Posted in

ЫҒЫНА (ЫҢҒАЙЫНА) ЖЫҒЫЛДЫ

~ Ертең, арыз жазып, жейді, ішеді деп көрсетіп жіберсе қайтеді? Ендеше, Алшағырдай ақкөздердің шамына тимей, ығына жығыла салған жөн. М.Қаб. ~ Бірақ, иі жұмсақ адам еді, онсыз да тағдыр тәлейіне түсіп жатқан балалардың көңілдеріне су сепкісі келмеді ме: «Жарайды, тауып әкелейін, бірақ ертең ұятқа қалдырмаңдар мені, эфирді былғап» деп ықтарына жығылған. З.Төлеу. ~ … гуілдей соққан желде де, оның ығына жығылған шөпте де… тамыры тереңге кеткен байыпты, байсалды бәйтеректе де, бар ауыртпалықты көтерген жерде де салмақты ой жатыр. Ә.Ысқ. ~ Әйтеуір бағына кенже ұлы мен соның келіншегі ғана ығына жығылып, жантайып жастық, иіліп төсек болады. Т.Рыск. ~ Шығыстың бір ғұлама ғалымы шыдамсыз ауруға былай деген екен: «Біз үшеуміз. Сен, сенің ауруың және емші. Егер сен ауруды қолдап, соның ыңғайы на жығылсаң, мен дәрменсізбін. Ал, сен маған сенсең, .онда біз екеулеп ауруды жеңеміз». Сол айтқандай түсін сен, жақсы ма? М.Сүн.

Posted in

САЛҚЫН АМАНДАСТЫ

Қас-қабағынан онша жаратып тұрмағанын байқатты д.м. * Иванов кешегідей емес, «Мукашке» деп қолын созған жоқ.Салқын амандасып: — Қандай қызмет қалайсың? — деді. Балташқа айтқан сөзін Мұқаш тағы айтты. Ж.Айм.

* Майбасарлар Құлыншақ үйінің сыртына кеп тоқтағанда төбе басындағылар да жетіп еді. Екі топ ақырын ғана салқын амандасты.  М.Әу. *  Ауылда сөз жатқан ба, әлденені құлағы шалып қалған Бименді Дәмелімен салқын амандасты.  К.Қаз. * Ауылдың ер-азаматы бас шұлғысып салқын амандасқан құда жігіттерді аттарының шылбырынан алып түсірді де, жеке тігілген сегіз қанат ақ үйге енгізді: — Бұлары несі, өңдері жаман ғой? — Қыз алуға келген адамдардың сыңайы жоқ.  С.Жүн.

Posted in

САЛҚЫН АҚЫЛ

Ой тереңдігі, байыптылық, саналылық. ~ О, дариға сол бір той, сол тойда өткен таңғажайып күн мен түн… Кәмешпен үшінші көрісу… Көрісу болғанда әшейін танысу емес, табысу – бірін– бірі алыстан барлап, салқын ақылмен танысу емес, жақыннан бетпе– бет келіп ыстық сезіммен ессіз, көзсіз табысу… З.Қаб. ~ …менмендік пен аса байқала қоймайтын асқақтықтың, ұстамдылық пен тамыры тереңде жатқан салқын ақылдың нышаны аңғарылады. А.См. ~ Ертуарға жақсы білім мен бірге жақсы тәрбие берген атасы мен әкесінен, жылы жүрек, салқын ақыл сыйлаған Алладан айналдым. С.Досж.

Posted in

САЛҚЫН (СУЫҚ) ҚАНДЫ

Ұстамды, сабырлы. * Тоңазытқыш мықты туып, Тамақты өз ішіне тықты қуып. Енді олар қойып еру, балқығанды, Амалсыз бола қалды салқын қанды. Қ.М.Әл.* Депутат жігіттің қабағы қатыңқылау отырған. Сабырлы да ойлы жүзіндегі байсалдылық алғаш көрген адамға салқын қанды, тоң мойын біреу ме деген күдік туғызып тастауы да әбден мүмкін. Ф.Оңғ.

Posted in

САЛҚЫ ТӨС

Салпиған, жуан төс. ~ Қонжықтарымыз да сүйкімді, қылықты, ойынпаз келеді.  Кейде олар салқы төс аюлардың салмағын көтере алмайтын зәулім шынарлардың жас бұтақтарына өрмелеп, зәре– құтымызды қашырып ойнайды. Д.Қу. ~ Есік ашылып, босағадан ит көрінді. Әуелі күшік жүгіріп шықты. Соңынан жетектегі, танадай, салқы төс, тарғыл дүрегей аттады. Д.Аман.

Posted in

САЛҚАР КӨШ

Үлкен, мол көш. ~ Ауылдың жанында салқар, ұзақ көштей созылған тіпті көп арбалар тұр. М. Әу. * Бұлыш қара арғымағын текіректетіп жолға түсті. Соңынан тізіліп салқар көш қозғалды. С.Елу.

Posted in

САЛДЫР-САЛАҚ ҚАРАДЫ

Өз ісіне қалай болса солай, жауапсыздықпен қарады д.м. ~ Осы уақытқа дейін бұл іске салдыр-салақ қарап келген қала қонақтары қазір жаппай төлқұжат алуға көшуде. БАҚ. ~ Ақ халатты абзал жандар олардың дәріден уланғанын білісімен аудандық ішкі істер бөліміне хабарлаған. Ал, таблетканы жарым-жартылай пайдаланған екі оқушыны періштелер қаққан болу керек. Бүгінде С. Зубареваға Қылмыстық Кодекстің 141-бабы бойынша, өз қызметіне салдыр-салақ қарады, адам денсаулығына абайсызда залал келтірді деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалған. БАҚ («ЕҚ»)

Posted in

САЛДЫҚ ҚҰРДЫ

Ойын-сауық құрып, ел аралап, өнер көрсетті. ~ Орыстың бенжегін, сарттың шапанын, дүңгеннің шалбарын араластырып киіп, қылымсып, салдық құрған Курасовтың әтіреті иен көшеде сайран салады. Ж.Айм. ~ Әмір де салдық құрып, қызыл– жасыл киінген, домбыраларына үкі таққан, астындағы аттарының жал– құйрығына шүберек байлап, өнерді өмірлік мақсат еткен. Т.Жұр. ~ Өзі тентек, ожар Сәркеннің өзінше салдық құрып, сауық іздеп кететін кездері де болады екен. Ү.Жәл.

Posted in

САЛҒАН ЖЕРДЕН

Бірден; әу дегеннен; әй-шайға қарамастан; әйт дегеннен. * Тергеуші мүдірді. Салған жерден өтіп тұратын сұрапыл әйелдерге тізгінді өздеріне бере отырып сөйлеспесең, беттен алып, төске шапқаны шапқан деп ойлады ол. Н. Дәут. * Ал оныңыз салған жерден тұлданып, бір нәрсесін өткізіп қойғадай, өзіңе қарай қарсы шабуылдайды. Қ.Жиен. * — Сен бе?! — деді бұл салған жерден. — Бұны жылатқан сенбісің?!  Д.Әш.