Posted in

ОРНЫНА КЕЛДІ

Ойлағанындай болды. ~ Әбіштің сүйегін Семейге келтіру қажет емес. Не Аягөзден, немесе Арқат бекетінен тосып алып, Шыңғысты бөктерлеп, Тобықтының өз ішімен Абайдың аулы Ақшоқыға әкелу керек. Осыдан он бес күндей уақыт өткенде, Абайдың бұл байлауы орнына келді. М.Әу. ~ Тағы бірер секөнт еткенде кемпір демі бітіп үзілді. Жұмағұл, Қадишаның мұраты орнына келді… М.Әу. ~ өлім төрелеп, жол осынікі деп мені алмай, төтендеп Марленді алды. Артымда «атамдап» Марлен қалса арман бар ма еді, бұл қазақ атаулының тілегі емес пе еді. Бірақ ол орнына келіп жатыр ма? Өмір шіркін өкінішсіз өткен бе? Б.Қыд.

Түзелді, қалпына келді. ~ Өлкелік бір жиында ақын Голощекинмен қатты-қатты сөзге келіп, тіпті Филипп Исаевичті ұрмақшы боп ұмтылғаны бар. Сол сұмырай кетсе, бәрі орнына келетіндей көрінген… Қ.Жұм.

Posted in

ОРНЫН ТОЛТЫРДЫ

Есесін қайтарды, әлдебір кемшіліктің орнын басты. ~ Бірақ атам сыртқа шығармай, алыс-жақын ағайыннан тоқты-торым жинатып, орнын толтырған екен. М.Мағ. * Оңғарбайдың сөзшең адам екенін ауылында үш күн жатқанда талай адамның аузынан естігенім бар. Әйтседе бітегене жақынотырып әңгімелесудің орайы келмеген. Осы кемістігімнің орнын толтырайын деп ойладым. С.Ом. ~ Сөйтіп, мына дөдең адамдарда кеткен есеміздін орнын толтыратын дәрежеге жетті. Ө.Кәр. ~ Әйтседе бітегене жақын отырып әңгімелесудің орайы келмеген. Осы кемістігімнің орнын толтырайын деп ойладым. М.Әбдіх.

Posted in

ОРНЫН ТАПТЫ

Лайықты орналасты, қиюын тапты. * Бірақ осы соңғы екі жылда Жұмағұл орнын тапты. Оны Тәкежан жолдас қып алды. М.Әу. * Суреткерлік шеберлік, – дейді енді Әуезов, – әр сөздің орнын табу. Орнын тапса, ойнамайтын сөз жоқ. М.Әу.Күйеуге шықты. тұрмыс құрды. ~ Тағдыр да қасақы, оған үйіп-төгіп ұл берген, бұған қаптатып қыз берген. Ботбайдын қыздары орнын тапқан, сол демеу көңіліне. Ө.Кәр ~ Балекең де қызық қой біздің. Немересінің үлкені орнын тапқанына қуанбай ма? Шалға тигенін кешірмейді… М.Сүн. * Ол тоғыз жыл тізесіне отырғызып, әлпештеген қызының орнын тапқанына іштей тәуба айтқанмен бір алабұртқан көңілмен ақырын күтті. Қ.Түм.

Ретін келтірді, қиыстыра білді. * – Оның да рас- ау. Бұ балаға ақшаның керегі де жоқ. Сені мен біз, әрине, орнын тауып жұмсар едік. Біздің қатын- баламыз бар. Ж.Айм. ~ Егер оның қадірін біліп, орнын тауып пайдаланбасаң, түбі қасіретке айналуы да мүмкін деген сөз ғой бұл. Қ.Жұм.

Posted in

ОРНЫН ТАППАДЫ

Өнеріне, біліміне, іскерлігіне лайықты қолданыс (орын) таппады. * Есер кісі орнын таппай, не болса сол бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен дағы, күнінде өкінгені пайда болмай-ды екен. Абай. * Өндіріске икемі аз, тым жайуат демексіз ғой. Менімше, бұл өте мықты адам. Тек орнын таппай жүр. Орны өндіріс емес. Ғ.Мұст.

Posted in

ОРНЫН ТАПҚАН СӨЗ

Орынды айтылған ұтымды сөз. * — Айт, айт, деп Исеке, дігерлейсіз. «Сөзіңді жұтпа» деп тe қоясыз. Мұның бәрі орнын тауып жатқан сөз бе? М.Сүн.

