Posted in

СӨЗ ЕМЕС

Түк емес, мән берерлік нәрсе емес. * Қадыр бәйбішеге атының басын да ұстатпады. О да сөз емес қой…Үйиесін ренжітіп жуырда үйге де кірген жоқ. О да тұрсын. Ж.Айм. * Ақ үкінің көзі мынадай, оған тұманың да, түнің де сөз емес, күндізгідей көре береді. Үкінің аты — үкі. Ш.Айт. * — Арғы жағаға жүзіп өте аласың ба? — деген Бөкен. — Бұл өзенің маған сөз емес,— деді Көкбай үстінің құмын қаққылай тұрып. С.Мұр. * Құлағым шалса бітті, кешіңіздің қай жерде өтетіні сөз емес, жұмыстың бәрін жиып тастаймын да Қиыр Шығыста болса да жетіп барамын. Қ.Жиен. Бос сөз, түкке тұрғысы пікір. * — Сөз емес,—деп Эгенсон жаңағы тізімді қалтасына сала бастады,— соқыртауыққа көзіңізді шоқытатын болсаңыз тау қыранымыз деп жүрген большевиктермен қалай алыспақсыз? Ә.Әб. * – Шырақ, біз елге барысымен көңіл айтушылар көбейеді. Жерге қарағанша жылы орнымызды суытпай отыра берейік, біз! – Жоқ, бұл сөз емес, елге алып кетемін! – деді Назарқұл. Т.Әлімқ.

Posted in

СӨЗ ҚАТПАДЫ

Жағын ашпады, ештеңе демеді. ~ Байдың баласы Мұқаш жүктің бұрышында қисайып жатыр екен. Қартқожа соның қасына келіп отырды, Мұқаш ауыр күрсінеді. Сөз қатпайды. Олай-бұлай жалтақтады Қартқожа. Ж.Айм. ~ Сіңлісін де байқамастан, Қолда кітап, төсегінде, Үсті-үстіне бетін ашқан, Бір ауыз сөз қатпай мүлде. І.Жанс. ~ Ауылдың күн батысындағы ақ суды оралып, Имаш пен Жұмакүл қара жолға келіп тірелді. Жолға келгенше біріне-бірі ләм-мим деп сөз қатпады. Екеуінің келешегі сөзсіз-ақ шешіліп, бітіп тұрған сияқты еді. Б.Майл. ~ Мұқаш қандай елден шыққан құдайдан безген, содырлы болса да молданы сыйлайтын. Молда жолығып қалса, сәлем беретін, бірақ байыздап тұра алмайтын. Мұқанның онысын сезіп молда да сөз қатпай тоң айбатпен жүретін. Ж.Айм.

Posted in

СӨЗ ЕМЕСТІ (СӨЗ ЕМЕС СӨЗДІ) АЙТТЫ

Әңгіме қылуға тұрмайтын нәрсені әңгіме қылды. * Зейнеп. Әй қойшы, сен дағы сөз еместі айтады екенсің. Соларға айналып қарайды дейсің бе… Бұл молданың өзі қыз мінезді – ұялшақ жігіт. Б.Майл. * «Бердібек шалдың баласы досым еді» дейді сөз емес сөзді айтып. Дос болса неге соттатпай алып қалмайды; үш жыл аз саған, екі есе ғып беру керек еді. Қ.Түм. * — Әй, Айғанша! Сөз емес сөзді қалай айтып отырсың? Қобланды мынау Балтамнан кем бе еді маған. Сен айқайлап жылағанда, мен іштей егілмей ме екем. С.См.

Posted in

СӨЗ ҚАТТЫ

Ойын білдірді, тіл қатты. * Адамның осындай дүние шеңберінен шығып, ойы он, санасы сан бөлінетін сәттерінде оған жай ғана тіл қатудың өзі қиын да, қиянат та. Б.Қыд. ~ Әншейінде де ойын сырт көзге шалдырмай, салқын тыңдап, бейтарап отыратын Ғабең бұл жолы да араласы жоқ алыстағы бір әңгімені құлаққа ілгісі келмегендей селсоқ қалып танытты да біраздан соң барып қабырғаға қадалып отырып, айдалаға сөз қатты. Қ.Ысқ.

