Posted in

САУДАҒА ШОРҚАҚ

Сауда-саттықпен айналысу қолынан келмейді. ~ Әуелі өз қатары қолқалаған: «Гүлмираға хат жазып бер. Өлеңмен». Ақын атаулы саудаға шорқақ – қиылған досты көп қинамай жазады. Тегін. Рахметін алады. Ертеңіне келесі ғашық. С.Сағ.

Posted in

САУЫҚ-САЙРАН ҚУДЫ

Ойын-тойдың соңына түсті, көңіл көтеріп, қызық көруді мақсат тұтты. ~ Егер Сүлейменмен жұрт жаңғыртып құда түссе, одан артық тілек бар ма. Мал қумай, ән-күй, сауық-сайран қуып желігіп жүрген Ақанның аяғы шідерленіп, шаруаға бетбұрар ма еді. С.Жүн.

Posted in

САУДАНЫ ПІСІРДІ

Әлдебір саудаға келісіп қойды. * Мұндай күйрек болар ма? Шарт та шұрт 12 қараға сауданы пісіріп, келер сәрсенбіге мал бермек болып, қаз ілген қаршығадай тойқаңдап атқа қонды. Ж.Айм.

Posted in

САУЫҚ-САЙРАН ҚҰРДЫ

Ойнап-күлді, көңіл көтерді, сайран салды. ~ Жарас (Айманға Теңгені көрсетіп сөйлейді). Айман жан, дәл осы адам тегін емес, сезіп тұрмын. Кәзір шапшаң ғана тамаша сауық-сайран құрып жіберші. Сыр бермей тулатып көрші осы біреуді. Тұтқын емеспін, тоқалмын деп шапқа түртші! М.Әу. ~ Көшу — жастарға, балаларға көңілді сауық іспетті әсерлі іс ретінде саналған. Салт мінген қыз-келіншектер, жігіттер тай-құнан мініп, оларға ерген ересек балалар мен жарысып жемістер теріп, өлеңдетіп, сауық-сайран құрған. С.Мұқ. ~ Қайша – Балқаш теңізінің күншығыс жақ бетін жайлап жатқан тобықты елінің қызы. Сол елге құрбы-достарымен бірге сауық құра барғанда, той үстінде танысқан. Б.Тоғ. ~ Кілең жорға мініп теңселген жастар тобы алтын-күміс тұрмандарын жарқылдатып, әндерін шырқап, көштен бөлек оңаша кетеді. Сауық-сайран құрады. Ж.Сәм.

Posted in

САУДАСЫ БІТІП, БАЗАРЫ ТАРАДЫ (ҚАЙТТЫ)

Уақыты өтті, жасы келді, бағы тайды. ~ Жаздай құмырсқаның илеуіндей қыбырлап, құрттаған жәрмеңкенің саудасы бітіп, базары тарай бастады. Қойлар, сиырлар қос-қостап, жер-дүниені шаңдатып Қызылжар жақтың қырмасына (бойнасына) айдалды. І.Жанс. ~ Алдында бүкіл бір өмір жатыр– ау керіліп! Бұл саудасы бітіп, базардан кайтқанда, ол енді келіп араласты. Қайран отыз бес! Бұл ер жігіттің нағыз толысар шағы емес пе?! Қ.Жұм.

Posted in

САУЫҚ-САЙРАНМЕН КҮНІ ӨТТІ

Бар уақытын көңіл көтеруге жұмсады. ~ Таң сәріде мұнарланған тұманы көкжиек көмкерген, атырабы көрсең – көзің тоймайтын құбылысқа толы, Жаз бен қысы айырғысыз, қам-қайғысыз қоныс болған, сауық-сайранмен күнім өткен, бабам Құбылай салып кеткен, қайран байтағым – Ханбалық! Т.Жұрт. ~ Түмен жұртқа патшалық еткен, ақыры қор болған, ей, шақша басым! Қайран сауық-сайранмен өткен күндерім! Т.Жұрт.

