Айтқанына көндіріп алды, қалауынша биледі. ~ Қу мен сұм биледі Берекелі байымды, Бәрімізді ұндай иледі, Сіңіртпей ішкен шайымды. Күйдірген соң шыдатпай, Көре тұрып жайынды, Кім айтады, мен айтпай, Сендерге енді уайымды?! Шәкәрім.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ҰНЖЫРҒАСЫ ТҮСТІ
Көңілі болмады, көңіліне қаяу түсті. * Енді не қылу керек? Амал құриды. Соқыр иықтап қалмады. Додайдың ұнжырғасы түсті: Ағатай- ау, шөпті бітіргенше аялдасайшы! .. — деп жалынғаннан басқа айтары болмады. Ж.Айм. * Ұнжырғасы түскен Қисықмойын қайтып келгенде, үйінде отырған құдайы қонақты көрді. Т.Әлімқ. * Қараштың мына кейпін көрген соң, әлде өткен жолы беті қайтып қалған ба, ұнжырғасы түсіп кетті. Қ.Жұм. * — Мен… мен Василий Сергеевичтің пәтерін жалдап… Сонда тұрам, — деген Балтаның көзі жыпылықтап, мынандай сұлу періштенің алдында өзінің әлдебір пәтерші ғана болғанына кінәлі жандай ұнжырғасы түсіп кетті. С.Смат. * Қабатов қағытқан ұландықтардың ұнжырғасы неге түсіп жүр? БАҚ
ҰПАЙЫ ТҮГЕЛ
Есебі дұрыс, өз есебі өзінде; ештеңеге алаңдамаса да болады д.м. * Шипасын салып Балайым бас көтерер, от басы аман болса, отағасының ұпайы түгел. С.Смат. * – Қазірет қалай, жүріп жатыр ма? — деді ол мешіт жақты иегімен нұсқап. – Е, ол кісінің ұпайы түгел ғой. Қазір бір «аллауакбары» бір қой боп маңырап тұрған жоқ па, — деп Бабалық қулана күлді. Қ.Қаб. * Енді аспандағы алтын жұлдызды колға бір қондырса, Жәкеңнің ұпайы түгелденеді. Қ.Жұм.
ҰПАЙЫН ТҮГЕНДЕДІ
Қара басының қамын күйттеді. * «Саудагер сарттың мақсаты көтеріліс емес, өз құлқынын толтырып ұпайын түгендеу ғой. Жегенді жек көрсе байқап көрейік» десіп, Қожанияздың қолына бір мың қой, жүздей жылқы айдап әкеліп берді. Ж.Шәк.
ҰР ДА ЖЫҚ
Шәлкес мінезді, қит етсе жұдырығын ала жүгіретін, әпербақан адам. * Бірдеме ойлап кідірем-дағы, санақшылар қинамаса болғаны. Олардың ішінде құдай ұрған ұр да жығы болады, баяғының белсенділері секілді, қырып кете жаздайды. Д.Досж. * Жәнәділ салпы ауыз қара. Шыңғыс нағашы жұртына тартқан ақсары, шегір көз. Төре тұқымының жанжалшыл, ұр да жық мінезінің бәрі де бойына біткен. І.Ес. * Мұны ұр да жық біреу астына алып соғып, илектеп жатса, інісі жүгіріп барып атасы мен әжесіне айта қойса… М.Қаб. * Олардікі — іс білмейтін осындай ұр да жықтар тізгін алып, былықтыра берсін, тоздыра берсін іштен; тұралаған колхоздан ертең жұрт екі қолын төбесіне қойып өзі-ақ тозтоз боп қашады деген жіңішке есеп. Т.Сәу.
ҰР КӨППЕ
Мақтаншақ, бқспе, кеудесіне нан піскен пасық. ~ Бұл шоғыр, тұтас, құйқалы қалың отырған жерлері! — деп, үй ішінде қымызға қызып алған ақсақал, қарасақалды, би-болыстарды, аңқылдақ, мақтаншақ ұркөппе байларды "қазақ не деген көп еді", "қайдан білген", "шіркін, білсең осылай біл!", "қазаққа ие болған, қамқор болған кісінің жиғаны ғой мынау!" — дегізеді. М.Әу. ~ Сілтідей Сарыарқаны тиған тұлпар, Бәйгені бұл аста да берем-дей ме? Иесі Батыраш бір кеппе кеуде, Ұр-көппе, томырық мінез, намыс берме; Осы аста сағы сынып, бағы тайса Ол өзін дап-дайын тұр «өлдім» деуге. І.Жанс. ~ Бұрын Ырғызбай ішін кернеп жүретін қаукөрік сөздер, ұр-көппе желіктер де саябыр. М.Әу. ~ Әлгі, шолақ ойлы, жеңілтек аудармашылардың: «біз ұлт ақынын қолдан жасаймыз» дейтін ұр көппе сөзі де осыдан туады. М.Әу.
ҰР ТОҚПАҚ
Қит етсе жанжал шығарып, төбелеске дайын тұратын адам туралы. * Әлсіздердің ақылы емес, қызметі керек. Мәселен, Алшағыр ұр тоқпаққа жарап қалады. Ал Елтайдан сақтану керек. М.Қаб.
ҰРАН-СҮРЕН ШАҚЫРДЫ (САЛДЫ)
Жауды үркіту мақсатында шу көтеріп, ұрандатып, атой салды. ~ Ауыл да жатыр еді сапырылып, Үстіне жылқы түсті жапырылып. Артынан умақ-шумақ жау да түсті, Айғай-шу, ұран-сүрен шақырылып. БС "Он сегіз". ~ Сонан соң хан бұл атты қалмақ қорыққанынан қойды ғой, енді сіздер шапқан уақытта „алашы-алашы" деп ұран-сүрен салыңыз деп бұйырып, бұларға айғай салғанда көп жанның айғайымен „алаш-алаш" деп кетіпті. Сондықтан „алаш-алаш" болғанда, Алаша хан болғанда, қалмаққа не қылмап едікдеп, алаш ұранды қазақ атанған себебі сол екен. Абай.
ҰЛЫ СҮРЕҢ
Үлкен дүроігіс, сергелдең. * Ал, өзім капитанмын. Армияда бұрын да болып едім. Ұлы сүрең шыққан күні-ақ шеру тартып жүріп кеттім. «Ер басына күн туса — етігімен су кешер» деген ғой. Ғ.Слан.
ҰРАН САЛДЫ
~ Осынау оңтайлы сәтті орайымен пайдаланып қалғысы келген Кетбұға қолбасшы қылышын қынабынан жарқ еткізіп суырып алды да: – Алға! – деп айғай салып, ұран сала шаба жөнелді. Шайқасқа кіру туралы дабыл қағылып, керней тартылды. Д.Рам. ~ Жаңағы бір күндей күркіреп, қалмақтардың апшыеын қуыра, естілген Орта жүздің ұраны болатын. Атойлап ұран салған Алпамыс еді. А.Сей.
