Posted in

ТҰЛЫПҚА МӨҢІРЕДІ

Алданды, жоқтан өзгені жұбаныш тұтты. ~ Сірә, бұл қылығын қоймаса, жұрт қатыннан жылмағай болып, тұлыпқа мөңіреп қалмаса неғылсын… Ж.Айм. ~ — Ым… Сен екеуміз қашпаған қашардың уызына мас болып, тұлыпқа мөңіреп жүр екенбіз ғой. Елге мазақ болдық ау, енді қайттік? Сен ешкімді шақырған ба едің? Ә.Әб.~ – О, шикіннің балашылын, ол әрі-беріден соң сенің балаң да емес. Өзіңше көрінгеннің ауына бір сарығанға балам бар деп құр тұлыпқа мөңіреп жүрсің бе. Өле қал… Ж.Шәк. ~ — Қаланың үйінін қабырғасына қарап сөз іздеген біздікі тұлыпқа мөңірегендік-ау, мына Сылдыкендерден үйрену керек аталы сөзді, — деп өзінің ауылды аңсаған, ажарлы сөзге сүйсінген жайын айтып қалды. С.Бег. ~ — Естиін дегенің осы ам? Тілегенің осы болды ғой. Жә, енді ұр мен бейбақты. Соқ , құр тұлыпқа мөңіреп , жас өмірін қор ғып жүрген, бағы қайтқан сорлыны! Мә, міне көсеуің!- деп тал көсеуді кемпірдің алдына тастай салды. Ж.Сәм.

Posted in

ТҰЛА БОЙЫ МҰЗДАДЫ

Суықтан не бір төтенше сезімнен денесі мұздап сала берді. * – Лұқсат болса, қостарыңыздан ауыз су алып, түстеніп кетсек деп ек? – деген әйел даусы шыққанда тұла бойы мүздап қоя берді. С.Жүн. * Сүлкейді көріп есінеп Майлы аяқ керілді. Шешесі жоқ. Сүлкей жүрегі дүрсілдеп берді. Құм ішінде жалғыз қалғандай тұла бойы мұздады. Құлағы шыңылдады. С.Елу. * Әлде неге тұла бойы мұздап, құлағы шулағандай. Ақ тұлпарды қаттырақ тебініп, енді салтаттының алдын кескестей шапты. З.Шүк.

Posted in

ТҰМАН ТОРЛАДЫ

Жабықты, жабырқады, мұңайды, көңіліне қайғы үйірілді. * Тұман торлап жүзіңді қалды маай! Деуші еді ғой: «жалғыздың жары Құдай», Неге таси береді қаным ұдай?! М.Мақ. * Әсет шексіз шиырды шарлағандай түңғиыққа шөккен-ді. Көңілін сұрғылт тұман торлағандай. Қара басының қамын күйіттей бастаған сыңайы бар. Қ.Тол.* Армансыз адам болмайды, Кімдердің гүлі солмайды? Көк тіреген таулардың Басын да тұман торлайды. Еңкейіп қалдың, жан әкем! Т.Сәу. * Бұдан әрі сырын жасыра берудің реті жоғын сезген Сыбан — Рабтан жастық дәуренінің Шолпаны туып, көкжиегінен рауандап көрініп келе жатқан шұғыласы барын айтты. Сол тылсымдай арбаған шұғыласын кейде бұлт басып, тұман торлайтынын да көңіл күдігімен қоса жеткізді. С.Смат.

Posted in

ТҰЛА БОЙЫ ТІТІРЕДІ (ТІТІРКЕНДІ)

1. Әлдебір алапат сезімнен (күйзеліс, қорқыныш т.с.с.) бүкіл жаны түршіккендей болды. * Нұрлыбай мұны ойласа тұла бойы тітіркеніп салқын тердің қалай шыққанын да сезбей қалады. «Тек құдай бетін аулақ қылсын!» — дейді ішінен күбірлеп. Б.Майл. * Апарады да сасық Мырзаштың қойнына салады. Сонан соң жата бер, іріп-шіріп… көне бер, өле бер… Ұлпанның тұла бойы тітіркеніп кетті… бала мінезді болушы еді, қатты қорыққан екен жас балаша жылады. Ғ.Мүс. * Бұл өзі — ағасы өліп, мұңды болып жүрген Қамардың айтқан сөзі екенін білгенде, Мақсұттың тұла бойы тітіреп кеткендей болды… Ж.Ахм. * Бөлме ішін ызғар есіп өткендей Зухраның тұла бойы тітіреп кетті. Т.Сәу. * Қыздың тұла бойы тітіркеніп кетті. "Бұлар өстеді енді!.. " Ә.Тар. . * Лимада үрей қалмайды, тұла бойы тітіркеніп, жаны түршігеді. Ә.Тар. 2. Суықтан дірілдеп кетті. * Күндізгі қара суық қазір күшке мініп қылшылдап тұр екен. Салған жерден қойны-қонышына кіріп тұла бойы тітіркеп ала жөнелгесін, жалт беріп қамыс қостың ығына тұра қалған-ды.. Ә.Нұрп. * Су беті қарақұрықтана тұңғиық тартып, қара жанның жөн арқасындай жыбыр-жыбыр мөңкіп жатқандай болды да жауырынын белгісіз бір ызғар шымшылап, тұла бойы тітіреніп кетті. Қ.Ысқ.

