Жоғалып кетті. ~ Атағы жер жарған, есімі кітапқа енген сол бір аруақты ағамыз ел ішінде сабанға түскен инедей табылып болмады, іздейміз деп табанымыздан таусылдық. Д.Дос.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
САБАН ТОЙ
Егін жинау науқанының бітуіне арналған жиын-той. ~ Мына сөзіңді жел алып кетсін, Тәліп ағай. Сабантойдың қарсаңында кісі сырқатын ойлай ма екен, — деп Уәлетдин сөзді басқа жаққа бұрды. М.Кәр. ~ Сабантойларда шалқып та тасып сөйледім, Сөзімнің бәрін саралап діттей бермедім. Өзімнің кейде бойымнан биік секірдім, Антеймін, — дедім, — тұғырым бірақ Жер, — дедім! К.Мырз.
САБАН АҚША
Құны жоқ көп ақша. ~ Алғашқы екі-үш айда айтқан жалақысын дұрыс берді. Советтің соңғы сабан ақшасын уыстап әкеп, һаялдың алдында әжептәуір аптариха жинап қалып ем. Т.Сәу. ~ Бұл 1992-ші жылдың күзі кәдімгі сабан ақшаның кезі еді. З.Нұрт.
САБАЛАҚ ЖҮНДІ ОРМАН
Ит тұмсығы өтпейтін ну орман. ~ Төрт құбыладан бірдей ерейіп-серейіп, үстіне төніп тұрған ақар-шақар тауларға, тауға біткен үйірім-үйірім сабалақ жүнді орманға да, тау басында қалықтап жайылып жүрген бүркітке де, тауға тырмыса жайылып, жатқан құмырсқадай жылқыға да, қостан аулағырақ өзек қуалай, шыққан шоқ-шоқ бұтаға да Ақбілектің көзі тоқтап тұра алмай, сырғанап келіп, жер ошақ басындағы қазақтың қара құманына, қара астауына жыртық орыстың шөмішіне тоқтады. Ж.Айм.
САБАҚТЫ ИНЕСІНЕ ДЕЙІН
Бәрін, түгелдей, түгін қалдырмастан. ~ Енді не істеуді жалғыз ғана адамға ақылдастым. Ол Нұрбек Қасымов. Кеше алған мылтығын апарып беріп, «осылай да осылай» деп, кешеден бері бастан кешкен оқиғаларымды, сабақты инесіне дейін қалдырмастан айтып беріп ем, «қап, иттер-ай?» деп, ол да қатты толғанып кетіп: — Енді не істемексің?— деп сұрады. С.Мұқ.
САБАҚТЫ ИНЕСІН ШАШАУ ШЫҒАРМАЙДЫ
Қолы тар, сараң. ~ Бәрiмiзден де Жұмекең ерледi-ау. – Қасқақ әншейiнде сабақты инесiн шашау шығармас қарттың мәрттiгiне сүйсiндi. К.Сег.
САБАҚТЫ ИНЕ СӘТІМЕН
Орайы келіп тұрған немесе сәтті орындалған іс туралы. ~ Әр бір іс ойдағыдай орындалғанда қазақ: «сабақты ине сәтімен» дейді. С.Мұқ. ~ Сол күн де жақындап қалған. Сабақты ине сәтімен келе жатқан… Ш.Айт. ~ Бір қисайған жағыңнан өлсең де тұрмайсың. Жарайды, «сабақты ине сәтімен» деген, дәрігеріңе көрсет Сәтмағамбетті. С.Ом. ~ Әлбаба көп ойланған жоқ, бойы да, ойы да жетіліп, піскен жемістей сабағынан үзілгелі тұрған қызды күйеуге бермеу обал, әрине, дегенмен асығатын не бар, «сабақты ине сәтімен», қызымызды жайлаудан қайтарда ұзатамыз деп тоқетерін айтты. Н.Қам.
САБАҚТЫ ИНЕ (ЖІП) АЛМАДЫ
Ештеңе алған жоқ, құр қол кетті. ~ Күндіз-түні жүрсе де, біреуден «расходым» деп, «шығыным» деп сабақты ине алған адам емес, не көрсе де өзі көреді… Б.Майл. ~ — Сері, көзіңнің тірісіндегідей бәрін тікесінен өзіңе қалдырдым. Үйіңе келіп жүрерсің.
Өзің барыңдағыңнан бұзбаған едім, бұзбай кеттім,- деп он екі жасар қызын жетектеп, жылап шығып кетіпті. Үйінен сабақты жіп алмапты, «бәрі серінің өзі барындағыдай тұрсын» депті десер еді, ауылдағылар. Б.Қыд.
САБАҚТЫ ИНЕ-ЖІП БЕРМЕДІ
Түк те берген жоқ, еңбегін жеп қойды. ~ Кеше Маржан келін барып қымыз ішкен екен, сонда інің айтып отыр дейді: «Он пұт
астық көп болушы ма еді, тігінмен бар астығымызды жиып алды…» деп. Несін алдық екен, өткен өмірінде тігінін тіктіріп сабақты ине-жіп беріп көрген жоқ. Б.Май.
САБАҚТЫ ЖІП ҚАЛДЫРМАДЫ
Түгін қалдырмай тонап кетті, сыпырып-сипап әкетті. ~ Көзіне түскен жанды түгел қырып, үйлерді түндігін түріп қойып сабақты жіп қалдырмай түгел тонап алды. C.Ақт.
