Ескірді, көнерді, тозды. * Екі күн бойы қасқырға құрар қақпанын айналдырды. Шатырда шаң басып жатқанына не заман! С.Сағ. * Түрлі газет- журналдардың қиындылары, айбақ- сайбақ жазылған қолжазбалар! Бұл шабадан — менің мазасыз ойларымның ескі, әбден шаң басқан қоймасы. Өткенім, бүгінім және белгісіз болашағым бұл менің! Ж.Шағ. * Сол шақта балауса ғұмырдың шаң басқан сүрлеуінде шаңдатып жарысқан тең құрбы, тең құрдасты елжіреп еске алған! С.Смат.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ШАҢ БЕРДІ
Көрінді, қылаң берді; бой көрсетті. ~ Осыдан кейін күрілдеп көтеріліскен Ырғайты елінің еңсесі түсіп кетті. Жалындаған жаны жаншылып, лапылдаған оты өшкендей болды, жалғыз бұл елдің ғана жігіті емес, әр жерде осындай шаң беріп, селтең еткендерді шыққан әскер у тигендей талқандап, быт-шытын шығарды. І.Жанс. ~ Ақжарқынның «супер» күйеуі әдемі келіншегін елге көрсетіп, бір мақтанып қалу үшін де осы маңнан шаң беріп қалуға тиіс қой. Қ.Жиен.~ Батыл сөйлегенін кеш ұқты; балалар үйі өстіп анда — санда шаң беретін. Қарт оны көңіліне кек алмады. М.Қаб. ~ Жайшылықта ұсақ-түйекті де елеусіз қалдырмай ар сотының алдына жығып беретін сана да сап тыйылыпты. Әдеттегідей шаң бермеді. С.См.
ШАҢ ЖУЫТПАДЫ
Сөз келтірмеді, жаман пікір айттырмады, ақтап алды. ~ Әлде шынымды айтам деп, сырымды ашып алам ба деп қорықты ма? Бір ғажабы ─ Бағдан Әспетке шаң жуытар емес. С.Шай. ~ Е– е‚ Құдай‚ әкесінің әруағы ғой қинап жүрген. Құрбандық беріп жіберейік‚ — деп шешесі баласына шаң жуытпай жүр. Қ.Түм. ~ "Тәнім түгіл жаныма шаң жуытпайтын мен емеспін бе, қалай ғана дені барып, маған анау сөзді айтады. Тым құрыса түсіндірсе екен өлтірсе де айтып өлтірсе екен! — Лима сәл ойланып қалды. Ә.Тар. ~ Қатирадай адал әйел жоқ. Болмайды! Бұ заманның Қозысы мен Баяны Мұқат пен Қатира! Қатира тірі Мұқат түгіл өлі Мұқаттың әруағына шаң жуытпайды. С.См.
ШАҢ ЖҰҚТЫ
* Содан ба өмір- өлім табалдырығында тұрғандай өз арымен бетпе- бет келіп, сол шаң жұққан, кір басқан арын тазалай алар, арашалай алар қауһар таба алмай қатты күйзеле жүрексініп, ағыл- тегіл еңіреді. С.Смат.
ШАМ ТАМЫЗДЫ
~ Марқаның келіншегі үйге шам тамызып, қаңылтыр пешке от жақты. Дүрілдеп жанған қу қарағайдың жаңқасы лау– лау етеді. Ақтоты, әуелі балалардың қамына кірісті. Т.Рыс. ~ Енді ол алауды ешкімнің өшіруі мүмкін емес. Шам тамызған шырпы пілтеге алауын беріп, өзі күйіп кетпей ме, мына боздақтар сол іспетті. Т.Сәу.
ШАМАДАН ТЫС
~ Шеге қолындағы бесатар да осы сәт шамадан тыс ауырлап кеткендей. С.Елу. ~ Кіре беріс дәлізде қалқиып тұрған Мейізгүл шамадан тыс қампиып кеткен қарнын қарбыз көтергендей қос қолдап құшақтай берді. Ә.Тар.
ШАМАСЫ КЕЛГЕНШЕ
~ Осы үйдің ол бастағы түпкі иесі¬нің көзін көрген шай жәшіктің жұқа тақтайынан быту– сыту құрастыра салынған бұл неме қасақана «келсең кел» деп, шамасы келгенше желдің өтіне кеудесін төсеп, қасқайып– ақ тұрған. М. Қан. ~ Замандастарымыздың ішкі мәдени иммунитеті тозған. Бәрін бір көргеннен кесіп–піше салу оңай. Сен асықпай бағала. Өмірде бәріміз де ойыншымыз. Бірақ әр кісі өзінің шамасы келгенше, ой–өрісінің жеткенінше ойнайды. Ж.Аяз. ~ Аюдың зияны малға көп тиеді. Ұсақ мал түгіл жылқы, сиырға да аюдың әлі келеді. Сиырларды сүйретіп, көп жерге дейін апаруға шамасы келеді. І.Ес.
ШАМАСЫ КЕЛМЕДІ
Күші жетпеді. * Ауылындағы басқалары, әр қайсысының дәулеті шағын болғандықтан, шамасы келмейтін болды. М.Дул.
ШАМАСЫ КЕЛСЕ
~ Шамасы келсе, олар қазақты башқұрттың бұзақы ықпалынан аулақтап ұстауға тырысып бағады. Ә.Кек. ~ Отряд командирінің арғы ойын біледі. Шамасы келсе осы жігіт қолындағы билікті басқа біреумен бөлісуге ырза емес. Әсіресе, комиссарға жұлдызы қарсы. Ә.Нұрп.
ШАМДАНШАҚ АТТАЙ
* Бірақ неге екені белгісіз, қаламын ыңғайлап ұстаса да, қағазды бүктеп алдына қойса да, шамданшақ аттай кібіртіктеп, Нұрлыбайдың қолы бір жөнге жүрмейді. Б.Майл.
