Posted in

ШЫРАЙ ТАНЫТПАДЫ

Жақтырмады; түсін бермеді. * Дегенмен, найзаңа ілікпейтін, қылышың кеспейтін мына жел деген пәленің осынша жын ойнағына зығырданы қайнап та келеді. Сонда да, тоқтаймыз ба, қайтеміз дегендей, сары күймені айнал соқтап, қайта-қайта келе берген қол басыларына еш шырай танытпаған-ды. Ә.К.

Posted in

ШЫР БІТТІ

Оңалды, жағдайы түзелді, тұрмысы жақсарды. ~ Жаз еді, жайлау еді. Елге келгелі Дарханға ептеп шыр біте бастап еді. О.Бөк. ~ Қарақатын қаданы білдірмей есік алдында жатқан отынның астына тыға салды. — Мәку-сәкуді қой да үйлен. Шүйкебас алмай шыр бітпес деген,- деді Дос дүңкілдеп. Ә.Нұрп. ~ Далаға шыққан соң, қыдырт деді. Қиналғанына қарамастан, өзін-өзі зорлады. Ақыры қатып, қаңсып қалған қу сүйекке қайта шыр бітіп, ол жіпсігендей болды. М.Әбдіх. ~ Адамға шыр біткенде алдымен араны, тәбеті ашылады екен ғой. Торғай көжеге тойып қалатын Жолбасар да, мен де қазір тамақсаумыз. Д.Қуат. ~ «Алма піс, аузыма түс» деп, шырпы басын сындырмай шалқадан сұлап жатып алатын кержалқау мен құнтсыз езге қашан шыр бітіп көрген? Т.Сәу. ~ Тіліміздегі шыр бітті, шыр бітпеді деген тіркестер жеке адамдар мен хайуандарға қарата айтылады да, малдың ет женділігі мен етінің ояздығын, қызылды-қызылсыздығын, семіз-арықтығын, сөлді-сөлсіздігін, қоңды-қоңсыздығын, өңді- өңсіздігін, шырайлы-шырайсыздығын білдірсе, адамның барлық-жоқтығын, бай-кедейлігін, дәулетті-дәулетсіздігін, малды- малсыздығын, аш-тоқтығын білдіреді. Демек, «шыр бітті» деген сөздің барлыққа, «шыр бітпеді» деген сөздің жоқтыққа жауап беріп тұрғаны өз-өзінен белгілі. Ж.Баб.

Posted in

ШЫРАЙЫ ЖАҚСЫ

~ — Патша заманында ұлықпен шырайы жақсы әр рудың бір шошағы атқа мінеді екен. Сол сияқты қазір де Нұрсұлтанның төңірегі билеп жатыр. Т.Рыс.

Posted in

ШЫР ЕТКЕН

Жаңа туған сәби; нәресте. ~ Қасаңбаймен Әутәліп ақсақал төңірегінде ауылда көп әңгіме айтылатын. Алпыстан асып, жетпіске таяса да шыр еткенге зар болып өткен қосқарияны аяғаннан айта ма, әйтеу екі шал туралы жұрттың күңкіл-сүңкілі бітпейді. Ы.Дәб

Posted in

ШЫРАЙЫ КІРДІ (КІРІП КЕЛЕДІ, КІРГЕНДЕЙ БОЛДЫ)

~ Алексей Александрович осы пікірлердің желісін жазып алған соң, шырайы кіріп, жүзі жайнап сала берді. Л.Толс. ~ …ол дауылдардан соң, сол нөсерлерден соң, дүниенің шырайы кіріп, жап– жасыл шұрайлы әлем жарқырай түскендей, көңілі бірден көтеріліп, көңілі бірден тасып сала берді. Ә.Тар. ~ «Сәмет Жадыраның қызын алды, айды аспанға бір шығарды» деген қалжың тарады бүкіл елге. − Әңгімеміздің шырайы жаңа кіріп келеді,- деп көтермелеп қойдым. С.Ом. ~ Ақ жонық жабайы скамейкалардың аяқтары ауыр–ауыр салмаққа шыдас бермей былқылдақ сазға батыңқырап бара жатты… Микрофонға қайтадан тіл бітіп, тойдың шырайы кіре берген. Ш.Мұр. ~ Қазірге дейін жазылып еркінси алмаған, тәулік бойы салқын тыныштық сақтап, ауыр қабақпен қамалған қонақ атаулы енді осы дастарқан үстінде ғана қабақ жазыңқырап, шырайы кіргендей болды. Ж.Ахм.

Posted in

ШЫР ЕТТІ

Жан даусы шықты. ~ Кенет Қозбағар сандықтың түбінен кішкене, алтын жалаткан ағаш құтыны суырып алды. Хансұлу ышқынып калды. — Тиме! — деп шыр етті. С.Ел. ~ Кенет алдыңғы жаққа жайғасқан келіншектің алдында манадан саусағының сыртын еміп, әркімге бір жапақтап отырған сәби шыр етті. М.Қаб. ~ И, пәтшағар, біреуді қосақтамасаң, отыра алмайсың ба? Өз шаруаңды айта бермейсің бе, – деп шыр ете қалды біреуі. Т.Әл. ~ Жаз түні қамшы сабындай келте емес пе, әні-міне дегенше таңның хабаршысы — бозторғай шыр етті. А.Сей.

Posted in

ШЫРАЙЫ ҚАШЫП БОЛМАДЫ

~ Зағипа — жасы жер ортасына келіп қалған, сары қатын. Бірақ көңілін анау-мынау келіншегіңе бермейді. Бетінің шырайы қашып болмаған ашаң, қағылез әйел әмсе жасаң көрінеді, Соған орай жеңіл-желпі тәжіке тілеп тұратын мінезі және бар. Т.Әл.

Posted in

ШЫР ЖҰҚПАДЫ

Жағдайы түзелмеді, оңалмады, семірмеді.~ Сидиған қарыңа қарап, жұрт сені шыр жұқпаған үйдің баласы екен дейді ғой. Ә.Кек. ~ Өзге жақтың байларына ерген жігіттер жұмырланып, жетіліп, әлденіп ауқаттанып, байып жатқанда осыған ерген кісінің бойына шыр жұққаны бар ма? І.Жанс. ~ Таңнан кешке дейін тапырақтап шабамыз да жүреміз… сондықтан шыр жұқпайды да біздейлерге. Д.Қуат. ~ Ә, бәсе, әне, анау қамыс өсіп тұрған жер Мәсет бұлағы. Өзі шыр жұқпаған кедей болған деседі ғой. Атағы құнан қойды бір өзі жеген мешкейлігі менен алып күшімен шығыпты. К.Жүн. ~

Posted in

ШЫР КӨБЕЛЕК АЙНАЛДЫ

~ Шошалаңдаған қағілез сендер тұмсығын жұлдырып, курс-курс сынып басы зеңіп, шыр көбелек айналады. Ж.Айм. ~ Ыстық қан басқа шауып, жер– дүние шыр көбелек айналып жүре берді. М.Сүн. ~ …дүние тегіс тағы да шыр көбелек айналып тұр, бірақ алғашқыдағыдай емес, оған да үйренейін дедім. С.Мүр. ~ Сәлден кейін, түсінен шошығандай, оқыс сілкініп, қанатымен су сабалап шыр көбелек айналды. Т.Сәу.