Айнымай қалыпты д.м. * «Тумасаң ұқсамағыр!» екеуіне мейірімі кең құдайдың әкелерінің батырлығын бере салғаны- ай» … К.Сег. ~ Тумасаң ұқсамағыр, Көккептердің баяғы ұзақ сапарға көлік қып барып, амалдың жоқтығынан алыстағы бөтен ел, бөгде жерде қалдырған үлкен Көккептерден не түрінде, нежүрісінде, не шабысында бір айырмашылық болсашы. Туған ағасын жоқтатпайын дегендей, алқам-салқам пошымсыз сыртқы тұрпаты да, сабырлы, салқынқанды мінезі де содан айнымай қалыпты. К.Сег.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТУЫН ЖЫҚТЫ
Биліктен айырды, тағынан түсірді; жеңді. * Үш жүздің қалың қолы Хантауында, Ойрандап ойраттардың туын жықты. Н.Айт.~ Әсіресе, өздеріне кектеніп қалған хан Әбілхайыр әне-міне шабуылға шыға ма деген үрей бар. Қалайда Керей мен Жәнібек Қазақ хандығының туын жыққан жоқ, олар дүниеден өткен соң билік Қасым ханның қолына тиді. Б.Тоғ.
ТУРА (НАҚ, НАҚА, ДӘП) БІР
Әлдебіреудің (бірдеңенің) екінші біреуге (бірдеңеге) қатты ұқсап тұрғанын меңзейтін тіркес. ~Тура бір қан майданда жүрген жалғыз ұлы Нұртай қайтып келгендей, көңілі босап, көзіне жас оралды. Ш.Мұр. ~ Мен араша түсе ме дегендей апама қарағам, мүлде селт етер емес, қабағын қарс жауып алған, алдында баласы — мен емес, тура бір фашист отырғандай түсін бермейді. С.Мұр.~ Өзі дақпыртына қарағанда нақ бір қора қасқыр сияқты. М.Әу. ~ Ал табиғаттың өзі жасаған сұлулықты қаз–қалпында айту ешкімнің қолынан келмесе керек. Алатаудың мына шоқылары да нақ бір сондай тіл жетпес сұлу. С.Бақ. ~ Далада өскен қазақ баласы, нақа бір кент әйеліне үйленгені болмаса қала тұрмысын бір жөндей қоя ма? Б.Май. ~ Нақа бір сор түртіп тұрмаса жеті қараңғы түнде кімді-кім аңдып жүр дейсің. С.Досан. ~ Аралбай бұны дәп бір құрдастарының бірі істеп кеткендей жайбарақат тұр. М.Алм. ~ Дүркіреген тоста не айтылмады дейсіз, біз дәп бір жастық шағын бірге өткізген «ежелгі достарға» айналдық та шықтық. Қ.Жиен.
ТУРА (ТІКТЕП) ҚАРАЙ АЛМАДЫ
Ұяттан жүзін бұрып алып кете берді, бетіне қарауға батылы бармады. ~ Бекболат жігіт жіберіп, дереу үлкен үйінен қымыз алдырып, өз алдына дастарқан салып сапыра бастады. Ақбілек тура қарай алмайды; күнәлі кісіше, күйбіжеңдеп, сасқалақтай береді. Ж.Айм. ~ Абай Шақпақтағы ауылға кеше келген. Барлық ауылдың үлкен-кішісі, көрші-қолаңы, етбауыр жақыны – бәрі Абайдың жүзіне тура қарай алмайды. Бейне бір сондай ғазиз, ұлы жанның алдында өздері айыпты тәрізді. М.Әу. ~ Біз қалай Назарды жолдас дей аламыз? Сағидолла мен Қарағұлға жолдас па ол? Олар оның бетіне де тіктеп қарай алмайды. Малдыбайға жолдас па? Т.Әбд.
ТУРА ЖОЛ
1. Дұрыс бағыт; адамгершілік, имандылық жолы. * Сендердің таныстығың, жолдастығың бір тиынға керек емес. Біз ортақшылдармыз: бізде бауыр жоқ, бізде тура жол бар. Ж.Айм. * Дүшпан кеп, досымыз аз, халық сенімсіз, Я, алла, тура жолға өзің баста! М.Дул. * Ілгері Алла адамдарды тура жолға жетектеу үшін Таурат пен Інжілді түсірген еді. Енді шындық пен жалғанды ажырататын Құранды түсірді. С.Елу. * Азаттыққа, білім hәм мәдениетке жеткізетін бірден-бір тура жол осы деп есептедім. Сондықтан революцияға шүбә келтірген ешкімді аямадым, тап жауы деп өлтіре соқтым. Т.Сәу. 2. Тікелей, төтесінен апаратын соқпақ, жол. * Осы әңгімені қызыға тыңдаған Шыңғыс Ұлпанға сыртынан құмартып, тура жолынан аздап қиғаштығы бар Есенейдің үйіне, оған сәлем беру үшін емес, Ұлпанды көру үшін түскен. С.Мұқ. * Тура жолда Мұстафа мен Бәйділда қалды. Мұстафа бір жерде тығылып жататын шығармыз деп ойлаған … Т.ӘБД.