Posted in

СӨЗ ЕСТІДІ

Біреудің кәріне ілікті; сөгіс алды; біреу ұрысты, қатты сөз айтты, тілі тиді. ~ Ауыл адамдары Анаргүлден аулақ жүруге тырысушы еді. Егер абайсызда ұшырасып қалсаң, бір балағат сөз естімей құтылмайсың. Б.Мом. ~ Сол баяғы өршіл де, шамшыл мінезінің ба-сылмағанына қарап: «Е, ағамыздың көңілі күпсіз, ойы орнықты екен. Сағыныштың сар жалқыны жүрегін алмапты. Мұны біл-генде, мұндай қатқылдау сөз естімей-ақ, хабарласпасам да болады екен! Енді, есте болсын», — дегендей қырсық ой қылт ете қалады. Т.Жұрт.* Әй, өзімде де бар. Оңтайлы тесік болса, тұмсықты сұғып алғым кеп тұратыны рас. Осынын кесірінен баяғыда мұғалімнен сөз ести жаздағам. М.Қаб. * Осы ермегім үшін шалдан таяқ жедім, Бақыттан сөз естідім. Қадет қой, қартайғанша қоя алмайтын шығармын. О.Бөк. *«Сіздің кесіріңізден бостан — бос сөз естідім. Дұрыс жұмыс істеген жоқсың деп жалақымнан тартып қалатын болды» деп қорқып кетті ме, Меруерт ұшып тұрып, білегімнен жұлқа тартты: — Жүріңіз! Т.Сәу. ~ Шананы жаяу сүйреп кел дейсіңдер ме? Ондай күш болса осында отырар ма едім, сендерден сөз естіп, – деп мойнын жағасына тыға түсіп, былқ етпестен қалғи берген. О.Бөк. ~ Тек анда– санда Құзыр ойынға елігіп кетіп, түйе исініп кетсе, не Құбылдан сөз естіп, ашуға булыққанда ғана: «Ой, найсап» – деп қалатыны бар. Құзыр әкесін көп ашуландырмайды. Өзі аяттың неше түрін жатқа соғады. Ү.Жәл.

Posted in

СӨЗ ҚАШТЫ

Өсек тарады. * Айнабай өзі ат арқасына мініп жүрген соң қызын тәуір жігітке бергісі келіп Әбдірахманнан үміттенген: «…Әбдірахманның жайына қараймын ғой. Азын-аулақ мал берсе де үйлесер едік…» деп айтады-мыс деген сөз қашып жүрді. Б.Майл.

Posted in

СӨЗ АЯҒЫН (СОҢЫН) ЖҰТЫП ҚОЙДЫ

Айтар ойын түгел айтпай, тежеліп қалды. ~ Қайтейін, қасірет жұтқан лақсаның күйігінен шыққан лақпа да. — Сардар аға сөз аяғын жұтып қойды. Расымен жылап отыр ма?— Қайбір жетіскеннен… М.Қаб. ~ Вася атай жақсы адам. Мінезі тік болса да өте әділ. Кейде… — сөзінің соңын жұтып қойды. С.См.

Posted in

СӨЗ АЯЛҒЫСЫ

Сөздің қисыны, орайы, жөн-жоралғысы. ~ Пәле салу, өтірік шағым дегеніңіз құдай сақтасын, …айтпақшы «Құдай» деген сөзді не қылмаңдаршы, сөздің аялғысы ғой…— деп тағы бір сасқалақтап қалды. Ж.Айм. ~ – Жақсы, өздеріңнің халдерің қалай? – Сөз аялғысы болғаннан соң, осылай міңгірлеуден басқа шарасы қалмады. Ә.Ыб. ~ Мынау әңгіменің әлпеті шым еткізіп жігіттің жүрегіне ой тастады. Дәл осы жолы жай, өзінің ісін жасыру үшін сөз аялғысы ретінде айтса да, мұнысы қисынды, көкейге қонымды. Ә.Ыб.

Posted in

СӨЗ БАЙЛАСТЫ (БАЙЛАДЫ)

Уәделесті, келісімге келді. ~ Түнеугүні Әбен ауылына барғанда, Ақбілекті басқа жерге бермек боп, сөз байласып қайтқан еді. Ж.Айм. * Шағала көлге ел жиі қонғанның бір пайдасын Қартқожа көріп, осы жігіттен бір мезгіл орысша сабақ алып жүрген. Күз осы жігітпен еріп, қалаға баруға сөз байласқан. Ж.Айм. * Шешіліп сөйлесе қойғанда оның ендігі жақтары ба-ла шақта сүйіскен, сөз байласқан Сұлтанбек болмауы әбден мүмкін. Қ.Ерг. * Естуім, сол біз сөз байлап қайтқаннан кейін Смайылды Әбен болыс шақырып алып ұрсыпты. С.Бег. ~ Қыран бүркіт адасты мекенінен, Қыз жаңылды сертті сөз байлауынан. Ж.Молд.

Posted in

СӨЗ БАҚТЫ

Жел сөзге құлақ түрді, өсек-аяң аңдыды. ~ Орыссыз жерде топ болса, Шақырған кісі бармайды. Бітім қылыпбір кісі Адал малын алмайды. Қызығы кеткен ел бағып, Қисыны кеткен сөз бағып, Ендігі атқа мінгендер Күнде ертеңге талмайды. Бас қосылса арысқа, Кім шабады намысқа? Абай. ~ Соры қалың әкенің — кер бағып ұлы өседі, сөз бағып қызы өседі. Мақалмәтел. Сөз қадірін білу, жөн сөзді айыр білу мағынасында. ~ Өнердің ең алды — сөз өнері деп саналады. «Өнер алды қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шама қадарынша сөз өнері атқара алады. А.Байт. ~ Қазақ сөз баққан ел дей-міз де, сөзге қонақ беруді ұмытатынымыз жаман. А.Өм.