнері болмайтын. Лөляға оның қолын жеткізген адам — құрдасы Қасым. Әне ол бір көргенде -ақ, қызды құйындай үйіріп әкетеді. С.Мұқ. Жеңгемнің қимылы менен гөрі ширақ та тегеурінді. Мені сілкиді де аяғымды жерге тигізбей ұршықтай үйіріпәкетеді. Б.Соқп. Мырзабектің ауыз байлығы болмаса, қызды ұршықтай тез үйіріп әкететін өнері болмайтын. Лөляға оныңқолын жеткізген адам — құрдасы Қасым. Әне ол бір көргенде -ақ, қызды құйындай үйіріп әкетеді. С.Мұқ. Пах! «Кесте тігеді, киіз басады, сөйтіп шағын бизнесін ұршықтай дөңгелетіп отыр, әнекей!» деп нанға май жаққандай адамның жүзі шыдамайтын қайдағы-жоқты жылпылдатып жібермесе не қылсын! Бұлардан ондайларды да күтуге болады. Қ.Жиенб. Оны түбінен қопарған томардай дөңгелетіп ұршықтай үйіріп жықса да, бұлт-бұлт етіп, аунап түсіпЖолдыбайдың астында жатпай қойды. Т.Рыс. Азамат… Жарайсың. Ыраш та зерделі. Машинаны ұршықтай иіріп кеткен жоқ па? М.Сүн.
ҰРТ ТОЛТЫРА СӨЙЛЕДІ
~ Онымен ағайынды екі азаматтың жомарт атағы жайылмады. Бұрын Мәші-бай, Ашақ-сал дегенді ұрт толтыра сөйлейтін былайғы ел енді екеуіне бір-ақ ат, бір-ақ айдар тақты: есуас! Ж.Нәж.
ҰРШЫҚТАЙ ҮЙІРІЛДІ
* Көңілі кенет бет ажарына ауған Нәргүл қолындағы көйлегін тастай беріп, шар айна алдында ұршықтай үйірілді. Р.Рай. ~ — Сіз боссыз, — деді ол осыдан кейін. — Мен ұршықтай үйіріліп, кейін бұрылдым да, аяғымды дік-дік басып, генералдың кабинетінен шықтым. Жарай ма осы деталь? Б.Мом. ~ Қозғалыстың, қимылдың барлығы да жылпың қағып, ұршықтай үйіріліп, танымастық тездікпен құлдырап тұрған сияқты. М.Әу.
ҰРТТАП ІШІП, ШАЙҚАП ТӨКТІ
Дәурені жүрді, өмірдің қызығына белінен батты. ~ Содан не керек, екеуі қол ұстасып ала қыстай қыдырды. Жұбын жазбай бозбала шақтың баз қуанышын ұрттап ішіп, шайқап төгісті. Ә.Асқ.
