Сұлу, көрікті. ~ – Сонда, сол қантты ала барсам: дүкенде бір мөлдіреген қазақтың сұлу келіншегі тұр екен. Оңды әйел кісінің көзін тартпай қояма. Ажары оңды болғасын, сөзі сыпайы болғасын, біреуден: «бұл кім?» деп сұрап ем, сол қалада әлгі бір жігіт бар еді ғой… С.Мұқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЖАРЫ ӨТПЕДІ
Сөзі бағаланбады, беделі жүрмеді, қадірі болмады. ~ Соның қуғыншысы келіп, Бөжейге: «Есемді әпер!» дейді ғой. Бөжей Майбасарға асылады. «Ақылдастыр, малын әпер!» — дейді. Соған Майбасар: «Сандалып, не айтып жүрсің?» деп, ренжітіп тастайды. Бөжей өкпесінің басы осы еді ғой. «Ажарым өтпейтін болса, шашпауыңды несіне көтердім?» деп өкпелеп қалады. Сүйтеді де, ас тарқамай көшіп кетеді. М.Әу.~ «Әлден әйелге бет– ажарым өтпейді. Сонда тұз – дәміміз жарасты дей алам ба? Майсара екеуміздікі осы қандай тірлік? Қосылдық па? Әлде орысша айтқанда сожительство дейтін беймәлім берекесіз әрекет пе? С.См.
АЖАРЫ САЛҚЫН
Қабағы қату, жүзі суық; өңінен жаратпай тұрғаны байқалады. ~ Назира апайдың ауызға үріп салғандай Фарида атты бір қызы болды. Ажары салқын. Сөзге сараң. Үнемі жабыңқи. Әйтсе де жүзінде бір құпия жұмбақ мұңның ізі бар. Т.Берд. ~ Абогин оның көз алдына сымбатты келген, бірақ монах әйелдей ажары салқын, жанары жылусыз жас келіншектің суретін көлденең тартып: ─ Осындай жүзіне қарап, мұндай арамдыққа қалай барады, айтыңызшы! — деп сұрағаны сол еді … А.Чех.
АЖАРЫ СОЛҒЫН
Көңілсіз, жүзі шаршаңқы, жабыңқы. ~ Ауыр ойдың шырмауынан селт еткендей, бір сәт қасында келе жатқан Әріпке назар аударды. Оның да бүгін ажары солғын, иіні түсіңкі. Қ.Жұм.
АЖАРЫ СӨНДІ
Жүзі күлгін тартты, жабырқады. ~ Көз қадаған жері — күннің көзімен шағылысып көк, қызыл, жасыл, сарғылт түрде құбылып тұрған аппақ қар. Әлден уақытта манағы күлімсіреген ажары сөнді. Көзі ұясынан шығып кете жаздап, қабағы қарыс көтеріліп, әлденеден шошыған кескін берді.М.Дәул.
АЖАРЫ СЫНЫҚ (СЫНҒАН)
Көңілі жоқ; өңі жүдеу тартқан, әлдебір уайым еңсесін басқан. ~ Төлеу жер-суын тастап, жағаға көшіп келетін жылы Ақбаланы көргені бар. Екеуі құдық басында кездесті. Ақбаланың ажары сынық жүр екен. Ә.Нұрп. ~ Ол бір уақ қалың беріп, айттырып қойған қалыңдығы Қымбатты зорлана ойланды: жүдеу, қаны қашқан, әппақ қудай ажары сынық. Т.Рыс. ~ … жаға-жеңдері жыртылған, қоқырайған күнқағар-папахалары тоналған, талайының кеңсірігі бұзылған, тотяиынданып тұратын көздерінің үстінен көгілдір томаршалар өніп шыққан, ажары сынған, айбары шағылған. Ғ.Біл.
АЖАРЫ СЫРҒАҚ
Салқын көңіл танытып, елемеді д.м. ~ Оңаша бөлмеге кіргеннен кейін, Асқар Сарыбасты кеңеске ұйытпақ боп тамырын басып көріп еді, ажары өте сырғақ. Асқардың бірер сұрауларына ол жауап та берместен, кереуетіне шешініп жатып, шынтақтап роман оқуға кірісті. С.Мұқ.
АЖАЛМЕН ҰСТАСТЫ
Жанын алып қалу үшін жанталасты, өліммен текетіресті. ~ Мұндай жандар ең соңғы тынысына шейін, ажал сағатының өзінде де сол ажалмен араздасып, ұстасып, пәле жапсырып, сідет артып өлер еді. М.Әу.
АЖАЛЫ ЖЕТТІ
Өлер шағы таяды. ~ Әкемдей кісі аяғыма жығылып тұр. Әкем есіме түсті. Сібірдің адам айтқысыз суығында аш-жалаңаш
жүріп, ажалы жетті-ау деймін. Бірақ неге аш? Ш.Мұр. ~ …биылғы жылдың өзінде осы жиырма шақты үйден кәрілік жеңіп,
ажалы жетіп қайтыс болған кәрі-құртаңды есептемегенде, оннан аса жас нәресте өлген екен. С.Жүн. ~ Ал, мына өзінің
ажалы жетіп тұрса, маңдайының сорынан көрер. М.Бай. ~ Ел-жұртын аңсаған қайран Құла, жершіл Құла… ажалының жетіп,
дәм-тұзының біткен жері осы болар. А.Өт.
АЖАЛЫ ЖОҚ (ЕКЕН)
Құдай сақтап қалды д.м. ~ …отырған бұтағы қарш етіп сынып кетіп, астындағы келесі бұтаққа ілініп қалып, ажалы жоқ екен, әрең құламады. Ш.Мұр. ~ — Кетті ме?— деді ол, жәбірленген адамның мүсәпір үнімен. — Кетті. Ажалы жоқ екен байғұстың. Ә.Әб.

