Posted in

ШИКІЛ САРЫ

~ Қанға тойған ит сияқты, түсі суық бір ит еді… Осы жыланша ысқырады! Құдды шаяндай, шикіл сары, тік мұрт… С.Сей. ~ Көнбейтінін көрген Шыңғыс «тағы қашып кетер» деген оймен, Шепенің үйіне қаматты да, оның зор, семіз денелі жалпақ бет, долы мінезді шикіл сары қатыны, — Шоңайнаның қолына берді. С.Мұқ. ~ Шикіл сары аттың үстінен еңкейіп, сірә, мені ұрмақ болып, қолын соза беріп еді, ыршып түсіп ұстатпадым. Ш.Мұр. ~ Өмірбек істің мәнін енді аңғарғандай. Әне бір төрде отырған бадыраң көз, шикіл сары есепші мұнымен кездескен сайын әлде бірдеңені айтып, жоқ нәрсеге таласа кетіп жүретін. С.Шайм. ~ Осы бір талдырмаш денелі, ат жақты, кішкене бетті, шикіл сары жас жігіт — пысық та, жұмсаған іске тындырымды да көрінген. Т.Ахт.

Posted in

ШИҚАНЫ ЖҰЛЫНДЫ

~ Оның көңіліне — мен қажының қатыны екенім, жат жерге түскен жаңа келіншек екенім, менің күндесім көп екен, дұшпаным мол екен деген қауіп келмейді. Қайта біреу-міреу мұны тоқыратамын деп ондай ниетпен сөз қозғаса — Нәзипаның шиқаны жұлынады… І.Жанс.

Posted in

ШИҚАНЫНЫҢ БАСЫ ЖҰЛЫНДЫ

~ Стасиктің денсаулығы деп бірнеше рет тост көтерді, сөйтіп отырып, ақыры нілдей бұзылсын. Сөз арасында Мәкіш Қаракентке облыстық театрдың келіп жатқанын айтқан, сол сол екен Кәкіштің "шиқанының басы жұлынып кетсін". Ә.Ысқ.

Posted in

ШИПА БОЛДЫ

~ Өкпе ауруына шалдыққан ұлы ақынға шипа бола ма деп Әбдікерім оны Шыңғыстайға алып келіп, боз биенің сүтіне шомылдырып, қара биенің тосабымен емдеген екен. Қ.Ысқ. ~ Бұндай ғажайып суды, Тұщыбұлақ суындай ғажайып суды еш жерде, ешқашан ішпеген екен. Су жанына дауа, тәніне шипа болып тарап жатыр бойына. Қызының жез қоңыраудай шіңгірлеген үні шақты. С.Ел. ~ Нәсіп иіліп барып, алақанын аурудың маңдайына басты. Құтты қол тисе, шипа болар ма екен дегені. Тәліп басын әрі тартты. М.Кәр.

Posted in

ШӘЙІ (ЖІБЕК) ОРАМАЛ КЕПКЕНШЕ

Тез арада; көп ұзамай. * Әкеңнің ашуы шапшаң. Біреудің сөзіне шарт етіп, кейіп қалатын. Бірақ, бес минут өтпей-ақ әлгі адаммен қайта татуласып, күліп-ойнап отыратын. «Жақсыда кек жоқ», «Жақсының ашуы шәйі орамал кепкенше» деген сол шығар. Ү.Жәлеке. * Айналайын десең өзіңнен пәруана болар аңқылдаған, ақ көкірек, жаны жадыра, дық-кек сақтамайтын, жібек орамал кепкенше көңіліндегі мәлөлдік тегіс ада болар адамдар еді. Б.Қыдырб.

Posted in

ШӘК ЖОҚ

Күмән жоқ. ~ Бүкіл Омбы ішіндегі ақшаның көзін табатын әйгілі саудагерден айырылған соң, Қарасайдың шаруашылығынан да мән кететініне шәк жоқ. С.Жүн. ~ Ол ешуақытта қатты соқпайды. Сыздықтатып жайымен ғана желпіп тұрғаны. Шипалығында шәк жоқ. Қыста аязды да жұмсартып жібереді. К.Қаз.

Posted in

ШӘК КЕЛТІРМЕДІ

Күмәні болмады; кәміл сенді. ~ Құмыраның алқым тұсындағы қашап салған суретке тоқтап, бұл заттың көне сақтар дүниесі екеніне шәк келтірмеді. І.Ес. ~ Құдайдың құдіретіне шәк келтірмесек те, біз — адамдар әлдеқашан бетімізді ашып алғанбыз. И.Сап.

Posted in

ШӘЛКЕМ-ШАЛЫС КЕЛДІ

1. Жақтырмады, көңіліне тиді. ~ Балташқа бұл сөзі ұнамады: — Сен партияға не мақсұтпен кірдің? — деп сұрады. Бұл сұрау Мұқашқа шәлкем-шалыс келді: Мені тергеуші сен бе едің, — дегендей… Ж.Айм. 2. Ойлары жанаспады, кереғар болды, қарсы шықты. ~ Болайын деп тұрған бала. Әттегене, сабағы нашарлау екен, мұғалімдерімен шәлкем-шалыс келіп, келіспей қалад дей ме… М.Қаб. ~ Екеуінің сөзі содан соң-ақ шәлкем-шалыс келді. Айдала, екіленген оларға басалқы айтар жан жоқ. З.Шүк.