Posted in

ТҰМСЫҒЫ БАТПАДЫ

Кіре алмады. ~ Жер бөлімінде — қазақ. Бұрын қазақтың тұмсығы батпайтын азық-түлік мекемесіне де қазақтан кісі кіріпті. Кәсіпшілер кеңесінде саяси бөлімде де қазақ қызметшілері. Ж.Айм. Жүрегі дауаламады. ~ Арада үш қонып жеткеніміз ғой. Түнде далада түнедік… Байшоқының сегіз қанат үйі аузы-мұрнынан шығыпты. Төремұраттың тұмсығы батпады. З.Шүк. ~ Балталап кесіп бермесең, тіс батпайтын өліктерден нәпәқа түспеген соң, көз ұяларын ойып түсерге тұмсығы батпай, олар да түңіліп торығып кеткен сияқты. Ғ.Біл.

Posted in

ТҰЛА БОЙЫ ТҮРШІКТІ

Жүрегі сыздады, шошынды, * Сарнау, зарлаудан құлағы керең боп, тұлабойы түршіккен Асқар, жыртылуға жақындаған шыдамын әрең төздіріп, өзін өзі зорлап, не қылғанмен зікірді көргісі келді. С.Мұқ. * Әлдекім Әмірші туралы бірдеңе айта қалса, тура көк желкесінен кеп жебе қадала кеткендей, тұла бойы дүр түршігіп, қара шашақты найзаларын көкке шаншып, сақшылар қоршап тұрған медресе жаққа жалт қарайтын. Ә.Кек. * Іргедегі ағаштың басынан тұла-бойды түршіктіре сұңқылдаған байғыздың жылауын жамандыққа жорып, онсыз да жетіспеген тағдырларын қорығандай ұлы сыртқа шығып, құсты үркітеді. З.Төлеу.

Posted in

ТҰМСЫҒЫ ЖЕР ТІРЕП, ТӨБЕСІ КӨК ТІРЕДІ

Өте үлкен, зор. ~ Теңіз тұнығын лайлап, темір инесін тереңге шаншып, тұмсығы жер тіреп, төбесі көк тіреп тұрған кішігірім қалашықтай сансыз оты жыпырлаған зәулім бұрау қондырғы бой көтергелі су астынан маза кетті. Арс-гүрс, тарс-тұрс. Ү.Жәл.

Posted in

ТҰЛА БОЙЫ ТҰНЫП ТҰР

Сан түрлі өнер иесі. * "Апырай, – деді Ақан іштей, – мына казак-орыстарың тек жамбасына салақтатып қылыш таққан әумесер, ұр да жық әпербақандар ма десем, тұла бойы тұнып тұрған өнерлі жұрт екен-ау… С.Жүн.

Posted in

ТҰМСЫҒЫ ТАСҚА ТИДІ

Тығырыққа тірелді, * Әккі неміс мыс оқты боратып, үйді қайтарып аламын деп дамылсыз шабылады. Тұмсығы тасқа тигендей бірде кері тайқып, бірде өлігін баса көктеп ұмтылумен сілікпесі шығыпты. Д.Досж. ~ Оқыс селк етті. Қаңғалақтап жүріп қайдан шыққанын көргенде, қатты тіксінді. Тұмсығы тасқа тигендей шұғыл тежелді. Қайта тұрмас боп құдыққа құлаған жері! С.Нұғ. * Ақшолағы барда малы түгел, қорасы бүтін сияқты еді, енді міне, бір- ақ күнде ұрлықты кімнен көріп, кімге соқтығарын білмей, тұмсығы тасқа тиген кете балықтай дал болып келе жатқан жайы бар. К.Сег.

Posted in

ТҰЛА БОЙЫ ТҰҢҒЫШЫ

Бірінші көрген перзенті. ~ Машина келгенше Байтас Амантайды сұрады. Амантай — Далабайдың тұла бойы тұңғышы. Жасы биыл 23 те. С.Мұқ. ~ Қораның үстінде баласы лақтырған шөпті жайғастырып жүр. Көзінің астымен ауық-ауық Әкімге қарап қояды. Кәдімгі жігіт бопты. Көкірегін удай ашытып, көзінен таса боп өскен тұла бойы тұңғышы. К.Қаз. ~ Менің қызметке алғаш шыққан кезім. Үлкен қалада оқып қайнаған дырдудың арасында жүрген басым ауылға келгенде жым-жырт бір дүниеге кіргендей болдым. Бір үйдің тұла бойы тұңғышы да, еркесі де өзіммін. Ж.Шәк. * Наурыздың аяғында тұла бойы тұңғышы аман-есен дүниеге келді. С.Досж. * Түс көрердің алдында бірер күн бұрын қызуы қатты көтеріліп, ауырып жатқан-ды. Көзі ілініп кеткен екен. Түсіне тұла бойы тұңғышы кіріпті. Ә.Нұрп.