Саябырлады, тыныштанды. ~ Жауыздықтың жас құрбаны қасіретке толы өмірінің азапты ақ түтегінен адасып өліп, мәңгі толас тапқандай. М.Әу. ~ Ұрыстың ілкі толас тапқан сәті екен. Бұларға әр тұстан танкіге бөгет болатындай ор қазуды тапсырды. Т.Сәу. ~ — Айтқаның келсін, Серікбай! Солай болғай… ылай- ым!- деп солықтап, толас тапты Жайбасқан. Хансұлу да тыйылып көз жасын сүртті. С.Елу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТОМАҒАСЫН СЫПЫРДЫ
Бүркіттің көзін жауып тұрған томағасын алып тастады. * Көзіме ештеңе көрінбесе де қыранымның томағасын сыпырдым. Р.Мұқ. * Енді арланның соңына тазылар түседі. Бүркітшілер қырандарының томағасын сыпырады. Ш.Мұрт. Көзін ашты, айналаға жаңа көзбен қарады. * Мен де бір Прометей «от ұрлаған», Зулаймын жұлдыздарға жыпырлаған. Келемін киелі Жер шұғыласын ап, Дүние, томағаңды сыпыр маған. Т.Айб.
ТОЛҒАҒЫ ЖЕТТІ
Уақыты келді, пісіп-жетілді. ~ Ішін кілем, көрпемен безеген ақбоз үй сайлаушыға тігулі тұрады. Толғағы жеткен келіндей желбауға асылып, қақ ортада емізіктеп қара саба тұрады. Ж.Айм. ~ … Сонымен не болды? Латын әліппесіне көшу мәселесі Қазақстанда біржола күн тәртібінен түсіп қалды ма? Әлде толғағы жеткен жоқ па? Г.Бельг. ~ Толғағы жеткен өлеңін Тотыдай тарап түрленткен. Ақиқат деген тереңім, Түбіңе сенің кім жеткен? Б.Раис. ~ Содан көкорай дүниені нұсқап отырып, толғағы жеткен топырақтың тұла бойындағы мың сан дәнектен мың сан шөп көктеп, күн нұрына қарай емінетінін әңгімелейтін. Н.Дәу. Жүкті әйелдің айы-күні жетті, босанар уақыты келді. ~ Әйел жүкті еді. Толғағы жетті. Күн суық, кіретін үй жоқ болды. Әйел бір шірік ағаштың ішінде босанып, ұл тапты, оны ханға білдірді. Ә.Марғ.
ТОМАШАДАЙ ҚАРАЙДЫ
Алыстан қарайып көрінді. ~ Отарба жылдамырақ жүгірді. Екеуі томашадай қарайып, бұлдырлап алыстан қызыл желегі ғана сағымдай желбіреп айдалада қалды. С.Сей.
ТОЛҒАҒЫН СЕЗДІ
Әлдебір жаңалықтың нышанын түйсінді. ~ Қалдыбайдың жаны жаман қиналды. Ол өзінен туып келе жатқан қандай да бір әуездің толғағын сезді. Қолдары қалтырап, көзіне жас келді. Жан әлемінде ырғақтар ойнай бастады. Н.Дәу.
ТОМПАҢ ҚАҚТЫ
Баланың оңды-солды шайқала басатын сүйкімді жүрісі туралы. ~ Мұрны сәл тампыштау. Бірақ ол да мін емес. Қазақ жақсы көрген баласын тампышым демей ме? Томпаң қаққан Майраға кішкене тампыш мұрын, қайта, жарасатын тәрізді. Б.Соқ. ~ Екі жағында екі ақ гүл сияқты, екі ақсары бас жалт — жұлт етеді. Қарт адымдаса, бөбектер томпаң қаға жүгіреді. М.Кәр.
ТОЛҒАҚ БАСЫЛДЫ
Қиын жағдай баяу тартты. * Бейқам көңіл күтпеген жерден тұңғиық ойға тірелген. «Көп ұзамай толғақ басылады, көңілі орнына түседі» деп түйді Василий. Т.Ахт.
ТОМЫРЫҚ МІНЕЗ
Кеудемсоқ, өзімшіл. ~ Сол арада отырған отағасылар: — Омар, сен сол томырық мінезіңді қоя тұрып, сөз тыңдашы, ақыр ұнамаса, біреуді-біреу зорлай алмайды ғой,- деп ортаға алып шуласып, ал кеп төністі. С.Тор. ~ Жауыздық атаулы қаншама қаратүнек болғанымен, тіршілік нұры сөніп, ақтаңдақ арай шашқан алыс сапарынан ешқашан аялдамақ емес. Күлімдеп шыққан күнді де, томырық мінез түнді де алма-кезек ауыстырып маңа береді. С.Ғабб. ~ Зияш таң атқанша дөңбекшумен болды. Томырық мінез Әшірі құрғырдың бүгінгі қылығына ойы орала берді. М.Мақ. ~ Өмірәлінің томырық кеуде мінезінен имене баяу отырған Сатқанбай, оның мына жан тарта сөйлегеніне емекси: — Онда ақсақал мен Сақанды сартылдатып алып келейін, дайын отырыңыз, — деп атқа қонды. С.Бег
ТОҚАЛ ЕШКІНІҢ КЕБІН КИДІ (КҮЙІН КЕШТІ)
Жұртқа жексұрын болды, ұнамсыз, бейшара кейіпке түсті. ~ Осыны ойлағанда, мүйіз сұрап құлағынан айрылған тоқал ешкінің кебін киеміз бе дегенде зәре-құтың қалмайды. Қ.Ысқ. ~ «Мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылған» демекші, бір шикі өкпеге зар болып, Құдайдан бала тілеп жүргенімде, тоқал ешкінің күйін кешіп, шалымнан тірідей айырылып зарлап қалдым ғой мен бейшара бейбақ… АҚ "Әкем болса…"
ТОҚТАУ САЛДЫ
Тыйды, қойдырды, доғарды, тоқтатты. ~ Қайтсе де ала-алмасын білгеннен соң, Мысығың өз-өзіне тоқтау салды. М.Жұм. ~ Мінген аты ала еді, Қылшық жүнді қара еді. Тоқтау салды Естеміс, Жібергісі келмей баланы. А.Байт. ("Қобыланды") ~ Мал шығынын өз жағына өздігімен баса салған Абай Оразбай, Дайырларды, қаншалық қақап тұрса да, тез қақалтып, тоқтау салды. М.Әу. Әлиевке әлі де жақтас екенсіз ғой… Ендеше, ертеңгі бюрода сіз де жауап бересіз! Көре тұра көз жұмып той жасатқызғаныңыз жауапсыз қалмауға тиіс… Әлиев өзінің айналасындағы жағымпаздардан мол сыйлық алып жатқанда да тоқтау салмадыңыз. Б.Тоғ.
