Posted in

ШАБАН-ШАЛАҒАЙ

  • Беті ашыққа шыққан соң, шабан-шалағайлар, бір-бірлеп тырағайлап қала бастады.  Ж.Айм.

Ұрысуға адам әрқашанда үлгіреді. Одан бұрын ұғысуды ойлау керек. Ал ұрысу қажет болса, кейін өзіңіздіңтәртібіңізге, шабан-шалағайлық көрсетсеңіз — оған да қарап, ұрыса да жатармыз.  Ә.Нұрш.

Posted in

ШАБАЛАҢ ИТ

~ Бірақ, олар сол қорыққандарының өзін саған салық қылып бұлдап бақпайды ғой. Жоқ, бұлар… құстардан гөрі… Иә, иә, енді тапты… Дәл солай… Бұлар құстардан гөрі иттерге келіңкірейді… Әлгі бір анадайдан кәукілдеп жүгіріп шығатын шабалаң көпек иттер болушы еді ғой. Ә.Кек.

Posted in

ТЫРЫЛИ (ТЫРАЛИ) АРЫҚ

Еті қашқан, тыриған жүдеу. * Машинист тастап кеткентемір жезлді сол қарына іле салған тырыли арық Мұздақбайдың:— Әй, Төребай, сау бол! Құда қаласа, Жосалыдан бір-ақ шығасың! — деп айқайлағанын есітті. Б.Алд. * Төс сүйегі тақтайдай тырыли арық қара шал әлі де ұрынарға қара таппай өз-өзінен осқырынып қояды. Ә.Нұрп..

Posted in

ТЫШҚАҚ ЛАҒЫ ЖОҚ

Түгі жоқ, мал атаулыдан жұрдай кедей. ~ Көнбей қойды. Көнбесең… дедім де, — ол былш еткізіп былапыт сөздер айтты, — мен елде үйі-күйі, қора-жайы, 3-4 сиыры бар, шалқып отырған жесір, жас, бай әйелге үйлендім де алдым. Тышқақ лағы жоқ студент қыздың қасында бұл дегенің шылқып жатқан байлық емес пе? Ә.Нұрш. ~ Теріні тапқасын өз малынікі екенін біледі. Жас еттің исін жазбай таниды. «Тышқақ лағы жоқ үйге келген не қылған ет?» деп ойлайды. Ү.Жәл.

Posted in

ТЫШҚАҚ ЛАҒЫНА ДЕЙІН (ЛАҒЫН ҚАЛДЫРМАЙ)

Тып-типыл қылып, түгін қалдырмай. ~ Онан кеше, балшевек балалардың заманында қатын-баланы аз ғана малдың ағымен алдап, қоңымен күнелтіп, үстінен жонып жеп отырған елдің тышқақ лағына дейін сыпырып әкетпеді ме? Ә.Нұрп. ~ Албаты босқан ақ бандылардың берекесіз тамтығының қайтып оралмайтынына әбден көзі жетіп, ел ішіне қызылдардың кеулей кіріп келе жатқанын сезген алпауыт күні бұрын-ақ тышқақ лағына дейін алтынға айырбастап, былайға жұртты ақымақ етіп кеткенін қай жегер аңғарыпты. Қ.Ысқ. ~ Тұрсынғали болса «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп айқай салып, жұрттың тышқақ лағын қалдырмай ортаға салып жүр. Ақыры аша тұяқ қалмаған кезде барып Тұрсынғалидің да айқайы басылған болатын. Т.Ахт.

Posted in

ТЫРНАҒЫН КӨРСЕТТІ

Сес танытты. ~ Мәртебелі Елизавета Петровна бұған қарсы болмас. «Әһе, — деді ішінен Неплюев, — тырнағыңды сен де көрсете бастадың ба? І.Ес.

Posted in

ТЫШҚАН КӨЗ

Сығырайған кішкекне көз. ~ Мен, бірақ осы бір тышқан көз, жыпылық Садырдан сескенемін. Соның мінез — құлқында, жүріс-тұрысында маған ұнамайтын бірдемелер бар. С.Шәй. ~ Халкеннен жығылып қалған тышқан көз қара жігітті бір топ жігіт күліп мазақ қылды. С.Сей. ~ «Анау мысқылмен қарайтын тышқан көзінен қулық көрініп тұрады», – дейді біреуі. Д.Әш.

Posted in

ТЫРНАҒЫНА (ДА) ТҰРМАЙДЫ

Теңі емес, төмен. ~ Менен кетті деп кеміткенім емес,- деді ол, Ботагөзге сөйлескенде,- жеңгем сенің тырнағыңа тұрмайтын әйел. С.Мұқ. ~ Бұл дүниедегі ең ақылды адам тек өзі, басқаның бәрі, ана Қожанияз, Еркөбектер тырнағына тұрмайтын ақымақтар болып көрінді. Н.Дәу.

Posted in

ТЫШҚАН МҰРНЫН ҚАНАТПАДЫ

а) Мал сойып, қонақасы жасамады. ~ Ау, айналайындар – ау, Тұтан келгенде тышқан мұрнын қанатпағаным жаман ырым ғой. Әлгі жалғыз құнажыны құрғыр буаз еді, енді қайттім, құдай–ау? Ш.Мұр. ~ – Жоқ, қуыс үйден тышқан мұрнын қанатпай шыққандарың ұят болар. Осы күнгінің қойы да, марқасы да осы емес пе!.. Т.Сәу. ә) Біреуге қиянат жасаған емес. ~ Осынша азап шегетіндей не жазығы бар?! Тышқан мұрынын қанатқан жан емес. Ж.Нәж. ~ Сапар. Адам түгіл, тышқан мұрнын қанатып көргенім жоқ. Бар тілегім — қатем болса кешір, кешірем деші! Қ.Мұхам. ~ Түюлі жұдырық, қатулы қабақты баладан енді өзге балалар шошитын болды. Тышқан мұрнын қанатпаған баяғы періште бала енді агрессор балаға айнала бастады. С.Ел.

Posted in

ТЫРНАҒЫНА АЛМАДЫ

Менсінбеді, өзіне тең санамады, қор көрді. ~ Жә, Шешенбай, не есітіп, не білдің? Шешенбай: — Не білуші ем? Бірақ, сендердей шірікті тырнағына алмайтын бір сұлу көрдім. Шәк.