Posted in

ТҮСКЕ БЕРГІСІЗ

Өңінде болса да, түс көргендей әсер етті. ~ Түс емес еді бәрі де, Бірақ түске бергісіз. Шіркін, сондай шақтар-ай Екі айналып келгісіз! О.Айтанұлы.

Posted in

ТҮТІНІН ТҮЗЕДІ

Шаруасын көтеріп, жағдайын оңалтты. ~ Кейбір аузы сүйреңдеген шыдамсыз әйелдер «ойбай-ау, тіпті құлпырып барады, Төлептің маңдайына сыйса жарар еді», — деп күндей бастады. Осындай күндеуді жеңгенің аузынан естігені де бар Жанардың. «Саған ерегескенде ме?» деп түтінін тіпті түзей бастады ол. К.Қаз.

Posted in

ТҮСКЕ ДЕЙІН КИІЗ, ТҮСТЕН КЕЙІН МЕЙІЗ

Мінезі айнымалы кісі туралы. * Ауытқымалы толқымалы, қылт етпе кісі. Бір бойына дала, қала қасиеттері қатар сыйысқан. Кейде түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз. М.Қаб. * Маған шаң жолатпады, әйтеуір. Бірде араздасып, кейде татуласып жүріп, ол ер жетті, мен бой жеттім. Арамыз түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз. М.Қаб. * Әлі дала тұтас қарая қоймағанмен, тебе, қыраттардың күнгей беттері жалаңаштанып, дымқыл жер иісі шуақты күндері бүкіл атырапқа тарай бастаған. Күннің түске дейін мүйіз, түскен кейін киіз дейтін шағы. С.Жүн. * Оған мына «түске дейін — мүйіз, түстен кейін — киіз» аталатын жаймашуақ қабаттасқаннан кейін ит жонданып, бүкіс тартқан жоталардың төскейі тіпті алабүйректеніп шыға келді. К.Ахметб.

Posted in

ТҮТІНІН ТҮТЕТТІ

Шаңырағын құлатпады, отын өшірмеді ~ Ол — тұяғын жалғап, орнын басар, түтінін түтетіп, шаңырағына ие болар бір перзентінің жоқтығы еді. А.Сей. ~ Сондықтан тірі қалғанымызға тәубә дейік. Бәрінен де Тілеулі ақсақалдың түтінін түтететін Сәменнің аман қалғанына мың шүкір деп отырмын. Б.Нұрж. Бір үйдің бар шаруасын атқарды. ~ Осы әулеттің табалдырығынан аттап, түтінін түтеткеніне бірнеше жылдардың жүзі өтіпті. О.Көш. * Әне, сол кезде сан жылдар бойы отын өшірмей, түтінін түтетіп отырған шүйкедей кемпір табалдырық алдында таяғына сүйеніп қарсы алушы еді ұлын. М.Қаб. ~ Иә, кеше түстен кейін жеңешем алыстағы малды ауылдан артынып-тартынып келе қалмасы бар ма. Үлкен ағаның отын жағып, түтінін түтетіп отырған ақылды жеңешем ғой баяғысында. М,Қаб.

Posted in

ТҮТЕ-ТҮТЕСІН ШЫҒАРДЫ

Быт-шыт қылды. ~ — «Дүние бір қақ байтал, екі айғырды өзара шайнастырып ащы қылған», — дегендей, — деді біреу, — осы үйдегі салдақы қатын ғой, Итаяқ пен Ақпанды шайнастырып, бірін-біріне жем қылған. Неге сол салдақының түте-түтесін шығармадық манадан бері? С.Мұқ.

Posted in

ТҮТІНІН ТҮТІНГЕ ҚОСТЫ

Қиянат қылды, зұлымдық жасады. ~ Бұл әңгімеге хазірет те құлақтас болғаны теріс емес. Мейлі дүние өртене берсін. Нәзипаны иықтап алуға ыты келген жер осы. Енді мұның ізін суытпау керек. Түтінін түтініне қосып қалайық — еді. І.Жанс. ~ Таза азамат, адал кісі болсаң приставты өз қолымызға бер. Өзің біз жаққа шық, сонда саған сенеміз. Әйтпесе, мәймөңкелеген көлгір сөзіңнің насыбайлық нанымы жоқ… Түтініңді түтініне қосамыз. Шаңырағың шағылады…— деп болысқа қамшыны білеп — білеп қойды. І.Жанс.

Posted in

ТҮТЕГЕН БОРАН

Шытынаған аяз, қатты бұрқасын туралы. * Тозақтың демін бүріккен мың-сан аруақ кебіндері сүйретіліп ажал биін биледі. Түтеген бораннан тіршілік шырағы өшіп, жер-дүниені түнек басты. Т.Сәу. ~ Олар таң ата тысқа шықса, түтеген бораннан қарға адым жер зорға көрінді. Төлеген рацияға барамын деп үш жығылып, үш тұрды. Б.Тоғ. ~ Оның үстіне көзге түртсе көргісіз айсыз түнде де, түтеген боранда да бір адаспай, көздеген жеріне салып отырып алып баратын жолшыл, сенімді мал. С.Жүн. ~ Түтеген боран Жәлелді шыр көбелек айналдырып, дедектетіп ұшырып әкетіп бара жатқандай болады. С.Жүн.

Posted in

ТҮТІНІН ТҰМАН ҚЫЛДЫ

Зорлық-зомбылық жасап, шаңырағын ортасына түсірді. * Тамыздың 13-і күні Қарқараға шабуыл жасалды. Жәрмеңкені қамады. Бірақ күні бұрыннан дайындалып тұрған отряд қазақтың түтінін тұман қылды. Б.Қыд.

Posted in

ТҮТІН АҢДУШЫ

Тегін тамақ іздеп, қай үй қазан түсіргенін аңдитын адам. ~ Сағымбай мен Ниетқара әсіресе осындай сәтті дүр жібермеуші еді. Ауыл арасында түтін аңдушы деген ертеден келе жатыр. Түтін аңдушының баққаны әлбетте қазанның оттан түсуі ғой. Түтіні басылған үйдің кілті бұрап ашылып Ниетқара кіріп барсын деңіз… Ғ.Сл.

Posted in

ТҮТІП ЖЕДІ

Қатты қысты, ұрысты; басына әңгір таяқ ойнатты. ~ — Сабыр етіңдер! Болысқа айтайық! Айтқандарыңды істейік,- деп, топты тоқтатып болыс үйіне кетті. Жігіттер желдей гулейді, судай толқиды, ду-ду етеді. Кідірмеді. Тілмәш шықты. Жігіттер түрі бұзық, тілмәшті түтіп жеп қойғандай. Ж.Айм. ~ — Ол ұзақ кеңес, мырзам. Қайтқанда қайық үстінде айтармын ол кеңесті. Әзірге өз көңілімді аяқтайын. Сенің де, әкеңнің де жаны сол Кераланың бұйрығымен қалды, әйтпегенде, түтіп жейтін еді, сендерді балықшылар. С.Мұқ. ~ «Біраз тексерген болып, аты-жөнін, мекен-тұрағын, онан соң өзі сияқты «оттан көйлек киіп», өрепкіп жүрген идеяластарын сұрап көр. Бізді түтіп жегелі тұрған мына тобыр тарасын. К.Сег. ~ Сұр жейделі бейтаныс бәсекелесін түтіп жеп жіберердей өршеленіп, атын тебіне түсті. Б.Ыбырай.