Жасы ұлғайып, егде тартқан әйел. ~ Элмира бекерден бекер ерте тұрмаған екен. Түс әлетінде гүл ұстаған, арақ-шарап, кәнпит көтерген Элмираның өзі құралыптас саркідір әйелдер жиналып, оның туған күнін құттықтады. Ж.Сәм. ~ — Ойбай құдай, не дейді… Қарғашымды қалай жібере саламын…— деп от жақта шай құйып отырған саркідір әйел баж ете қалды. Қ.Мүб. ~Жаратылысында сүйегі бостау Ділдә бала басты болып, тез қартаюға айналған. Бетіне айғызданып ажым түсіп саркідір қатын болған. Әрх.Кәк.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
САРТ МЕЗІРЕТ
Сырт көз үшін жасалған ниетсіз, жалған ілтипат. ~ Ал сендерге бостандық беремін. Бостандық болғанда — бетің ауған жаққа жүре бер деген сарт мезірет емес, жаңа үкіметпен жанастырып кетемін, — деді. Ә.Тар. ~ Атып тастайтындай абыройы былғанған жоқ. Оған көкте құдай, жерде Балдамша куә. Менікі сарттың мезіреті. – Жә, қой оны, шаруаға көш. Н.Дәу. ~ Жігіттің мұнысы сарт мезірет екенін іші сезіп тұрғанымен, айтарға сөз таппай, сасқалақтап қалған. Н.Қам.
САРКІДІР ТАРТТЫ
Қартайды, егде жасқа жетті. ~ Осыдан бір ғана белдің астындағы егіндіктеріне дүңгендермен бірге қарауыл болып отыр. Қонақтары келгенде, үйде Мұрыншақтың саркідір тартқан әйелі ғана отыр екен. Ж.Ахм. ~ Ұзын бойлы көзілдірікті кісі өзінің сабырлы, тәкаппар кейпі мен саркідір тартқан жас шамасына қарамай жеңілтек асығыстықпен есікті лақтырып ашып ішке кірді. Т.Әбд. ~ "Аңқам кеуіп тұр" деген соң, Қабанбаймен бұрылып, "Кооператор" дүкеніне соқтық. Бір бұрышында ұлттық тағамдар кафесі бар. Саркідір тартқан жуантық қымызшы әйелден басқа ешкім жоқ екен. Т.Сәу. ~ Дүниеде сарыла күтіп тосқанның, сірә, қиыны-ай… Саркідір тартқан үлкеннің де, ақ уыз әлі жастардың да алаң болған жүздері алабұртып өзгеріп кетіпті. С.Ғабб.
САРША (САРЫ) ТАМЫЗ
Шілденің шіліңгір ыстық кезі. ~ Осындай бірін–бірі аңдыған ұрыс жиырма күнге созылды. Сөйткенше шілденің сарша тамыз ыстығы келді. Сол жылғы жаз, Мауреннахр жерінде өте ыстық болды. І.Ес. ~ Талас алқабын жайлаған қырғыздар арасында бір аңыз бар. Шілденің сарша тамыз ыстық кезі. Бір жігіт Талас өзенін көшіп өтпек болады. Ш.Айт. ~ Қырық күн шілденің сары тамызында қойды, өз қойымды түнде, ең болмағанда таңғы және кешкі салқында жаймақ ойым бар. С.Бақ.
САРҚҰЛАҚ ТАРТТЫ
Сарғайды. * Көк жапырақ сарқұлақ тартқан күз еді. Б.Тоғ.
САРША БЕСІН
Түстен кейінгі, екіндіге таманғы уақыт. ~ Сарша бесінде екі салт атты сар желіп Алабастың қойнауына кірді. Бірінің астында семізден қатқан қара аты бар, бірінікі торы байтал. Ж.Айм. ~ Мамырдың мамыражай сәті ғой. Күн демалыс-тын. Сарша бесін кезі болар. Арасында ұйыт—қыта соққан майда жел қа-й—ың, терегі аралас қалың ағ-аш жапырақтарын ақырын тер-беп, сыбдыр қақтырып қояды. М.Мұқ.
