Еркеледі, артық кетті. ~ Нөкері: «Келген сол Кенесарының өзі!»— десе, «Шырағым, жылағысы келген бала әкесінің сақалымен ойнайды. Ұлытауда хандығын тойлап жатқан Кенесары құс болып ұшып келмесе, қайдан келеді, ойыныңды қой!»—деп ақырыпты. І.Ес. ~ Ісләмдік Әли-бей Тәтті өмірге бөленіп, Көп әйелдің ішінде Отыр балқып кенеліп. Біріншісі назданып Сақалымен ойнайды, Екіншісі еркелеп Шашын сипап қоймайды. Г.Гейн.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
САҚАЛЫ САПСИЫП
Кәрі жасына жараспайтын қылық туралы. ~ Күрек тымақ бас иіп Ақ сақалы сапсиып Бір жағынан сөйледі: «Алыс жерден жол келген Алты жасар балаға Алпыстағы шал келген… Оң батамды берейін, Өссін, балам мерейің!» Ж.Айм. ~ Оның бар айтқаны да:- Мына iнiлерiң бiрiне бастау кезегiн бермейсiң бе? Сақалың сапсиып қашанғы алға түсе бересiң! – деген-дi. М.Әбдіх. ~ Сақалы сапсиып, қыздармен шекемтас ойнағанының өзін жұрт сырттай келеке етуші еді. Т.Әл.
САҚАЛЫ САЛА ҚҰЛАШ
Ескі, күні өткен жәйт туралы. ~ «Егер жоғарыда аталған тоғыз әріпті әліпбиімізден алып тастасақ, 42-нің орнына 33 әріп қалады», — дейді. Бұл ұсыныстың да сақалы, мен білсем, сала құлаш. Г.Бельг. ~ Ауданнан Қарасуға дейін құшақ жазыспай келген ақ құба қыз бен сақалы сала құлаш жігіт те Аққойыннан табылды: келер аптада бас қосып, өз алдарына жеке шаңырақ көтереді. М.Қаб.
САҚАЛЫ ҚУДАЙ АҒАРДЫ
Әбден қартайды. ~ Боранқұл сақалы қудай ағарған бұл аруақ Қорқыт баба екендігін ишаралап үлгіргенше, ғазырайыл гүрзісінің астында сар желіспен келе жатқан патшалар тобыры жақындап қалған еді. Ғ.Біл.
САҚАЛЫ БЕЛІНЕ (БЕЛУАРЫНА) ТҮСКЕН
Жасы жетіп, шал болған, қартайған д.м. ~ Сақалы беліне дейін түскен орыс соқаның үлкен, өткір пышағының артында жалаң аяқ жүр. С.Дос. ~ Жастарды жас делік, ал сақалы беліне түскен Жапабай шалға не жорық? Басы таз…— деп еді, таздың жаманы жата қалып ат үркітеді деп еді, сол рас болмағай. Қайдағы бір жыр-мыр деп, екі жігіттің қолтығына су бүркіп отырғанын қарашы! М.Қаб. ~ Сақалы белуарына түскен, сексен жасар Бейсенбай қарт пен жетпіс алты жасар, сақал– мұртын қырып жүретін, жігіттей жинақы жүретін Пірәли қарт тос түйістіріп, құда болуға уәделесіпті. Ә.Тар. ~ Үйдің тура ортасында сақалы белуарына түскен, шамасы жетпіс жастан асқан шал аппақ дамбал– жейдемен лаулай жанған оттың алдында көзін тарс жұмып, ерні тоқтаусыз жыбырлап, күбір– күбір етіп отыр. Қ.Мүб.
САҚАЛДЫ ҚОЛДАН БЕРДІ
Ұятқа қалды, абыройдан айрылды. ~ Соның арасында пойыз орнынан қозғалып, жүріп кетті. Бар болғаны біздің станцияға үш-ақ минут тоқтайды екен. Сақалды қолдан берген кісідей қалшиып тұрдық та қалдық. Ш.Айт. ~ Тек осы кезде ғана шеткі үйдегі карта ойыны доғарылған. Асылбек, Мүсірәлілер тәлтірек қағып, есеңгіреп, сыртқа шықты. Екеуінің де көзі іріңдеген. — Олжалысыңдар ма? — деп сұрады Орал ат үстінен. — Сақалды қолдан беріп, сымпиып шықтық— деді Мүсірәлі есінеп. Т.Әл.
САҚАЛДЫ БАСЫМЕН
Жас үлкендігіне қарамастан д.м. ~ Әзір арсыз болса да, Қасымның бетінен оты шықты. Қайтсін: бәрі де сақалды басымен мойын салып отырғансын… Ж.Айм. ~ Қап, итттің баласы-ай!.. Сақалды басымен Тәкең өлердегі сөзін айтқан соң алып ем, мұндай делқұлы екенін қайдан білейін. Т.Сәук. ~ Жігіттің кінәсы жоқ, – деді шал қалам- қағазын сайлап, жауап алып отырған аға сержантқа. – Мен бәрін көрдім, жалғыз куәң – мына мен. Пайғамбар жасына келгенде сақалды басыммен жалған айта алмаймын. О.Бөк.
САҚАЛ СИПАП ҚАЛДЫ
Алданып қалды, сазға отырып қалды. ~ Мұндай тұста қасында бас-көз болып отырмасаң, ұйтқыма жел бір үйіріп кетсе, сақал сипап қалуың оп-оңай. Малдан айырылғасын ханның бәсі де соқыр теңгешік. Ә.Кек.
САҚАДАЙ САЙЛАНДЫ (САЙЛАДЫ)
Қару-жарағын барынша жарақтап, әзір қылып қойды; дайын тұрды. ~ — Ұмтыл, қаптат елдi! Ойран ет! — деп, есiктен өзi де жүгiре шықты. Тыстағы Дәркембайлар, әлдеқайдан, қысқа шоқпар, дырау қамшылар тауып ап сақадай сайланып та қалған екен. М.Әу. ~ Үшеулеген бұлар өздері де бұқпантайлап, тіпті еңбектеп тағы бір қалыңға жетіп аялдасты. «Кәне, мылтықтарыңды кезеніп, сақадай сайланыңдар» деді Бұлғақбай. Ұ.Досп. ~ Суық хабарды естіген Бөлен жайлауда шоғырланып жақын отырған елден жүз жігітті сақадай сайлап, атқа мінгізді. Ә.Шәр. ~ Жау жарағын сақадай сайлап, мұздай темір құрсанып, жортқанда жолым болсын деген ниетпен Байшұбардың мойнына тұмар тақты. А.Сей. ~ Қос сапысын сақадай сайлай кеткен тәнсақшысына: «Рауан!» деп Матаби алақанымен тоқтам көрсетті. Н.Ауд.
САҚАДАЙ САЙ ТҰРДЫ
Бес қаруын дайындап, ұрысқа әзір тұрды. ~ Өтеп келгесін, мүмкін, Мәліктің жігіттерімен тізе қосу үшін қайта көшуге де тура келе ме. Біз қайтқанша сақадай сай тұрыңдар деп еді. А.Сүл. ~ — Көмек қажет бола қоймас, — деді Ломбард. Бірақ жаман айтпай жақсы жоқ, сақадай сай тұрыңыздар. Қатты жұлқып қалсам, тартыңыздар. А.Крис. ~ «Альфа» тобына дабыл қағылған. Сарбаздардың сақадай сай тұрғаны сөзсіз. Т.Әлж.