Posted in

САУДАСЫ БІТТІ

Құрыды, шаруасы тынды, сәтсіздікке ұшырады, аяғы аспаннан келді. * Бір сұлу официанткаға, шынымды айтсам, өліп — өшіп үйленіп едім. Оным сәтсіз болды. Басы — аяғы бір жылдай отасқаннан кейін екеуміз ажырасып кеттік. Әйтеуір абұйыр болғанда, баламыз болмады. Бала болса, онда менің саудам бітер еді. Б.Соқп. * Дәмелінің есіл-дерті көзінің тірісінде алдындағы Ақылжанды жау қылышына бермеу. Шаба-шаба ұзаңқырап кеттім-ау дегенде, көктен түскендей бүйірінен бір солдат шыға келді. Енді саудамыз бітті ғой деді ішінен. К.Қаз. * Орынсыз аяушылық — ойлы адамды өлтіретін осы! Айналадағы кісілер өзіңді аяй бастағанда саудам бітті дей бер. Адамдардың аяушылығы кездейсоқ ұшырасқан тіленшіге жаны ашығандай алдамшы дүние. Ж.Шағ. ~ Барақ байғұс, оның қасында тіптен әлсіз екен-ау… әлсіз… Әне, саудасы біткен, өлеңді ыңырсып қана айтып жатыр. Енді көп болса жарты сағатқа жетер күші, онан соң бітті. С.Мұр.

Posted in

САУЫҚ (САУЫҚ-САЙРАН) САЛДЫ

Көңіл көтерді, той тойлап, ойын-қызыққа берілді. ~ Бәсе, Ойке апа деген біздің қатын. Былтыр ала жаздай серілік құрып, ел қыдырып, қыз-келіншекпен сауық-сайран салмадым ба? Содан, аяғы қызық бітіп, үйге қайтатын да мезгіл жетті. М.Әу. ~ Күйеудің күйеулік құрметі өз алдына, мені ол ауылға отырғызбайтын болды. Күйеуді сылтау етіп қонаққа шақырып, ән шырқатып, сауық салу қыза түсті. С.Бег. ~ Күйеудің күйеулік құрметі өз алдына, мені ол ауылға отырғызбайтын болды. Күйеуді сылтау етіп қонаққа шақырып, ән шырқатып, сауық салу қыза түсті. С.Сей. ~ Әйгерімнің ағы ақ, қызылы қызыл боп, өзгеше құлпырғандай. Бұрынғы бір Абаймен ыстық шағындағы, сауық-сайран салған, шексіз ән сызылтқан күндеріндей көрікті екен. М.Әу. ~ . Өмірі жіп сабақтап көрмеген қос қызы бақуатты қосақтарын тапса да әкесінің дәулетінен қол үзген жоқ, керісінше аямай шашты. Ақсүйек атпалдардың ортасында дулы дәурен, сауық-сайран салды. Ж.Аяз.

Posted in

САУДАСЫ КҮСЕТ БОЛДЫ

Қолы жүрді, саудасы жақсы жүріп кетті; жолы болды. ~ Б о қ а ш. Әрине. Саудамыз күсет болып жатқан жоқ па, мұнда келгелі? Алтын, күміс, асыл тас дегендерді бұл арадан арбаға артып, түйеге теңдеп алып қайтатынбыз. қымбат өткізіп жүрміз. С.Мұқ. ~ Қақпадан кірген Демежанды көріп, құрақ ұшып алдынан шықты. Өзі алыстағы Керей ішінен кеше ғана оралыпты. Апарған саудасы күсет болып, ырғын пайда түсірген секілді. Қ.Жұм. ~ Бұл кездері Қанаттың айы оңынан туып, үкіметтен үй тиіп, жекелік жеңіл машина, барахолка базарынан дүңгіршек дүкен алған. Саудасы да көп– көрім күсет болатын. Т.Рыск.

Posted in

САУЫҚ КЕШІ

Ойын-сауыққа арналған жиын. ~ Бұларға қоса, арғы шеті Москвадан, бергі шеті Алматыдан театрлар немесе жеке артистер келіп гастроль жасап жатады, сондықтан Қарағанды клубтары сауық кешінсіз тұрмайды. С.Мұқ. ~ Бір күні кешқұрым сілем құрып үйге зорға жетіп, енді тізе бүге беріп ем, балаңыз сауық кешіне киініп баратын ақ көйлегімді жуып қоймапсың деп дігірлей жөнелгені. Ә.Кек.