Тұрмыс-тірлігі оңалып, жұрт қатарлы отбасы болды. ~ Еркектің түрі не керек? Ақылды, өнерлі болса, асырап сақтауға жараса, тұз-еңбегі жарасса, со дағы… – деді. Ж.Айм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТҰҚЫМ ҚУАЛАУ
Белгілі бір қасиеттер мен ерекшеліктерді атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа берілуі. * Адамда осы ес түрлерінің біреуінің күшті болуы болуы көбінесе тұқым қуалайды. М.Жұм. ~ Таң саз бергенше әңгіме-дүкеннің қақпасы жабылмады. Молларахым осы өңірдегі ең жас басқармалардың бірі. Біз «тұқым қуалаған шахтер, тұқым қуалаған металлург» дегенді жиі естиміз, жиі айтамыз. Ал Молларахым болса, тұқым қуалаған колхоз председателі. С.Шайм. ~ Ескерткіштің қаптал гранит тастары ала-құла болып қалыпты. Кенесарының жаулары әлі таусыла қоймаған, тұқым қуалап келе жатқан жауыздар екен — ескерткішті жаралап, бүлдіріп тастапты. Ш.Мұрт.
ТҰЗ КӨТЕРГЕНДЕЙ (БОЛДЫ)
Ауыр көтергендей қиналды. ~ Есіктің алдына шықса, секретариаттың жігіті борша- борша боп терлеген. — Ей, немене сонша, тұз көтергендей. — Тұз көтерген емес, бұдан бір қап тұз жеген жеңіл. Екі оттың арасында күйіп-пісіп тұрдым да қойдым. К.Қаз.
ТҰҚЫМЫН ҚҰРТТЫ
Біржола жоқ қылды; түп-тамырымен жұлды. * Семейден, Барнауылдан қашқан большевиктер Рубцовка деген қала маңында жиылып жатыр дегенді естіп, большевиктің тұқымын құртуға офицер, казак-орыс, қазақ отрядтері жіберілді. Ж.Айм.
ТҮСІНСЕ БҰЙЫРМАСЫН
Түкті де ұқпады. * "Шала оқығаны" – расқа саяды, ала "шала туғаны" несі екен мұндардың? Түсінсе бұйырмасын. О.Сәрс. * Жазған материалдарынан қате кетті ме? Онда хатшы алдымен редакторымен бажайлап сөйлеседі, бастық сонан соң мұны шақырады… Әрі бұл істейтін газет аудандық партия комитетіне қарамайды. Түсінсе бұйырмасын. М.Қаб.
ТҮТІНІН ТАНЫТПАДЫ
Райын, не ойлағанын білдірмеді. * Екі-үш күннен бері түтінін танытпай жатқан жұрт бар, бәріңнің де ойыңды білгіміз келеді. Ғ.Мүс.
ТҮСКЕ БЕРГІСІЗ
Өңінде болса да, түс көргендей әсер етті. ~ Түс емес еді бәрі де, Бірақ түске бергісіз. Шіркін, сондай шақтар-ай Екі айналып келгісіз! О.Айтанұлы.
ТҮТІНІН ТҮЗЕДІ
Шаруасын көтеріп, жағдайын оңалтты. ~ Кейбір аузы сүйреңдеген шыдамсыз әйелдер «ойбай-ау, тіпті құлпырып барады, Төлептің маңдайына сыйса жарар еді», — деп күндей бастады. Осындай күндеуді жеңгенің аузынан естігені де бар Жанардың. «Саған ерегескенде ме?» деп түтінін тіпті түзей бастады ол. К.Қаз.
ТҮСКЕ ДЕЙІН КИІЗ, ТҮСТЕН КЕЙІН МЕЙІЗ
Мінезі айнымалы кісі туралы. * Ауытқымалы толқымалы, қылт етпе кісі. Бір бойына дала, қала қасиеттері қатар сыйысқан. Кейде түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз. М.Қаб. * Маған шаң жолатпады, әйтеуір. Бірде араздасып, кейде татуласып жүріп, ол ер жетті, мен бой жеттім. Арамыз түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз. М.Қаб. * Әлі дала тұтас қарая қоймағанмен, тебе, қыраттардың күнгей беттері жалаңаштанып, дымқыл жер иісі шуақты күндері бүкіл атырапқа тарай бастаған. Күннің түске дейін мүйіз, түскен кейін киіз дейтін шағы. С.Жүн. * Оған мына «түске дейін — мүйіз, түстен кейін — киіз» аталатын жаймашуақ қабаттасқаннан кейін ит жонданып, бүкіс тартқан жоталардың төскейі тіпті алабүйректеніп шыға келді. К.Ахметб.
ТҮТІНІН ТҮТЕТТІ
Шаңырағын құлатпады, отын өшірмеді ~ Ол — тұяғын жалғап, орнын басар, түтінін түтетіп, шаңырағына ие болар бір перзентінің жоқтығы еді. А.Сей. ~ Сондықтан тірі қалғанымызға тәубә дейік. Бәрінен де Тілеулі ақсақалдың түтінін түтететін Сәменнің аман қалғанына мың шүкір деп отырмын. Б.Нұрж. Бір үйдің бар шаруасын атқарды. ~ Осы әулеттің табалдырығынан аттап, түтінін түтеткеніне бірнеше жылдардың жүзі өтіпті. О.Көш. * Әне, сол кезде сан жылдар бойы отын өшірмей, түтінін түтетіп отырған шүйкедей кемпір табалдырық алдында таяғына сүйеніп қарсы алушы еді ұлын. М.Қаб. ~ Иә, кеше түстен кейін жеңешем алыстағы малды ауылдан артынып-тартынып келе қалмасы бар ма. Үлкен ағаның отын жағып, түтінін түтетіп отырған ақылды жеңешем ғой баяғысында. М,Қаб.
