Талайды көрген әккі қу деген мағынада. * Сырдан сыңар аяқ өткен, құла ауыз билері, нөкерлері тілдің майын ағызып, қанын тамызып, әңгіменің иін әбден қандырып, пісіріп, түсіріп әкеліп, «тоқ етерін» байға естіртеді. Бай не мақұлдайды, не өз картасына келтіреді. Ж.Айм. ~ Бірден есін жиды. «Дүние жаман-ау, қаһарын төккен патшаның да иін жұмсартып жібереді. Сырдан сығанақ (сыңар аяқ? Б.К.) өткен қулардың ортасында сыр бермейтін басым, тәттіге көзін сатқан жетім баладай телміріп, арбалып қалыппын ғой…» Ә.Ыб. .
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СЫРТ КӨРІНІС
Істің ішкі мәні емес, сырт пішіні, тыс көзге байқалатыны. * Бірақ Жәмеш бұл мінез, бұл әдеттің барлығын сырт көрініс үшін емес, шынымен лайығы осы деп түсінеді. М.Әу. * — «Жеті хат жер, сегіз хат көктен іркілмей өтетін тәңірінің мейірі менің жеңіме тоқтар дейсің бе» деп данышпан Сырым айтқандай, шырағым ішкі ниет түзу болса, басқасы сырт көрініс,— деді. Х.Ес. * Абай бұған сабырмен, шыншыл мысқылмен жымия қарады. — Солай көріне ме? Ендеше, соның жаңылыс, сырт көрініс. Шындық әр заман емес, тіпті, бір заманның әр қауымның өздеріңде де әр алуан танылады. М.Әу.
СЫРДЫҢ СУЫ ЖҰЛЫҒЫНАН КЕЛМЕЙДІ
Уайым-қайғысыз, алаңсыз, қамсыз жүру туралы. ~ Шекер "Сырдың суын жұлығынан келтірмей" жүрсе де, енді ойланбасқа болмады. Ж.Айм. ~ Жұртқа жағар ер жігіт қылығынан, Сілтегенім кеткен жоқ құрығымнан; Анталаған сан дұшпан қамаса да, Сырдың суы келмейді жұлығымнан. Балуан Шолақ. ~ Етіктің бөлшектері: бас, қоныш, бас пен қоныш арасы белтір, табанын — ұлтан, ұлтан мен бастың ұштасқан жерін жұлық деп атаған. «Жұлық жалаған жарымайды» деген мақалға қарағанда, оны тігу ақысы мардымсыз болғанға ұқсайды. Балуан Шолақтың: Қамалап қанша дұшпан тұрса-дағы, Келмейді Сырдың суы жұлығымнан, — дегендегі жұлық та осы. Аяқ киімнің ішіне төсейтінді «ұлтарақ» дейді. Артқы жер басатын жағы — өкше, Ұлтан мен ұлтарақ арасына қайыңның қабығынан астар жасайды. Өкшеге де солай етеді. С.Мұқ.
СЫРТ ҚАЛДЫ
Әлдебір істен, үрдістен, жағдайдан тыс қалды. ~ Әлде бұл – басқа жолаушылардың ізіне түсіп кетті ме? Көбеннің ауылы Көкөзек жағында, ол сырт қалды. Б.Тоғ. ~ Шешенің жүріс-тұрысы, сөз саптасы, мінезімен келіп, қыз баланың қанына шыжымдап сіңетін асыл қасиеттер қаншалық. Қарашаш қарағым, міне, осы өмір мектебінен сырт қалды. М.Қаб.
СЫРДЫҢ СУЫ СИРАҒЫНАН КЕЛМЕЙДІ
Мән бермеу; елемеу; қиындыққа санамау; менсінбеу туралы. * Батырға Сырдың суы сирағынан келмейді, Қорқаққа батпақ та кедергі, шалшық та бөгет. Б.Мом. * Жылқы атасы керқұлан, жылқы аяқты мал, арқасына бір қонсаң, аруақ жебейді, құстай ұшып, желдей есесің. Сырдың суы сол сәт сирағыңнан келмейді, ұлым. А.Кем. * Жаңбырдан қашқандар: — Той басталмай жатып мас болған мынау кім? — Сырдың суы сирағынан келмейді-ау өзінің? — деп күлісті. Ш.Мұрт. * Содан ба, тез масайып, «Сырдың суы сирағынан келмейтін» дәрежеде жүрді. Ақтотыдан басқа жан көзіне ілмеді. Қыз да кет әрі емес сияқты. Осындай үміт пен сенім үстінде ғашығына хат жазып, қардай ақ қағазға қандай қызыл сиямен жүрек сырын бүкпесіз ақтарды. З.Қыст.
СЫРТ ҚАЛДЫРДЫ
Бөтенсітті, ескермеді. ~ Көп үйлердің хатімі, фидияларына да бұны әдейі шақыртпады. Сырт қалдырып жүрген, аңдысқан жаулар соқыр қари мен семіз мәзін Самұрат. М.Әу. Көпір басында өткен күндерде біз соғыс хабарынан сырт қалып едік. Қазір енді, жиналған ойымызды Ревякинге айтып, дүдамалымызды сұрап алып жатырмыз. Ғ.Мүс. ~ Тақырып ұстанымы – қағандықты ұйытып-іріткен ханымдар мен ханшалар болғандықтан да, тақ тартысының талқысын сырт қалдырдық. Т.Жұрт.
