Posted in

САҚАЛЫНЫҢ АҒЫНДА

Сақалың ағарған шал болғанда д.м. ~ Айт, өзің, осы сақалыңның ағында мынау Ыдырыстың мойнымда бір сабақ жібі жоқ еді деші, мына билердің алдында? Сенен сұрағанын мен-ақ берейін!..— деді Шалматай. І.Жанс. ~ Қақпандай қатты сүйегің Етімнен тастай өтеді-ай! Өміріңнің шағында, Сақалыңның ағында, Сабыр қылсаң нетеді-ай!  БС. «Болат, Жанат».

САҚАЛЫНЫҢ АҒЫНДА, ӨЛЕРІНІҢ ШАҒЫНДА

Әбден қартайған кезінде. * Алтыннан шүмек ойдырдым, Күмістен түбек қойдырттым… деп Би Едіге — Ер Едіге айтқандай, кім баласын үлде мен бүлдеге орайын демейді? Кім баласының арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, Аплотондай ақылды, Жиреншедей нақылды болғанын сақалының ағында, өлерінің шағында үйде ырыс, түзде өpic болғанын тілемейді?   Ж.Айм.

Posted in

САҚАЛЫНДАЙ СЫЛА ӨСІРДІ  

Мәпелеп, жақсы күтіммен бағып-қақты. * Әйтеуір фамилиям Ақпанов, атым Қасым-бек, алдымен заңға қатысты жансыз ғой, осыған иланыңыз. Сонсоң атам (Ақпан) мені сақалындай сылап өсірді . Ж.Нәж.

Posted in

САҚАЛЫНА НАРКҮМІС ЕНДІ

Сақалына ақ кірді. * Кер айғыр мінген біреуі — сақалына наркүміс енген, сұлу мұртты, нұр сипатты кісі екен. Б.Тоғ. * Сақалына наркүміс енген кісінің аты — Сейфолла екен. Мұртты жігіт Жұмақаспын деді. Б.Тоғ.

Posted in

САҚАЛЫН СЫЙЛАДЫ

Жасы үлкен адамға ілтипат көрсетті. ~ Және Бурабай Керімбектің әкесі Әнкежанның заманында ат жалым тартып мінген азаматтың біреуі болғандықтан, сақалын сыйлау тағы бар. Ж.Ахм. ~ Ә, солай екен ғой. Ендеше қарттардың сақалын сыйлаңдар. Біз қолымыздан келгеннің бәрін сендерге сарқып бергенбіз. Бір кезде қат танымасақ та кәмөнес болғанбыз. Қ.Ысқ. ~ Олар да көкірегі ояу, көзі ашық азаматтар ғой, ақ сақалын сыйласа да бір кесімді пікірін айта жатар… Ә.Асқ. ~ Саған тағылар бірінші айып осы болмақ. Жасынды сыйлап, басыңды сыйлап, сақалды сыйлап қол көтермеген адамға таяқ жұмсағаның қай сасқаның, Аққұл? Үлкендігің осы ма? Саған тағылар екінші айып осы! Б.Мом.

Posted in

САҚАЛЫН САУМАЛАДЫ

Сақалын сипай берді. ~ Арқаны кеңге салып, өтірік те болса құла шайды көсіле сілтеген Әбдіжапар қыздың тік сөзінен тосылып не істейміз дегендей Бекетті иығымен қағып еді, ол шіркін ымға да, дымға да түсінбей, аят оқыр молдадай бұйра сақалын саумалап мыңқ етпей отыра берді. Қ.Ысқ. ~ — Сақтық та соғыстың бір түрі, — деді сонан соң сақалын саумалап. — Егер сенсең, мұны анықтауды маған тапсыр. Асықпай-саспай сұрастырып, жазға дейін бір біліп берермін. Б.Нұрж. ~ Осекең сақалын саумалай тарап, түнере отырып қалды… Аққұба жүзі бірде күреңітіп, бірде қуқыл тартты. З.Жек. ~ Сақалын саумалаған қарттар мен қарқарадай кимешектерін күн өпкен әжелер клубтан әкелінген орындықтарға жайғасты. Басқа ірі басты адамдар отындық бөренелерге қатарласып аяқ суытты. Ж.Кем.