ТӨСІНЕН ҚОНЫС, ТӨБЕСІНЕН ӨРІС БЕРДІ
Құшағын жайып қарсы алды. ~ Ресей бодандығынан қашып келген аш-арық қандастарыңа төсіңнен қоныс, төбеңнен өріс беріп, құшағыңа қысып қолтықтап көтеріп әкеткен едің-ау. Ғ.Біл.
ТУ ЕТТІ
Өнеге, ұстаным, ұран ретінде алға тартты. * Бұл жанталасып, арын сақтап,адамдығын ту еткен сайын жауласушылар да көбейеді. Ж.Шәк. * Өздерінің осы жүрістерін соншалық ақтап тұрған қайырманы жастық ұраны қып, ту етіп, шалқытып келе жатқандай. М.Әу. * Ел ағасы қарт би тапсырған салмақты сәлемді зердесіне ту етіп көтеріп Аягөз кеңесіне барған Боранқұлға сегіз қанатты ақбоз үйдің босағасынан орын зорға тиді. Ғ.Біл. * «Құдай жоқ. О Дүние жоқ. Бұ Дүние ғана бар. Сондықтан пешенемізге берілген осынау жалғыз өмірде шалқып қалуымыз керек» деп сайтани қағиданы ту етеді. С.Елуб. * Осында жабыла көшкен жалпақ керей баласы «ер екен, батыр екен» деп сенің есіміңді ауызға алады. Ту етіп төбелеріне көтереді. Ғ.Біл. * Іс бітті. «Лениндік идеяларды ту етіп ұстап, шындықты, тек шындықты ғана жазатын» советтік газеттің жарты бетін алып жайраңдап тұрсаң, кім сенбейді. Т.Сәу.
ТӨСКЕ ҰРДЫ
Мақтанып, күпінді. * — Пахраддинмен құда болғаның, шапан киіп ауыз жаласқаның өтірік пе, Шәріп?! Сөйте жүріп өзіңді "белсенді кедеймін" деп төске ұрасың! — деді. С.Елу.
ТӨСКЕЙДЕ МАЛЫ, ТӨСЕКТЕ БАСЫ ҚОСЫЛДЫ (БІРІКТІ)
Қоныстары қатар болып, тату-тәтті тұрмыс кешіп, ағайын-туыс болып кетті. * Кенесары жеңіліп, қолға түсіп қалған соң қырғыздар қайта шатақ шығарады. Өйткені Алатаудың суын қатар ішіп, төсекте басы, төскейде малы қосылған қырғыздар Бұғыбайдың бұл кездері мына Қараш асуының арғы жағындағы Шапырашты-Шыбылдың Жәдік ауылынан екенін білетін. Б.Қыд. ~ — Маңғыстау мен Атырау аймағы бір теңіздің жағасын жайлаған, төскейде малы, төсекте басы қосылған туыс жекжат ел. Шетінен батырдың ұрпағы, қара жаяуы жоқ. «Танысаң, Адайыңмын» дейтін ағайындар. Мұнайшы болу да батыр, батыл адамның қолынан келеді. Ү.Жәл. * Бай-төреден құтылып, төскейде малы, төсекте басы біріккен жамағат ауыл-ауылымен топтасып, ұжымдасты М.Қаб.
ТӨТЕН ІС
Елді елең еткізген ерекше әрекет, төтенше уақиға. * Әсіресе Жасылкөлді бүлдіртпеу үшін табанды кірісіп, төтен іс — әрекетке баратын да сол. Шамасы, энергиясы да көп. Б.Сарбал. * Айласымен кәпірдің Арам боп тұр жер үсті. Кез болған маған төтен іс, Ақыл-есті бөлісті. "Зарқұм". * Мұның бұрынғы "жорықтарынан" хабардар қауым оның тағы бір төтен іске бет алғанын көріп, қошеметін аяған жоқ. О.Сәрс. * Сол ертегі-аңыздың айтуынша Қаратау «зілзаланы» басынан кешірген. Топанға төтеп берген. Қазығұрттың басында кеме қалғанда, бұл таудан дария тасып, су тасыған. Т.Әл.
