Posted in

ТАУ КӨКІРЕК

Мақтаншақ, жәйден-жәй кеудесіне нан пісіріп жүретін адам. * … анаған да, мынаған да арсылдап отыратын, малшы-құлшымен өсекке таңылып жүретін, тау көкірек, мақтаншақ, сиырдай сары қыздың қой аузынан шөп алмас мүп-мүлөйім, нәуетек, науша қыз бола қоюы Күнікейге торғын қағазға ораған сасық сабындай немесе алтын жалатқан мыс сақинадай, алдауыш, бояма болып көрінді, тыржиды, жиренді, тезірек кеткісі келді. Ж.Айм. * – Алсаң ал, алмасаң кете бер!- деп шіреніп тұратынды шығарды. Бойларына біткен тау көкіректері зорая-зорая келе кеуделеріне сыймай, көрінгенге тістерін қайрап, ұрыстарын сайлап, болмашыға күйіп-пісіп, бақырып-шақырып жататын. Ү.Жәл.

Posted in

ТАУ ЕТЕГІ

Биік жотаның, таудың төмен тұсы. * Өлдім-талдым дегенде, күн бата тау етегіне іліктім. Ешқандай малшы үйінің қарасы көрінбейді. Б.Соқп. * Ленин көшесінің бойы, тау етегіндегі госпитальға әкеліп салды. Қалың бақтың іші, таза ауа. Б.Соқп. * … тау етегіндегі жазық алқапқа ине шанышса батпайтындай қақалып шыққан тып-тығыз көк шалғынның әр жер-әр жеріне шоқ-шоқ өскен … Ә.Нұрп.

Posted in

ТАУ БҰЗЫП, ТАС ҚАШАДЫ

Аса үлкен жұмыс атқарды, үлкен мақсатқа қол жеткізді. * Ал әке-шеше көргендер тауды бұзып, тасты қашамайды, алайда көбі жора-жолдасына жұғымды, сөз ыңғайын түсінгіш, тұла бойынан жылу шашқыш. М.Қаб.

Posted in

ТАУ АСЫП, ШӨЛ БАСТЫ

Алыс, қиындығы мол жол жүрді. – Нұреке, дария кешіп көріп пе едің?– деген Қамбар әзілдеп. – Жоқ, – еді Нұрәлі күліп. – Тау асып, шөл басып көріп едім. Дария кешіп кім көрген?! К.Сег.

Posted in

ТАУ АЙНАЛМАСА, ТАС АЙНАЛАДЫ

Әр нәрсе өз орнымен. * – Сен қайта оралғанша мен өлі болам ба, тірі болам ба? Оны бір құдай біледі, тау йналмаса тас айналады. Ғ.Біл. * Сәйдәлінің қуарлауынан енді ғана босаған бала-шағаңызды қайта алдырамын, көшіріп әкелемін деп те әуреленбеңіз, алдырмаңыз, тау айналмаса тас айналады. Ғ.Біл.

Posted in

ТАТАСЫН ТАРТТЫ

Қиыншылық көрді, азап шекті, қиналды. ~ Өмірдің ыстығы мен суығына, тартқан татасына да төзімділік қып, шүкіршілік етсе де, қажығандық, қартая бастағандық байқалады. Т.Рыс. ~ Соры қайнаған шешесі одан сайын соры қайнап, тәукеншік тірлікте тағдырдың татасын тартқанын түсінді. Ә.Ыб. ~ Бағым ба — мен ғана ләззатына шомылып, сорым ба — мен ғана татасын тартатын. Ойлап, жаның ауырып, еш қиналма» деп тұтқаны тастай салды. Ә.Ыб

Posted in

ТАСЫҒАН СУДАЙ

Молынан, ағыл-тегіл. ~ Бай сұп–сұр. Өңі қашып кеткен, таяғы жерде жатыр. Аузын ашып сұрланып бәйбіше отыр… — Айт мұңыңды, — деді «төре». Іште жатқан шерді тасыған судай ағыттым. Б.Май. ~ Бетіне кісі қаратпай, Биікке шапшып өрледі. Шапшыған сайын шалықтап, Тасыған судай селдеді. Сұрқынан шошып мынаның, Сұрланып Тезек терледі. Н.Айт.~ Оның он тоғыз жасар Ульрикаға естен тана ғашық болғаны да осы жолы болатын. Осы жасында тапқан ақындықтың ақ сезімі тасыған судай құйылады. Соншама нәзік Гете лирикасының шыңы деп танылған «Мариенбад элегиясы» осылайша дүниеге келіпті… С.Ғабб. ~ Таланттылар тасыған судай, Айналасын суландырғысы келеді. Талансыздар ашыған удай, Айналасын уландырғысы келеді. А.Ас. ~ Көкірегім Аяқ баспаған таудай Өр еді. Тәңір берген білігім Тасыған судай мол еді. Өзім-ақ Қаған болайын дедім. Өзім-ақ Қамал болайын дедім. Т.Мед.

Posted in

ТАСЫ ӨРГЕ ДОМАЛАДЫ

Жолы болып, дегеніне қол жеткізді, бағы жанды. ~ Өнерлінің тасы өрге домалайды. (М-М.) ~ Бұл кілемді, — деседі білетіндер, — тасы өрге домалап, жұлдызы оңынан туып, тұмсығымен құс тістеп, дәуірлеп тұрған шағында Абылай хан Бұхара — Шәріпке арнаулы кісілер жіберіп, ондағы түрікпен шеберлеріне түрлі түске бояған шым жібектен тоқытқан екен. С.Мұқ. ~ …қазір олардың тасы өрге домалайтындай халде емес екенін бүкіл Арқа, Жайық біледі. І.Ес.