Posted in

ТҮЛКІ ҚҰЙРЫҚ

Тіс қаққан қу, айлакер. * Мінез-әрекеті, айла-тәсілі де қилы-қилы олардың. Түлкі құйрық жылмаң. Сығалап атар сыған. Жорға жүрісті жортақы… бірде майпаң, бірде сипаң… Ай, толып жатырау, күл шыққырлар! Ж.Алтайб. * Жұмысы жоқ куәгер, борышы жоқ кепілгер, ат үстінен билік айтқан бай-бағлан кеп. Абыройды аластап, арына сүйенбей барына сүйенген қасқырауыз, түлкі құйрық «жақсылар» жүреді. Ж.Ахм. * — Қырыққа келгенше қыртып жүргенің рас, бірақ, бұл әңгіменің ұшығын ұстай алмадық қой, — деді. Арша істікті төс қалтасынан асықпай алып тісін шұқыды. — Әншейін, балалық шағым есіме түсіп, — деп мәймөңкілеп, түлкі құйрыққа басты Оспан. О.Бөк.

Posted in

ТҮЛКІ ҚҰЙРЫҚҚА БАСТЫ (ҚҰЙРЫҚТАНДЫРДЫ)

Сан қилы айлаға басты. * — Қырыққа келгенше қыртып жүргенің рас, бірақ, бұл әңгіменің ұшығын ұстай алмадық қой, — деді. Арша істікті төс қалтасынан асықпай алып тісін шұқыды. — Әншейін, балалық шағым есіме түсіп, — деп мәймөңкілеп, түлкі құйрыққа басты Оспан. О.Бөк.~ Бір кісінің сауалына тура жауап бермей, сөз арасына сөз салып түлкі құйрықтандырып бұлтарып кете береді. Сұраққа жауап бергеннен гөрі басқа кісіден өзі сұрағанды тәуір көретін–ді. Ә.Нұрп.

Posted in

ТҮККЕ ТҰРҒЫСЫЗ

Еш құны жоқ. ~ Бұл жолы шынында өлген екен, шынында деп қосуымыздың өз себебі бар, дегенмен бұл арада оның өз тәжірибесі түкке тұрғысыз екені де айқын еді, өлу турасында ойлауға болатын шығар, қалайда өлуге үйрену қиындау сияқты. А.Әділб. ~ … отырып алып, осы бертінде ғана пайда болған лифт, радио сияқты заттардың түкке тұрғысыз дүние екенін қайта-қайта айта беретін. А.Крис.

Posted in

ТҮЛКІ ҚҰРСАҚ

Дәм татпаған, қарны аш. ~ Әпке, қонақ келді. Өзі азаннан түлкі құрсақ, алдына ас қойсаң, түк қоймай жамсатып асай береді. Менің де қарным аш. Жылы-жұмсағыңызды аямаңыз. М.Қаб. * Баркөлден бергі жол бойында түлкі құрсақ келген Боранқұл тамақтанғысы келді. Ғ.Біл. * Жылы үй, таза төсек. Тек тамағы ғана түлкі құрсақ. Тары ботқа болған күні бір жасап қаласың. Т.Сәу. ~ Кәріпжанның «ауыл дәмі» деп ала келген піскен ет, канистр толы қымызы бар екен, түлкі құрсақ студенттерді бір қарық қылған. Б.Тоғ.

Posted in

ТҮКПІРЛІ КІСІ (АДАМ)

Алды-артын пайымдай білетін, ойы терең адам. * Бірақ, Таңсыққожаның түпкі мақсатын біліп отырған бірі жоқ. Түкпірлі кісі, кезі жеткенде болмаса, ондай игі ниетін басқа түгіл қойнындағы қатынына да білдірмейді. З.Шүк. * Мүтен дейтін Шерудегі мырза атанған өзі сырға берік, түкпірлі адамның бірі. Көп сөйлемей білгенін ішіне сақтап, жібектей майда мінезді, өз кадірін өте күтіп жүретін кісі. Ж.Ахм

Posted in

ТҮЛКІ МҰРТ

Қиғаш келген жіңішке мұрт. ~ Қара торы, орта бойлы, қошқар тұмсық, түлкі мұрт шүңірек көз жігітпін. Жасым жиырманың жетеуіне шығып тұр. Атым – Бекболат. Ж.Айм. ~ Оның қызыл шырайлы дөңгелек жүзі ажарлы болатын. Қиғаштай түсіріп қиып қойған түлкі мұрты мен шоқша сақалы да өзіне әпәдемі жарасатынды. С.Ғабб. ~ Фәни дүниенің алтын тағында отырған шақтарында ызғары бет қаратпайтын арыстан айбары сынып, түлкі мұрттанып алған, көзденде жалақтайтын «қыл қимас» алмас қылыштардың суы қайтқан, әлемді алақанында ойнатып, адамдарды асықша ататын салауаттарының сағы сынып, жасығы жібіп, мүсәпір мүскіндерге айналған олар құйбатпақтың үстімен айдалып келе жатқанын Боранқұл кейінірек байқап, үнсіз жымиды. Ғ.Біл.

Posted in

ТҮКСИГЕН ҚАБАҚ

Суық жүзді. ~ … Жазғы кез… Мақтым ұрын келген. Түксиген қабақ, қушық мұрын, еңкек денелі қара сүр жігіт. Жұртқа қалай көрінетінін өзі білсін, әйтеуір Күлпашқа ұнауы анық. Б.Май. ~ Үлкен, жазық маңдайы ақыл бейнесін аңғартса, түксиген қабақ астындағы қисық, қиғаш көздері ерекше суық. М.Әу. ~ Әкесінің бет — жүзі шорымықтан ойған аташ мүсін секілді, түксиген қабақтың астындағы дүнияға ренішпен қарайтын шүңірек көз жан біжеңді үнемі кінәлап тұратын. Қ.Ысқ.

Posted in

ТҮЛКІ ТҰМСЫҚ

Сұғанақ, тіміскі. ~ Ол аздай іштеріндегі түлкі тұмсық біреуі ертесіне қайта соғып, бір сауын сиыр, бір өгізшемді тағы алдына салды. Ұ.Досп.

Posted in

ТҮЛКІДЕЙ ҚҰЛПЫРДЫ

Ойнақшып, жайнаң қақты. ~ Жас бағланның тез піскен етін тұтасымен бір өзі жеп, бір шара қымыз ішіп ықылық ата бастаған Қоңырқұлжа қырмызы қызыл түлкідей құлпырып өзінен әлденені дәметіп монтиып отырған тоқалға сонда ғана қараған. І.Ес. ~ Ал, шындығында, өңі алтайы түлкідей құлпырып, бал- бұл жанған Бибідей арудың қазіргі салтанаты ешбір қыздан кем емес еді. Қ.Жұм.