Сәні, берекесі кетті. * Т ө л е ш. Қыска күнде тізгінді қырық бердім. Ағайын ұйытқысы бұзылмасын, Бейсембінің шиі жазылмасын деп, алдынан бір шыққаным жоқ. Мені неге тоқалға жығып береді? М.Әу. * Жерді жетіскен алды. Кедейлер қоныстан қуып шығарылды. Әкімшілігі, реті, сайлау салты қырық құбылған елдің берекесі кетіп ұйытқысы бұзылды. І.Жанс. * Өрісі тарылып, жайлауы жұқарған даланың етек- жеңін күн сайып қысқартып бара жатқан жаугершілік заманның жан алқымға алып, қысқаштай қысып тұрғаны бұл жиынға ұйытқысы бұзылған елдің дау- шарымен қоңыраулатып жеткендей. С.Смат. ~ Дәп ұйытқысы іріген тұсқа киліккен жастық ғұмыр, қолдан жасалынған қилы сынап-байқаудың негізгі нысанына айналды. Ә.Ыб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ҰЙЫТҚЫСЫ ШАЙҚАЛМАҒАН
Берекесі, сәні кетпеген; тіршілік-тұрмысы жарасымды. * — Келістірдің. Ұйтқысы шайқалмай отырған ауылымның үстінен әскер құлатып, аузы түкті кәпірге, әне, қасқырдай талатып жатырсың. Ә.Нұрп.
ҰЙЫТҚЫСЫН ШАЙҚАДЫ
Шырқын бұзды, ынтымағынан айырды, берекесін кетірді. ~ Атаң тұтқан Абылай Он-сан жатқан орта жүз, Ұйытқысын оның шайқадың. А.Байт.
ҰҚСАМАСАҢ ТУМАҒЫР (ТУМА)
Ата-анасына айнымай тартқан балаға айтылатын қошемет сөзі. (Кейде аталарының жаман қасиеттерін қабылдаған балаларға сөгіс ретінде де айтылады). * Сосын өзіне-өзі келгесін, қайтадан балаға төніп, көзінің қиығымен сығырайып Ботпайға қарады: – Бәтшағар, айнымай тартыпты-ау… Ой. ұқсамасаң тумағыр! О.Сәрс. * – Өй, ұқсамасаң тумағыр! «Ұры Тобықты, ұры Тобықты!» деп Керей, Уақ зар қағады. Қаршадай баласына шейін ұры болудың жөнін жете біліп тұр. Зар қақпай қайтсін Керей, Уақ!.. — деп өзі де күлді. М.Әуез. * – Ий, ұқсамасаң – тумағыр сорлы, әкеңнің сиқы анау, содан асып қайда барам дейсің! – деді кейісті болса да менің ендігі тағдырыма көндіккен дауыспен. Т.Сәу. * Мына отырған соның тұяғы. «Ұқсамасаң тума» деген сөзді бұрынғылар қалай біліп айтқан десеңші. О.Көш. ~ Жасыратыны жоқ, осыдан бірер жыл бұрын сирек те болса жол қапталында қалқайған қарағаш пен қаратал қарға да, қарғаға да пана болып тұрушы еді. Бірі де қалмапты… …Есіме әлгі Дешті қыпшақ көшпенділері түсе кетті. “Ұқсамасаң тумағыр-ай” десеңші?! И.Сап.
ҰЙҚЫСЫ ПЫРДАЙ, ЖЕЛКЕСІ ҚЫРДАЙ
Еріншек, маубас д.м. — Түу, Балбақ, тіршілігің жоқ байқұс екенсің ғой. Әй, ұйқың пырдай, желкен қырдай жалқауға лайықты-ақ адамсың. Б.Қыд.
ҰЙҚЫСЫ СЕРГЕК
Елеңдеп, мазасызданып, тез оянып кететін адам туралы. ~ Байшоқының ұйқысы сергек, күндегі әдеті таң сәріде тұрған. Үйде жақын туыстары Пірімжар қарт қонақ еді. З.Шүк. ~ Қарт адамның ұйқысы сергек болады. Ол кісі тұра салысымен таң сәріде самаурын қояды. Біз ұйықтап жатамыз. Б.Мом. ~ Әкем біраз жасқа келген, ұйқысы сергек мазасыздау адам еді. Ә.Сәр. ~ Иттің абалағанын, мотор гүрілін есіткен Мария Тереза жатқан жерінде алғаш тізесін құшақтап, үнсіз қалды, содан соң жамылған көрпесін лақтырып тастап, атып тұрды. Соңғы кездері оның ұйқысы сергек болатын. М.Кәр.
ҰЙҚЫСЫ ШАЙДАЙ АШЫЛДЫ
Бірден оянып, есін жиып алды, ұйқысы тарап кетті. ~ Өзім ондайда сергек ұйықтаушы едім, көзімді ашып алғанда ұйқым шайдай ашылып кетті. М.Әу. ~ — Жете қалсаң тік ұрма, шоқпарыңа тіреліп жығыласың. Қатарласа беріп, қара тұмсықтан қаға ұр… — деп әдіс те үйретіп үлгірді. Сарыбала жайдақ, ұйқысы шайдай ашылған, қасқырға көзіге ағызып келеді. Ғ.Мұст. ~ Қария мінген мезеттен ұйқысы шайдай ашылады. Әңгімелерін тамсана тыңдап, Кентауға жетеді. С.Қасымб.
ҰЙҚЫСЫН АШТЫ
Есі кірді, көзі ашылды. ~ Біресе бұл жарлық әншейін қазақты шошытуға, тәубесін есіне түсіруге, ұйқысын ашуға жіберген «құдайдың сыны» шығар, ел боз қасқасын айтса, құрмалдығын берсе, мойнына бұршақ салып еңіреп жыласа, «Өзінен» тілесе, көздің жасын иетіндей, жарылқайтындай көрінді. Ж.Айм.
ҰЙҚЫСЫНАН ОЯНҒАНДАЙ
Оқыс болған жағдайға елең етті. * Қамбардың саңқылдаған үні қайта шыққанда Дархан ұйқысынан оянғандай селк етіп барып жанына жалт қарап еді, Дүрия сіңлісінің құлағына әлденені сыбырлап, күміс табаққа түскен теңгедей сыңғырлай күліп тұр екен. О.Бөк.
ҰЙЛЫҚҚАН ҚОЙДАЙ БОЛДЫ
Малдай жайылып кетті д.м. ~ Ортасында ұйлығып, Кетпейін десе, жері тар, Кетейін десе, алды-артын Қоршап бір алған кәуір бар. Ұйлыққан қойдай қамалып, Бүйірінен шаншу қадалып, Сорлы бір қазақ қалды, ойла! Бұқар жырау. ~ Жұрт жайылып, ұйлыққан қойдай болып, Иесіз (ессіз) жүрсе, күні айт пен тойдай болып. Ел билеуші қасқырдай күнде талап, Жүрген жері у мен шу, ойбай болып. М.Ж.Көп.
