Айтып тұрған сөзін күрт үзді. * Шаруа басшысы кенет сөзінің аяғын жұтып, сап тиылды … Д.Досж. ~ Қашайық, — деді Әділбек алқына сыбырлап. — Қашқанда, құтылсақ жақсы… Әйтпесе… — Не дерін білмеген Ерік сөзінің аяғын жұтып қойды. – Сиыр дауысты бұл не болуы мүмкін? Б.Ыб. * — Жарайды, ұры деген де керек. Қала берсін! — деп Омарбек сөзінің аяғын жұтып қойды. Б.Қыд. * — Вася атай жақсы адам. Мінезі тік болса да өте әділ. Кейде… — сөзінің соңын жұтып қойды. — Ал, көрші жігіт, сау болыңыз. С.См. * «Баяғыда Семейде, жас кезімде…» деп қойды. Собір жерге келгенде, сөздің соңын жеп қойды. Е.Әук.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СУ АҒАДЫ, ТАС ҚАЛАДЫ
Уақытша нәрселер өтіп кетсе де, мәңгілік дүниелер орнында қала береді. * Заман су болса, аспан секілді қарапайым адамдар сол судың табанындағы тас сынды, мәңгі өзгермеген қалпында қалады. Сондықтан да қазақ «су ағады, тас қалады» – деп бекер айтпаған. Ес біліп, етек жапқалы осы Еңбек аулында қаншама бастық ауысты десеңізші… О.Бөк.
СӨЗІНІҢ ДӘМІ ЖОҚ
Сөзі сұйық, мән-мағынасы жоқ д.м. ~ Ауаланғыштар, бұзақылар, күшпен тартып алушылар жайынан қаралап сөз айтып, көтеріліс анық басылады, майдандағы әскер жояды деп қорқытты. Петрограттағы (Петроград) көтерілістің күшін көріп отырған уәкілдер алдында сөзінің дәмі болған жоқ. А.Байт.
СУ АЯҒЫ (ТҮБІ) ҚҰРДЫМҒА ЖІБЕРДІ
Көзін құртты, келмеске кетірі. ~ Қазақтың маңдайына біткен біртуары Шоқайды, Аймауытовты о ғып, бұ ғып белгісіз себеппен су аяғы құрдымға жіберді, шетінен тізіп жер жастандырды сөйтіп. Д.Дос. ~ Емдеу Орталығына піл түссе де көрер көзге кішірейтіп…бүргедей етіп… түкке алғысыз ғып… су аяғын құрдымға жіберетіндерің қалай осы?! Д.Дос. ~ … қарсы келгендерді су түбі құрдымға жіберіп, кедейдің бақыты жанып жатақ болып, малын бағып, егін егіп жатқанын, сондықтан Шөкенің осы маңда тау бөктерінен орын алып, көөперәтсиә болған елуден астам кедей түтінге барып қосылуына қолқа салды. Б.Жұм.
СӨЗІНІҢ ЖАНЫ БАР
Айтқаны шындыққа жанасады. ~ Қыдыш. Мұғалім! Тегі, соған сіз бірдеме айтып қоймасаңыз болмас өзі, тәрізі мынаның мына сөзінің жаны бар. Нұрқан. Шақыртшы сол мұғалімді. М.Әу. ~ Шофердің бұл сөзінің жаны бар. Америка одақтасымыз соғыс кезінде көмекке берген әлгі аталған машиналар, шіркін, машина — ақ қой. Жол талғамайды. Б.Соқ. ~ Сөзіңіздің жаны бар, аға. Бұл мәселе менің де ба сымды ауыртады. Бірақ жөндеу, қайта қарау қолымнан не келмеді, келмейді де. М.Қаб.
