Әкесі де, шешесі де жоқ. ~ Тоштан біздерден бірер жас үлкен тұлдыр жетім қыз, шешесі жағынан ағайындас болған соң, Бүбітай оны қолына кіргізіп алған еді. Ертеден кешке дейін үй шаруасын істететін. С.Мұр. * Оны айтасың, «Туған жеріңе ат ізін салдың ба?» — деген оңай да қиын сұрақты алғаш рет осы Виктор Викторович қойды. Адамдар: «Тұлдыр жетімге туған жер не теңі» дей ме, әлде ел туралы жұмған аузын ашпаған өзі де кінәлі, бәлкім. М.Қаб. * Жаңағы Дәулет сөзі кез- келген адамның қайғыңа ортақтасып, көңіліңді аулағанда айтары емес пе? Дәулет ағаның өзі де тұлдыр жетім… М.Сүн.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТҰМСЫҒЫҢДЫ (МҰРНЫҢДЫ) ЖАРАДЫ
Ерекше ұнамды (ұүамсыз) иіс туралы. * Сары майға пісіріліп жатқан қы зыл күрең бауырсақтың иісі тұмсығыңды жарады. Ә.Шәр.
ТҰЛДЫР ЖОҚ
Дәнеме жоқ, қу тақыр. ~ — Ақшатаудың айналасында тұлдыр жоқ, Бесбасбай оның несіне қызығып жүр? Жанқожа былай шыққан соң Бекбауылға сұрақ қойды. З.Шүк. ~ — Өзіміз сияқты ғой. Жәніке-Сары жылқысын айдай алмай жүр. Онымен бірге туған Топының Сегізі. Сегіздің маңдайына басқан жалғыз тарпаң көктен басқа тұлдыры жоқ… З.Шүк.
ТҰМСЫҒЫҢДЫ БҰЗАМЫН!
Айбаи шегу, қорқыту. ~ Қиқым бір-екі аусар жігітпен Сейітті қуып жетіп, "тоқта!" деп бұйрық етіп еді. Сейіт оған қанталаған ызалы көзін жалт бұрды да: "Тұмсығыңды бұзамын! Жоғал көзімнен!" — деп кете берді. М.Әу. ~ Қайнар көзден орта шелек суды ала көргенімде иен даланы жаңғырықтырған әзірейілдей дауыс естілді. — Е-е-ей! Академик, тұмсығыңды бұзам-м-м! Ш.Айт. ~ Шарылдап жылаған, ырсылдап төбелескен бала даусы естіледі. «Мама, мама Ганди ұлды, Ганди ұлды», «Бер допты өзіме!»- «Бермеймін, мама!»-«Тұмсығыңды бұзам, бер!» Бағила жүгіре шығады. Балалардың айқай-шуының арасынан оның да сампылдаған даусы естіліп жүреді. Т.Ахт.
ТҰЛДЫР ҚАЛДЫ (ҚЫЛДЫ)
Әке-шешесінен айрылып жалғыз қалды. ~ Соғыстың түтеп тұрған кезі. Күйеуі майданға кеткен соң үш ай дегенде «қарақағаз» келген. Өзі он тоғыз күн отасып, тұлдыр қалды. Ү.Жәл. ~ Әзірше ешбір жанға мұң шағылмай, Құдайға жалбарынды шын шағынбай. «Құндақтап сәбиімді сүйгіздің-ау, Беймезгіл, тұлдыр қылмай, тұмса қылмай. А.Мұхам.
ТҰМСЫҚ БАТПАС
Тірі жан аяқ баспайтын д.м. ~ Себепсіз шөгіп, батпандай байырқалайтын мұндай зіл салмақты еңсеру тым қиын секілді. Тұмсық батпас тұйықта отырып не істеп, не қылып үркітеріңді білмейді екенсің өлі тыныштықты. С.Үс.
ТҰЛПАРДЫҢ ТҰЯҒЫ, СҰҢҚАРДЫҢ ҚИЯҒЫ
Шыққан тегі асыл д.м. ~ Кей қариялар қыздың не ұлдың әкесіне көңілі толмаса, арғы атасында тектілік болса болды деп, «тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғы екен ғой, жаман болмас, түбі тектіден түңілмейік» деп ризалық берген. Ж.Баб.
ТҰМСЫҚ СҰҚТЫ
Орналасты, орын тепті. * Казак-орыс пен қазақ әшейін де «бәленшеке», «түгеншеке» десіп жүрсе де, жеріне, суына, балығына, ағашына қазақтың тұмсық сұққанын көрсе, «еке-меке» далада қалады. Қазақтың шаңырағына қобыз тартылады. Ж.Айм. ~ Екі бірдей немересін ие ғып, оны ұстап отыр. Тіпті, тұмсық сұғар жер қоймас үшін бар баласы өрен-жаранымен сол үлкен шаңырақты қоршап, шырмап жаткан жоқ па? М.Әу. ~ Орыстың қақ ортаңда қала салып отырғанын қалай көрмейсіңдер? Қасым ханның әулеті қонысынан ауып, тұмсық сұғар жер таппай жүр. Орыстан қазақтарды Хиуаның алдаспаны қорғайды. З.Шүк.
ТҰЛЫМДЫНЫ ТҰЛ, АЙДАРЛЫНЫ (БҰРЫМДЫНЫ) ҚҰЛ (КҮҢ) ҚЫЛДЫ
Қызды да, ұлды да құлдыққа салды, қорлады. ~ Қайың сауу қалың қазақ алғаш мың жеті жүз жиырма үшінші жылы қалмақтар шабуыл жасап, сүрен аттап, шұрқан салып, тұлымдыны тұл, айдарлыны құл етіп, қазақ шығарға өр, кірерге көр таппай, бет-бетіне тентіреп кеткенде болды. Б.Қыд. ~ Біздің айдарлымызды құл, тұлымдымызды күң ететін баяғы заман оның көксегені. А.Жүніс. ~ Айдарлысы құл болып, тұлымдысы тұл болып, Еңіреген ел көрдім. М.Жұмаб. ~ Тілекті Тәңірім кесті деп, Дұшпанның көңілі өсті деп, Тұлымдымды тұл қылып, Бұрымдымды күң қылып — Қырық жігіт ұмтылды Күзгі желдей ызғырып. Манашының бойында: Н.Шырш.
ТҰМСЫҚ ТІРЕДІ
Діттеген жеріне жетіп барып тоқтады. * … осылармен қапталдас қонған Шәкіман нэпманның жекеменшік шайханасына барып тұмсық тіреді. О.Сәрс. ~ Құлама беткейге қолмен отырғызғандай сап түзеп, қатар өскен қарағайлардың шеткісіне тұмсық тіреп, сол беттен ұрған жаңбырға сыртын беріп, бүрісіп тұр. С.Үс. ~ Араға бірер жыл салып бұл автожол Шалқар көлінің жағасында орналасқан Сарыөмір ауылына тұмсық тіреді. БАҚ ~ … бодандық шылбырын үзіп, бостан мойынын алысқа созған Қазақ қауымы ширек ғасыр шырғалаңнан шығандап шығып, өлара өткелге тұмсық тіреді. М.Байж. * Сонау жылы кәрістер паналаған вагонның салабасына барып, тұмсық тіредік. С.Сағ.