Posted in

ОРНЫН СИПАП ҚАЛДЫ (СИПАДЫ, СИПАЛАДЫ)

Айрылып қалды, жоғалтты. * «Бүгін түне үйде қонбасам ертең бар қазынаның орнын сипап қалармын», — дейді ішінен. М.б.Т. * Кенжетаймен қоштасып, Петроградтан шыққан Асқар темір жолдың тәртіпсіздігінен жолда жиырма шақты күн жүріп, Қызылжарға келді де Ботагөздің орнын сипады. С.Мұқ. * Ертеңіне оянғанда төсектен ерте тұрып кеткен әйелдің жып-жылы орнын сипап қалды. Ә.Нұрп. * Қарашаштың орнын сипап қалса да, жарының өткен өмірін баяндаған кітапты қолына алғандай, оған жақындай түскендей бір тәтті сезім бүйірін қыздырып келеді. Өше жаздаған үміті кайта тұтанды — бүгінгі ең үлкен ұпайы сол. М.Қаб. * «Бұл, оның маған істеп отырған жаулығы. Менің үстімнен ұлыққа өтірік жала жауып арыз беретін кісісің ғой, мен сенің жесіріңді алып кетіп, төсегінің орнын сипалатайын саған дегені Терлікбайдың». Ә.Шәр. * Салиханы да қоса ертіп, бір үйір аққасқа жылқыларды айдап кетіп, үй-орманыңмен, – бәрін қалайша, қайтып кеткенсің?! Кім жәрдемдескен? Жын ба, періште ме. Орныңды сипап, зар еңіреп, біз қалдық… Ш.Құм.

Posted in

ОРНЫН ӨГЕЙСІТПЕДІ

Біреудің орнына лайықты болу, орнын жоқтатпау. ~ Олар маған тым жауапты қызмет ұсынады, — деді қабағын кіржитіп. — Анау- мынау емес, тұп- тура сіздің орныңыз… Сіз сияқты үлкен адамның орнын өгейсітпеу қолдан келсе жақсы. Келмей жүрсе ұят болады ғой. Қ.Жұм.

Posted in

ОРНЫН ОЙЫП АЛДЫ

Өзіне тиесілі атақты, құрметті иеленді. ~ Ендігі бір түйін ой — Аралбай бабамыз туралы рухани қазынаны құнттап жинап, бастырып шығарып ел игілігіне айналдырсақ, Қаракесек Аралбай өз атына көше, ауыл берсек сонда ғана өз үрім-бұтағымен қайта түлеген бабамыз қазақ елінен өз орнын ойып алады. С.См. ~ Шоң — ipi би, сөз зepгepi болған саяси қайраткер. Өз заманында кемеңгерлік танытқан, өмірден ез орнын ойып алған беделді ел билеуші, төбе би. С.Батт. ~ Бұдан бес жыл бұрын ғана өмірге келген осы газет бүгінгі ақпараттар тасқынына көміліп кетпей, өмірден өз орнын ойып алды. С.Досан.

Posted in

ОРНЫН КҮЗЕТТІ

Өлген адамның шаңырағын, мұрасын, ұрпағын сақтап қалды. ~ Оның жан берер алдында «екі сорлы өлмес күндеріңді көрерсіңдер» деген сөзіне: — Көзіме көк шыбын үймелегенше қарағымның ержетуін күтіп, орныңды күзетем,— деп еңіреген болатын келіншек. Ғ.Мұст. ~ Әлиза әзір Мөңкенің қара орнын күзетіп отыр. Көзім тіріде Мөңкенің шаңырағын құлатпаймын деп, ескі жұртта түтін түтетіп отырған сол. Ә.Нұрп. ~ Тастамайын табаннан сыз өткенде, Үсік ұрып құлағым тыз еткенде. Тастамайын оқуды, жесір анам, Өлі әкенің өлі орнын күзеткенде. М.Мақ.

Posted in

ОРНЫН ЖАПТЫ

Жоғалған нәрсенің есесін қайтарды, орнына жұмсалды; кемін толтырды; өзі жоқтың орнын басты. * Екі жыл ішінде фирма жалақыға, кредиторлыққа, тағы басқа қарыздардың орнын жапты. БАҚ * Бұл жерде де парыздан кейін намаз оқылғаны үшін сүннеттің орнын жапқан болады. БАҚ.