СЫРҚЫНДЫ СҰМ (ҚУ)
Тісқаққан, тәжірибелі ұры. ~ Ожарға Қабансаймен кеп кіргеніне қарағанда, әдейі қиын шыңдарға батып, жоғалайын деп келген ғой. Әй кәпір, жер білетін, сырқынды сұмдар-ау. Немесе сондай жершілі-басшысы бар топ-ау. Осы өңірден шыққан біреу не қылса да бар-ау", — деп түрлі қисынды жайды топшылап тұр еді. М.Әу. ~ Бәрі де ойдағы егінші, еңбекші момын ел Уақты қыста, жазда талай торып, бар қонысынан мал қуып әкетіп жүрген сырқынды қулар. М.Әу.
СЫРТҚА (СЫРТ) ТЕПТІ
1. Жақындатпады, шеттетті, бөтенсіді. ~ Анау жолғы маған ұры көргендей үрке қарайтын «сырнайкөз» қара жоқ, – ол журналистика факультетінде; ал «Ұзынтұра» осында, бірақ ол мені сыртқа теппейді, үйірсек. З.Қаб. ~ Ал, Қанат ше? Ол Айкүмісті сыртқа теуіп, сырғып, жасанды бір сырдың мінезге түсіп бара жатқан секілді. Ғ.Сл. ~ Әкем Байсалбай – өмірі ит мініп, ирек қамшылап өткен тақыр кедей. Іңгәлап жерге түскенде өмір мені өгей баласындай сыртқа тепті. М.Әбд. ~ Шіркін- ай, адамның жүрегі ең таза, ашық кезі осы шақ- балалық күндері ғой. Бірін- бірі жатырқауды, бөтенсіп сыртқа тебуді білмейтіні содан. Ж.Шағ. ~ Отызыншы жылдардың бас кезінде Қазақстандағы асыра сілтеушілік Шәкерімге сенімсіздікпен қаратты, сыртқа тепті, «бай», «қажы» деп шошынды. С. Молд. ~ Бұл күні менің қатын-баламнан басқа жақының қалмаған сияқты. Күні-түні келгенде, олардан да шошқа мінез көрем… Мүлде бір жат ортаға душар болған жандаймын. Ешкімге залал істемеп едім ғой, неге бәрі сырт тебеді?! М.Мақ. ~ Ниетімізді Алла оңғарды. Қанша дегенмен мұндағы керей, найман, уақ, төрелер де өз елің, жатсынып сырт тепкен жоқ, ілезде араласып-құраласып кеттік. Ш.Рах. 2. Ішке сыймады. ~ Мәмбетнияз ат үзеңгісінде шіреніп, біресе ілгері, біресе кейін ырғалады. Жалқын сары өңі де сан құбылып, ішкі толқуы сыртқа теуіп, ап–айқын білініп тұр. М.Әбд. ~ Алпыс екі тамырын қуалай әдеттегісінен әлдеқайда қатты аққан қанның ішкі қуаты сыртқа теуіп, қара сұр жүзі лезде алаулап шыға келді. С.Дос. ~ Қалғандай құлазыған ескі жұртта, Үрейлі үңірейген кешкі ымыртта. Қуарып Жарқынбайдың жүдеу жүзі, Іштегі қасіреті тепті сыртқа. Н.Айт.
СЫРМАҚ СЫРДЫ
Сырмақ жасады. ~ — Мынаны саусағыңа ки, — деді бармақ басындай домалақ темірді беріп жатып. — Мұны осындай қалың киімдерге түйме қадағанда және сырмақ сырғанда киеді. — Иә, білем, әже, оны «оймақ» дейді. Сіз жазда сырмақ сырғанда кигенсіз, — деді Айжан. С.Нұғ.
СЫРТҚЫ ЖҮНІН ДҮРДИТТІ (ҚАМПИТТЫ)
Жауына осалдығын білдірмеу. ~ Бір қарағанда ызаға толы көзімен сұп-суық ызғар шашып тұратын, қандай қиын сәттерде де сыртқы жүнін дүрдитіп сыр бермейтін даланың азулы да айбынды, қайратты да қайсар қасқырын көзге елестететін, өзінің шалт қимыл, шалымды іс-әрекетімен де нағыз көкжал көкбөріні еске түсіретін Ельциннің бойында ұлы державалық астамшылық дарытқан менмендік те, өзінің акыл-қайратына арқа сүйеген сенім де, елінің қуатына табан тіреген серпін де бар еді. С.Дос. ~ «Бөрі арығын білдірмес, сыртына жүнін қампайтар» деген мақалдың мәйегін жете түсінетін бір адам болса, сол өзіммін деп ойлайды Мәзім. Н.Ақ. Кезіндегі діни, қаржылық, ғы-лыми, әдеби-мәдени байла-ныс-тардың қайнаған ордасына ай-нал-ған Түркия бүгіндері ешкімнен сес-кенбейді. Қайта, өзіне тым се-німді. Және бір ұнағаны – сол се-німділігі «бөрі арықтығын біл-дір—мес, сыртына жүнін қампайтар» де-гендей жасанды емес… Ә.Бай.