Posted in

САҚАЛЫН САУДЫ

Cақалын сипаланды. ~ Маңырақтың болысы алпыстың ішін еркін аралап кеткен Мәмбет мырза сәндеп қойған шоқшасақалын сауып отырып: — Әй, інім, сабыр! — деген. — «Сабыр түбі — сары алтын»… К.Сег. ~ Сапырып берген сары қымызды дем алмастан тастап жіберген Зүкең бес тал сақалын сауып тастап Отағасына бажырая қарады. Қ.Ысқ. ~ Жұрт жағасын ұстаған. Ақсақалдар амалсыз сақалын сауып: — Бұл келіннің бетіне енді қайтып бірің тіктеп қарамаңдар, — деп кесім айтқан. Сонан бері жалғыз ұлын жетелеп жеткізіп еді. К.Жүн.

Posted in

САҚАЛЫН САТТЫ

Кәрілігін бұлдап, пайда көргісі келді. ~ Үйдің іші-тысындағы тіршіліктің бәрі де бас қолбасшының бұйрығымен істеліп жатады. Бұл беделге атам қартайған¬ жасымен қарадай болған сақалын сатып, сол арқылы жетіп отырған адам емес. Б.Соқ. ~ Дұрыс-ақ айтқан екенсіз, Дулат баба! Біздің де бүгінгі аужай осы. Күнәға батқан қыртта, сақалын сатқан қартта ұят пен ынсап болушы ма еді?! И.Сап.

Posted in

САҚАЛЫН ЖҰЛДЫ

Зарланды, жылап-сықтады. ~ Әкем мойнымнан үдере құшақтай алды. Еңіреді, егілді, өксіп- өксіп жылады. Жыпжылы жасы бетіме бұлаудай парлады. Өз көзіне өзі нанбай, біресе құшып, біресе құлағын салып, біресе сақалын жұлып, күрсілдеп, солқылдап, ышқынып еді кеп-кеп… Ж.Айм. ~ Ары өтіп, бері өткенде бір аят құранын қимаған бабасының моласына дейін таласып, ата жұртқа еншілеспін дегенді мойындату үшін: анау жерде пәленшемнің сүйегі жатыр, мынау жерде түгеншемнің мүрдесі бар деп бірі көзіне жас алды, бірі сақалын жұлды. Қ.Ысқ. ~ Баяғыда Сәрсенбі жарықтық, жатқан жерің торқа болғыр, сақалын жұлып, бармағын шайнап: «Мен өлгенде кім жылайды? Артынан жаны ашып жылаған адамы болса, шын дүниеде, таң мақшарда құдайдың мейірімі түседі екен. Мен өлгенде кім жылайды?» —  деп өкіргенін өзім көрдім.

Қ.Ысқ. ~

Қосқаттың асты терең сай еді. Күрбек сол биіктен бұта- бұтаны қармай, тіке төменге құлдилапты. Қабыл қасына жақындағанда сақалын жұлып айғай салып жылап отыр екен. Ү.Жәл.

Posted in

САҚАЛЫН ЖУДЫ   

Егіл-тегіл жас төкті. * Әжекеңнің өзі екі қыз ұзатқан. Екеуіне де қатты қайғырды. Әсіресе, соңғы, кенже қызынаттандырғанда сақалын жуып жылаған. Онысы ойынан шығып кетті. Ж.Нәж. ~ — Үһ!.. — деді ауыр күрсінген шал. — Естірткенмен үға қоймас, онсыз да ұлының қазасын естіп есі ауып қалды. — Көзінен аққан жас сақалын жуды. Қ.Мүб.  ~ Мынау менің қызым, осындай кеселге шалдыққанына жеті жылдай болды, жазып берсеңдер, осы қызды мына Нәдірге қосайын, сендер де балам болып қаласындар — дейді, шаншар Қызыл бидің көз жасы сақалын жуып. АҚ  («Арпалыспен…»)

Posted in

САҚАЛЫН БҰЛДАДЫ

Жасы үлкендігін алға тартты, құндады. ~ Ортамызға түскен олжа ат төртеу. Осылардың таңдағанын сіз алыңыз. Әбеке, ішіміздегі ақсақалымыз сіз ғой, — деді. -Жоқ, қарағым Сатан, менің осы жолда олжаға үлкен болып сақал бұлдар жайым жоқ, таңдау сенікі… І.Жанс. ~ «Ағашың шіріп жатыр екен» деп бастықтардан бұларды сұрар болса – сақалын бұлдағандай көреді тағы. Ондайға Бекеңнің намысы жіберсін бе… Ә.Асқ. ~ Қызда – қауіп, бұл күнде ұлда алаң бар, Түлкі заман бүлкілін кім бағамдар? Ішігінің астарын індетіп жүр Інісіне сақалын бұлдағандар. Ж.Ерм.