Өлімнен қашып құтылмайсың. ~ Ажалдыға айла жоқ, әрине, бірақ қолынан келсе, аянып қалған емес-ті. О.Сәр.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЖАЛ ТҮРТТІ
Өлімге бастады, қатерге итермеледі. ~ Шұңғыл шатын, мейірімді Алтай түсі қашып, түнде жорытқан жорықшыға соққан ғой.
Ажал түрткен мал болмаса, мал алдырған жан болмаса, терең шатқа кім барған? Ж.Айм. ~ Ерлігі ішіне сыймағанынан емес,
қанағатсыздығы мазасын алып, ажал түрткілеп, жорыққа шықты. І.Ес. ~ Ажал түрткен мал болмаса, мал алдырған жан
болмаса, терең шатқа кім барған? Ж.Айм. ~ Өздеріңді не ажал, не бейнет түртіп келеді екен!.. Онан да қайтыңдар енді,
аман-сауларында! — деді құбаша жігіт. С.Сей.
АЖАЛ ТЫРНАҒЫ
Адам басына төнген өлім қаупі. ~ Иә, ажалы тақады, татар дәмі таусылды Оқастың. Төменнен бастап өрлеген өлім белгісі соңғы бірер күнде кеудеге жеткені анық білінген. Енді ажал тырнағы тек жүрекке ғана жетпей тұр. Оған да жетер. Д.Әш. ~ Су тастай суық екен, жан шыдатпас суық екен. Оған батқан кезде, бүкіл денем от қарығандай күйе түскен. Суық сүйегіме дейін жетіп, ажал тырнағы тура алқымыма батқандай. Д.Лон.
АЖАЛ ТЫРНАҒЫНА ІЛІКТІ (ІЛІНДІ)
Басына өлім қаупі төніп тұр. ~ Кәрі қаншық бәрінен баз кешіп, өзі өмірге әкелген бұрынғы күшіктерімен де ісі болмай, қашан ажал тырнағына іліккенше өстіп күнелте тұрайыншы деп … Қ.Жиен. ~ Артымда жаңа туған бөбегім қалып барады, жиырма екі жасымда ажал тырнағына ілінейін деп тұрмын. М.Әбд. ~ Сол Бердібек үшін өздерінің де тірі жүруі міндетті екенін түсініп туралап келген ажал тырнағына ілінбей кеткен кездері көп еді. О.Көш. ~ Артымда жаңа туған бөбегім қалып барады, жиырма екі жасымда ажал тырнағына ілінейін деп тұрмын. С.Ом.
АЖАЛ ТЫРНАҒЫНАН ҚҰТҚАРДЫ (АЖЫРАТЫП АЛДЫ, АЛЫП ҚАЛДЫ)
Жанын сақтап қалды, өлім аузынан алып қалды. ~ Жан–жақтан жау қамап тұрған бейшара гарнизонды ажал тырнағынан құтқарып алу керек. Ә.Кек. ~ Бір дем ары, бір дем бері, барып–келіп жатып ажалдың апан аузына жұтыла жаздаған жалғыз ұлға жер түбінен қол созғаны, ажал тырнағынан ажыратып алғаны… анасының елес — сұлбасы құтқарғаны. Д.Дос. ~ Иә, ажал тырнағынан алып қалған бармақтай тышқанға жолбарыс осылай разы болған екен. Ә.Ысқ.
АЖАЛ ТІЛЕДІ
Өмірден түңілді, баз кешті. ~ Рим амфитеатрында он үш жасар патриций қызы саусағын төмен шошайтып: «Өлім! Өлім!» деп, гладиаторға ажал тілесе, казак, даласында түрме болмады, құлдық дәуірді бастан кешкен жоқпыз. М.Қаб. ~ Іле бір ой өзегін тіліп өткен: «Есіңді жи. Андағың адамға ажал тілеген күнәhарлық қой. Н.Дәу.
АЖАЛ ҮСТІНДЕ
Өлім аузында. ~ Қысы-жазы өзінің алдында жүрген, айғайына үйренген, көбінше дегеніне қарай өрген жанды мал, жақсы мал, жылқы атаулы Алтыбайға арызын шағып жатқан ажал үстіндегі достай сезілді. М.Әу.
АЖАЛ ҚҰШАҒЫ
Өлімнің құтқармайтын уысы, тас шеңгелі. ~ Ол орнынан тұрып, ажал құшағына әне-міне кеткелі тұрған Қожаниязға көзін салып қарамастан атына қарай жүрді. Н.Дәу.
АЖАЛ ҚҰШТЫ
Қаза тапты, көз жұмды. ~ Ақыры Күйік Самарқан шаһарында белгісіз жағдайда ажал құшады. Содан кейін Күйіктің қатыны, Меркіттің қызы Үгіл-Қаймышты қайқаңдатпай, қарасын батырудың қамына кіріседі. Т.Жұрт. ~ Қысқасы Жәнібектен соң жиырма үш жылдың ішін¬де жиырма тоғыз хан ажал құшқан. Т.Сәу.
АЖАЛ ЛЕБІ
Таяп қалған, төніп тұрған өлімнің белгісі, суық демі. ~ «Қатты әлсіреп, тері тарамысына ғана ілініп қалды. Бойсұнып кетті» деген ажал лебіндей суық хабар оның әр тараптағы жақындарына, туыстарына түгел жеткен. М.Әу. ~ Ақ түтек, алай-түлей борандарда, Аяққа ажал лебі оралғанда, Төзді олар, төздірді өзі тағдырыңның, Қайтесің, басқа түссе амал бар ма? С.Жиен.

