Биік орнынан, билігінен айырды. ~ Өңкей озбыр айырды ма арыңнан, ақ лағым, не тайдырды тағыңнан?! Аяусыз сол додасынан жыртқыштың сөгілді-ау… сөгілді-ау қабырғаң! Г.Досж. ~ Қарақытайлар көсемі Елюй Даши Баласағұнды басып алып, Қарахандар әулетінің билеушісін тағынан тайдырды. БАҚ. ~ — Кеше сен наразылық танытқың келіп жүрген мемлекет басшысы орнынан түсіп қалған. Ұлтын сатқаны үшін халық көтеріліске шығып, тағынан тайдырды. М.Мәл.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТАЗЫ ҚУҒАН ТҮЛКІ
Қатты қорқу, абыржу, сасқалақтау туралы.~ Табанға салды. Талауға түсірді. Тазы қуған түлкі етті. Күлкі етті. Қаратауға Сүйеніп жылап ем – Қайғымнан! – Қаратау шөгіп кетті. Алтай тауға Сүйеніп жылап ем – Қасіретімнен! – Алтай таудың мұң-зары Кеудесін керіп кетті. Т.Мед. ~ Жаңағы ұры жол бұлар баратын жерге жақындаған сайын құдды тазы қуған түлкінің құйрығындай олай бір, бұлай бір бұлтақтап ойға түсті, қырға шықты… Ә.Нұрп. ~ «Сарыарқа» – басынан бір-ақ күнде ғана ауа салған бұлағай шағының жастық көңілі мен ыстық жігерінің сарығы. Сарғыш тартқан көңілінің ғұмыр сорабы. Базбіреулердің тазы қуған түлкідей жініктірген дыздақ шертісін емес, күй қағаны Қали Жантілеуовтың көне үнтаспасына мұхият назар салып тыңдар болсаңыз, мұның бәрін түгелдей тұптұнық түсінер едіңіз. Ы.Ож.
ТАҒЫНАН ТАЙЫП ҚАЛМАЙДЫ
Ештеңесі кетпейді д.м. ~ Әрине, алыс сапардан қайтқан әкесіне өзі келіп сәлем берсе, тағынан тайып қалмас еді. О.Сәрс.
ТАЗЫНЫҢ ҚҰЙРЫҒЫНДАЙ
Жіп-жіңішке, тығыршықтай. ~ Мұртын тазының құйры-ғын-дай ширатқан, шашын енесі жалаған бұзаудай тарап, жылтыратқан, ақ киімді дәрігер де матүшкелерге орысшалап, ауру жатқан үйлерді нұсқап, бірдеңе тапсырып жүр. Ж.Айм. ~ Әңгіме қыза келе, кім не болатындығын да айтысты. Қайырбек дейтін мұртын тазының құйрығындай шығыршықтаған, қыр мұрынды, бұқа көз, шүйдесі тоқпақтай балуан денелі жігіт: «Мен крестиянский нашалнік болам», — деді (онда патша заманы еді); иір қара, салпауыз Сарбасов: «Мен енженер болам» деді. Тышқан көз, ашаңдау сымсың қара: «Мен төре болмаймын, атбекет болып, қазаққа қызмет етем» деді. Ж.Айм.
ТАҒЫНАН ТҮСКЕНДЕЙ (ТАЙҒАНДАЙ) БОЛДЫ
Әлдебір биліктен айрылғандай күй кешті. ~ Семенның алып денесіне қарап, Бородинода ант бергендер де осы сияқты орыс батырлары-ау дейсің ішіңнен. Семен өлеңді оқып болды да, енді тағынан түсіп қалғандай, баяғы жұпыны қалпына көшіп, үнсіз ғана орнына барып отырды. Ғ.Мүс. ~ Трәктірден айырылса тағынан түскендей болады! Бүгіннен соң оның майы мен пензенін де мойнына жазам! Қ.Ысқ. ~ Әшейінде жатақханадан шыға қалсаң да, университеттен келе жатсаң да менмұндалап, сары ала тон киген патшаның суретіне ұқсап, үнемі қожырайып алдыңда тұратын шіркеу де жоқ, тағынан тайғандай, тасаланып қалыпты. Ә.Нұрш.