САРҚЫТЫН ІШТІ
Атақты, беделді, өнерлі адамдардың қалған асын сол кісілердің қасиеті жұқсын деген ырыммен ішу дәстүріне қатысты. Өнегесін, жақсы қасиеттерін бойына сіңірді, мұра қылды д.м. ~ Ауылдың орта шенінде. Кеңсеге алынып отырған Жаппасбай үйімен көрші. Омар қартаң адам. Жаппасбайдың сарқытын ішкен үзеңгі жолдасы. Б.Майл. ~ Торсықпай, Мыңжасарлардың сарқытын ішіп келіп, жаңа заманның елегінен өткен, бүгін жүлде алып жүрген халық артистері –Қалыбек, Серке, Елубайлар бір жағынан жарқыраған жаңа болса, екінші жағынан өткен заманнан қалған асыл мұра екендігіне де күмән болмауы керек. Ғ.Мұст. ~ Мына жігіт кім болады? – деп сұрайды Қожакең үй иесінен. – Мен хан сарқытын ішкен асылдың қиығымын! – деп пұшықтың өзі желпіне жауап қайтарады. Ғ.Қаб. ~ Ыбан күмілжіді: Үзеңгі қағысқан ит қой, ренжіп жүрмесе?! Қимасаңыз өзіңіз барып көңілін көтеріңіз! Бұл сөз Ыбанның шамына тиді: Әй, сен кімнің арқасында герой болдың? Мына менің арқамда! Ертең сөзіңнен ши шықса, түзететін әлі де мен! Талай-талай дөкейдің сарқытын ішкен әкең!.. Т.Әл. ~ Үстімде әскер киімі болмағаны мұндай оңды болар ма, әйтпесе қиын болатын еді, мен де тайсалмадым: «Күткеніңіз сол болса, да болар. Разин мен Пугачевтің елді ластардан қалай тазартқанын білесіз ғой», дедім. Ол енді, не десе де, мынау кешегі декабристердің сарқытын ішкен бір қу екен деп қалды. С.Бақб. ~ Салық Зиманов Алашорданың ізін басып, сарқытын ішкен, Ұлы Отан соғысында қан кешіп, мұз жастанған батыр, теңдессіз ғалым, кемеңгер тұлға еді. Қ.Мәм.
САРША ТАМЫЗ
Алтын күз таяп қалған уақыт. ~ Бір Өгіз айдын шалқар көлге келді, Жағалап суаты бар жерге келді. Шілденің сарша тамыз ыстық кезі, Бек қатты қаны қашып шөлдеп еді. А.Байт. ~ Күн ыстық, қайнап тұрған сарша тамыз, Жанында қан, малында қалмаңыз. Оразаның күні еді сол уақытта, Бұл күнде оразаны не қыламыз! Ж.Жаб. * Тамшы тамбай тірлігіме бір түйір, Сарша тамыз, сарғайттың-ау! Қаңсыдым. Сеңгір-үміт, селдіреме. Сенемін, (Мен де өзімше жақсылармен тең едім) … А.Түс. ~ — Неткен қайсар өзің де, Бір өлермен баласың! Сарша тамыз кезінде Қайда тартып барасың?! Ғ.Қай. ~ Сарша тамыз ішінде, Ыстық еді күн неткен. Жасыл барқыт пішінде, Жайқалып тұр ну біткен. С.Мәу.
САРП БОЛДЫ
Зая кетті. ~ Елеусіздің жүрегі аузына тығылып, өкпесі қысылды. Тула бойы шымырлап, маңдайынан тер шықты. Қаншама нерві, қан-сөлі, саламаттығы сарп болған, екі рет көшіріп жазып, ортан қолы құс байлаған енбегі заяға кеткені ме? Т.Әл. ~ Кейде сол залым сағат осы төстің аңсаулы минуттарын шотқа салып, аяусыз есептеп, уақыттың бей-берекет сарп болып бара жатқанын еске салғысы келгендей есерлене түсе ме дейсің. Қайткенде де кемпірге солай көрінеді. Қ.Ысқ.
САРЫ (САР) ЖАМБАС БОЛДЫ
Ұзақ жатқаннан, бір жерде отырғаннан мезі болды, жамбасы тесілді. ~ Біле білсе, сол ата-баба да бір жұртта сары жамбас боп шаңға көміліп отыра бермей, жанталасып малы мен жанына өріс іздемеп пе еді? Ә.Нұрп. ~ Сары жамбас болып, түгіне су өткен, қыстың аязынан әрең шыққан арық қойлар құйрықтары бүрісіп, қиқым сиқымды теріп жеген болады. Ж.Нәж. ~ Естерек Жаманбайұлы ақсақалға Сапырып тұр Желтоқсан ала шаңын, Мықыр аспан. Мүжік тау. Аласа қыр. Төсек тартып қалыпты сар жамбас боп, Іздеп келген алыстан қара шалым. С.Нұрж.