СУ АЯҒЫ ҚҰРДЫМ (БОЛДЫ)
Зым-зия жоғалды, із-тұзсыз құрып кетті, аяқсыз қалды, құрдымға батып жоқ болды. ~ … ұзына бойын қуалай жүрсең — жоқ, құдай деген о байғұстық қай арада тұрып, қоныс-өріс тапқанын, қай араға жамбасы тигенін шамалап та айта алмайсың. Өтті-кетті — су аяғы құрдым. В.Рас. ~ Бәрі де осылай көз алдында көлкіп тұрған көркем көріністен көңіліндегі әншейін буалдыр елеске айналып, су аяғы құрдым боп зым-зия жоғалатын өткінші көк сағымның кебін киіпті. Ә.Кек. ~ Бітіп жатқан үй жоқ, сонан кейінгі кезекте тұрған шаңырақ көтеру мәселесі болса әзір су аяғы құрдымда. М.Қан. ~ Емдеу Орталығына піл түссе де көрер көзге ішірейтіп…бүргедей етіп… түкке алғысыз ғып… су аяғын құрдымға жіберетіндерің қалай осы?! Д.Дос. ~ – Барғым келмейді, — дедің сен еш шімірікпей. Су аяғы құрдым деген осы еді. Іштен тындым да, сіресіп қатып қалдым. «Ажырасар дос ердің артқы қасын сұрайды» деген. Мынау соның кебі еді. С.Үс.
СӨЗІНІҢ КІЛТІ АШЫЛДЫ
Айтқан сөзінің шын мағынасы ашылды. * Көзінен ұшқын ұшқан ер Болаттың Сөзінің бір заманда кілті ашылды. С.Мұқ.
СУ ЖАҢА
Шаң тимеген жаңа бұйым, киім. ~ Кәрі кеуде күмбір қағып, жүрек шіркін өрекпіп кетті. Алпыстың төртеуіне шыққанын ұмытқан сияқты. Жиырма бестегі жігіттей үстіндегі су жаңа түйе жүн шекпенге зорға сыйып отыр. Қ.Най. ~ Сәке, жапа тартып келіпсіз, мына қақаған суықта тым жалаң борбай жүргеніңіз не, осы су жаңа тізе киімді сіз киіңіз, – депті. ҚЕ.
СӨЗІНІҢ ШЫРАЙЫ КІРДІ
Әңгімесіне жан бітті, қызықтыра бастады. ~ Елеместің сырын манадан бері ұйып тыңдап едім. Шарықтау шегіне жеткенше дәтім шыдамай: − Сөзіңнің шырайы жаңа кіріп келе жатыр, айта бер,- дедім. С.Ом.
СУ ЖОРҒА
Жайдақ сауырлы, жайлы жүрісті, жон-бөксесіне су құйып қойса да, төгілмейтін жорға ат. Сол жақ артқыаяғы ақ бақай, маңдайында төбелі бар, су төгілмейтін қара жорға тұр ғой, міне! Ғ.Мүс. * Табаны жерге тигеннен шайқалақтап сазда өскен құлын жорға болмай қайтсін. Шетінен су жорға еді. Т.Сәу. * Екі жағынан қапталдай шоқытып, су жорғаға зорға ілесіп, өздері де шоқырақтай түскен түнеугілерден басқа мұртты казактар екен. С.Жүн. Тілге жүйрік, шешен. ~ Көргенін ұмытпай, естігенін көкірегіне мықтап сақтайтын, сөзге су жорға. Б.Жұмаб.~ Бозбала жиынында өлеңнен бәйгені шаппай алатын да Нұрым, жақсылардың тобында жырдан өрмек өретін су жорға да сол. Х. Ес. Нағыз майталман жорғаның жайлы, төрт аяғын тең басқан жүрісі. * Үш күн арқасы ерден босап, жануартынығып қалыпты. Әдетінше, қамшы салдырмай, су жорғасымен жайқалып келе жатты. К.Қаз. ~ Енді тұсіме домбыра еніп, саусақтарым су жорғаның тең басқан төрт аяғындай еркін самғап, неше түрлі әуендерді тартып жүретінді шығардым.Ф.Оңғ.