ТАЙ-ҚҰЛЫНДАЙ ТЕБІСІП ӨСТІ
Ойнап-күліп, қатар өскен тетелес балалар туралы. ~"Е…е… бәсе, бала кезімнен тай-құлындай тебісіп өскен Қанатты көргенде, бір жасап қалмадым ба? Әрі ол мені атажұртқа алып кетпекші болып, дәмелендіріп тастады емес пе? Қуанышта ішкен шарапқа не жетсін! Қасіретті де, ащыны да жеңетін көңіл екен-ау! Т.Рыск. ~ Апамның ойы осындай болғанын мен кейін түсіндім. Төрт жасымнан бірге өскен, тай-құлындай тебіскен жора-жолдастарды қиып кету қандай қиын болса да, қырық жетінші жылдың жазында Іле бойына — Бақанасқа жол жүруіме тура келді… Б.Тоғ. ~ Тай құлындай тебіскен жора-жолдастарымның ақымақ әрі күлкілі істері уайымсыз да, бейкүнә балалық шағымды есіме түсіртеді. Н.Бөл.
ТАҒЫСЫН ТАҒЫ (ТАҒЫЛАР)
Сол сияқты. ~ Вокзалдағы қоймаға шабаданымды тапсырып, буфетке бардым. Осы жолы бір тойған шығармын. Жұмыртқа мен ет, апельсин шырыны, кофе, тәтті тоқаш, тағысын тағылар. Дж.Сэл. ~ Тағдырды мейлінше бір қарғап-сілегісі келгені соншалық, бұдан арғы жерде ол "он екі әулие", "дөңге қаққан қазық" "Мүфтидің шешесі" тағысын тағыларды түгел сықпырта боқтады. В.Шук. ~ …Айта берсең, табылар Тағысын тағы, тағылар. Жігіттер, осы Шәмілдің Пәлсапасының жаны бар… М.Мақ.
ТАЙ ҚЫМЫЗ
Қатты ашымаған жұмсақ қымыз; сүт құйғаннан кейінгі екінші күнгі қымыз. ~ Бүгінде ақ қымыз, бал қымыз, бесті қымыз, дөнен қымыз, жуас қымыз, кәрі қымыз, күздік қымыз, қою қымыз, сіргежияр қымыз, тай қымыз, тосап қымыз, түнемел қымыз дейтін қымыздың түрлерін қайсымыз ішіп жүрміз? Д.Төл.
ТАЖАЛ БОЛЫП ТИДІ (ЖАЛАҢДАДЫ, ТӨНДІ)
Ажалдай қорқынышты, суық, ызбарлы кейпін танытты, обырдай тиді. ~ Жалғыз жолбарыстың да әкесі нән еді. Тіпті жолбарысқа тажал болып тиген, оның жалпақ табанынан қалған мөрді жазбай танитын, сөйтіп ізге түсіп соғатын Келдібайға да шалдырмаған екен. Б.Қыд. ~ Жан алғыш, тажал болып жалаңдаған, Жабыңқы елдің күйі жаман болған Кездерде Әннің ғана арқасында, Осындай Бірлікпенен аман қалған. К.Шалқ. ~ Қашсам-дағы зілзала заманақыр Тажал болып төнер-ау маған ақыр. «Ей, жалған дүние» деп мысқыл жүзбен Күліп жатқан өлікке қара да тұр! Г.Дәу.
ТАЙ ТҰЯҚ
1.Үлкендігі тайдың тұяғындай кесек алтын, күміс. ~ Толғамбай ақын Сүлейменнің туған- туыстарына көңіл айтып, тоқтатып, су құйып, беті-қолдарын жуып, дастархан жайып, Құран оқиды. Дастарханға бір тай тұяқ тастайды Маманның алдына әкеліп. (Zharar.kz.) ~ Бөкеннің даулайтыны кісі құны, Икемге ап Сұлтан отыр енді мұны. Дәрігердің қалтасына тай — тұяқ сап, Аузын тығындады,— шықпас үні. Кенен. ~ Қозыдай қауын, қарбыз көгендегі, Тай тұяқ алма күміс төбеңдегі, Қол жайғыш бая қуып тақыс шалдың Ұстады қойын, тонын шегелдегі. І.Жанс. ~ Тұлпардың аунағаны туған жерің, Биеден туа бермес сендей құлын. Жүз қой мен он төрт құр ат, төрт тайтұяқ, Бір жолда әперіп ең ердің құнын. Ақан сері. ~ Жабырқап жаным сағынды, Шалқысын шабыт-дариям. Сымбатың сыбдыр қағатын, Бозбалақ бала қайыңдай. Келбетің көпке жағатын, Тай тұяқ туған айымдай. М.Раш. 2. Ат тұяғынан жасалатын қазақ халқының музыкалық аспабы. ~ Тай-тұяқтың 3 түрі дүкенімізде сатылады. Тай-тұяқ аспабы оркестр және ансамбльдерде аттың шабысын келтіретін ырғақты аспап ретінде қолданылады. БАҚ.
