Posted in

СӘУРІК АЙҒЫРДАЙ

Өрекпіген, алып ұшпа, алып соқпа мінезді ер адамға қатысты айтылады. ~ Есер топ одан сайын мәз болады. − Әй, сәурік айғырдай қақшаңдаған мына немені де сүйтсек қайтеді! Ә.Кек. ~ Жайнақ құшағынан жерге түсіріп, айбат шеккен бейнемен одырая қарады. Анау бұрынғы дағдысымен, сәурік айғырдай кіжіңдеп, «әкеңнің…» деп, келдегін көтере ұмтылып еді… С.Мұқ. ~ – Қош, қазақтың бетке ұстаған ғалымдарын институттан қудың. Анайы тілмен айтқанда, сәурік айғырша сауырлап талап, әлі де қуып жатсың. Ә.Нұрп. ~ Үйірдегі жасамалы айғырдай өлі ешкімге билік бермеймін деп жүрген шешен биді, сәурік айғырдай төтеден қосылған Ақан алмастай азуымен тура шоқтықтан қыршып, шоңқитып кеткен. С.Жүн. ~ Есейіп, ер-азамат болғанша Орағымды да ұрушы ең — ау, сен шал. Үйірінің берекесін алатын жаман сәурік айғыр сықылды ол нең ол? Қ.Ысқ.

Posted in

СӘУКІМ САЛДЫ

Ойын-сауық құрды. ~ Анау Ермекті жорға мінгізіп тұрып, бұлаңдатып қоя берді. Күнде той, күнде думан, үнемі сәукім салумен жүреді. Б.Қыд. ~ Өзі Іленің арғы жағына өтіп кеткенде белбеуінің ұшы Іленің бергі жағында жатады дейтін атақты Дәурен сал отыз жасына дейін үйленбей салдық құрып, сәукім салып жүре беріпті де, содан бір жылы аржақтағы Жалайыр Күшіктің Төрінбегінің Нұрқа атты қызына ғашық болып, көңіл қосыпты. Б.Қыд.

Posted in

СИ ДЕСЕ СИГІЗДІ

Айтқанын істетті, әмірін жүргізді. * Е, қойшы әрман, кәрі кісіше мақалдамай! Көксауда не келбет бар? Бір жұрын. Сонда да алпыс үй Жаманқұсты си десе, сигізіп… отыр. Көктұмсықта не түр бар? О да ауылнай боп пәлен етіп, түген етіп жүр… деп елдегі атқа мінер, пысықтарды, сұмдарды санай бастады. Ж.Айм.

Posted in

СӘУЛЕ (СӘУЛЕСІ) СӨНДІ

Қараңғылық орнады. ~ Күнәнің куәсі боп қалмау үшін, Күн батып, сам жамырап, сәуле сөнді. І.Жан. ~ Күміс білезігіне терезеден созылып түскен сәуле сөніп жанады, сөніп жанады; қолы қалтырай ма, қалай? М.Қаб. ~ «О, опасыз… Қадір– қасиетсіз. Сүйем… Сүйем дегенің сүмдығың ба еді? Көңілімдегі бір сәуле сөнгендей болды». Жанқалтамнан шылым алып, тартпақ боп сырт айналдым. Сіріңкем лып ете сөніп қала береді… М.Сүн. ~ Кішкене таң боп атамын Сәулесі сөнген баулардан. Сені іздеп келе жатамын Аңырып тұрған таулардан. Ө.Нұрғ.

Posted in

СӘУЛЕ ҚҰЙЫЛДЫ

Жарық түсті. ~ Ақ мамық төсек үстінде ұйқы көрмей тек Жәнібек хан отыр. Сопақтау келген сарай терезесінен ай сәулесі құйыла түсіп тұр. І.Ес. ~ Күн сәулесі құйылған тапал терезеге қарап еді, түнгі жауын ашылып, дала сергіп қалған екен. С.Жүн.

Posted in

СИДАМ (СИДАҢ) БОЙЛЫ

Серейген ұзын бойлы, арық адам туралы. * Солаң етіп қай жақтан шыға келгені белгісіз, сидам бойлы бір жігіт көлеңкедей қалқайып қасыма тұра қалды. Шашы, қасы қап-қара, шүңіт көз, аққұба, әдемі жігіт. Т.Сәу. ~ Ызбары бетіне шауып, бас уәзірін шақыртқан. Көзінде ара-тұра жылт етерлік нұры бар, шоқша сақалды, сидаң бойлы ұйғыр шатыс Бақты-Қожа хан сарайына имене еніп: — Хан ием, келіп тұрмын, — деп тағзым етті. Ә.Ыб.

Posted in

СӘУЛЕ СЕПТІ

Айналасына жарық түсірді, сәуле шашты. ~ Күн жазира шөлістан тынысын кеңейткендей, көкірегіне сәуле сепкендей. С.Ел. ~ Ай сәулесі оның жатын орнына әлі де аппақ сәулесін сеуіп тұр. Баяғы көркем сурет мүлдемге ғайып болған. Ж.Шәк. ~ Жан түкпіріне сәуле сеуіп көкірек қуысында рауандап таң атқандай. С.Ел. ~ Кеудеңдегі шамыңмен өзгелердің жанына жарық түсір, нұр сыйла, сәуле сеп! Ең үлкен парыз-қарызың осы!” И.Сап.

Posted in

СИДАҢ АЯҚ

Сидиған, ұзын сирақты адам. ~ Біреуге ағыл-тегіл жыр біткенмен, Ақыл мен мінез бітпес құр күткенмен. Жан көп қой сыңар бақыт, с и д а ң а я қ, Атаққа бір жамбастап жылжып келген (Ғ.Қайырбеков, Торғай.). Қазақтың тоқпақ жалды, мықты жылқысымен аралас қаз мойын, с и д а ң а я қ түрікмен жылқылары да көзге түседі (І.Есенберлин, Қаһар). Тәпелтек Санат с и д а ң б ұ т жігіттерге ілесе алмады (С.Сарғасқаев, Біз төртеу.).

Posted in

СӘУЛЕ ТӨКТІ (ТӨГІЛДІ)

Айналасын нұрландырып, жарық шашты. ~ Басында зиратыңның оқыдым жыр, Құранның қоңыраулы үні татымастай. Жанары күйіп кеткен кекті жардай, Кешқұрым күңгірт сәуле төкті арай. Т.Әл. ~ Ал сенде қандай көргендік бар? Жан – жағыңа қандай сәуле төгіп жүрсің? Артыңа арамдықтан, қызғаншақтықтан, көре алмастықтан бөтен не қалдырмақсың? І.Ес. ~ Жер–Ана жаңа босанған жас анадай балбырап, бусанып жатыр. Аспан–Ата ту алыстан адамзатқа мейірлене қарап, ай мен жұлдыз айналаға үнсіз сәуле төгіп тұр. С.Дос. ~ Аппақ Айдың жүзінен тозаңытқан сәуле төгіліп, әлгі алаңды бозамық шуаққа шомдыратын. С.Сағ.