Posted in

ТАСҚАЯҚ ҚУ

Әккі, жылпос қу. ~ Аты Әмір екен, өзі бір тасқаяқ қу – қай рудансың, қандай туысқандарың бар, соңғы істеген қызметің не – бәрін тіміскілеп, майлы ішектей айналдырғаны! Б.Тоғ.

Posted in

ТАСҚАБАҚТАЙ ҚАҒЫСТЫРДЫ

Апшысын қуырды, аяғынан тік тұрғызды. ~ Ауыл тегісімен жиналып келгеннен соң, осы ауылға келген адам бар ма? — деп тасқабақтай қағыстырып тексере бастады. С.Көб. ~ Ресейліктер Қазақ жеріндегі саяси жағдайды Абылайдан әлдеқайда артық білген және әрбір оқиғаны тасқабақтай қағыстырып жіктеп отырған… С.Өтен. Тарсылдатып, сарт-сұрт еткізіп, есін шығарды. ~ Бірақ байқа, бұрынғы сенің тасқабақтай қағыстырып жейтұғын қазағың енді жоқ. Бұл жердегі орыс, қазақ жұмысшылары оныңа көне қоймайды. Т.Сыд. * Сиғат ертеңінде жігіттерді тасқабақтай қағыстырып, маңдайынан шертіп жүріп таңдады. Қ.Ысқ.

Posted in

ТАСҚА БАСЫЛДЫ

Баспадан жарық көрді. * Шақырған кісі — алыс облыстан келген жергілікті ақын. Газеттің кешегі санында топтамалары жалғанып жартысын алып, тасқа басылған. М.Қаб. ~ Қағазға түскенді, тасқа басылғанды айқындау оңай, тілге берік болса қауашақтағы құпиядан тылсым нәрсе жоқ. С.См.

Posted in

ТАСКЕНЕДЕЙ ЖАБЫСТЫ (ҚАДАЛДЫ)

Бір жақындап алғасын, айрылмайтын, қадалған жерінен қан алатын адам туралы. * — Аш қолтыққа жабысқан таскенедей сен де бір танау тыққан жерден мойның үзілмей түспейтін пәле екенсің! Қ.Ысқ. * Жиын орнын таба алмай жүрген боларсыз, жүріңіз, мен ертіп барайын! – Аулақ жүр! Мен танымаймын сені, – деп таскенедей жабысқан пәлені құлақтүптен шырқ еткізіп, тырайтып кетпек ниетпен Боранқұл жалт қарағанда … Ғ.Біләл. ~ Мынаны түсіріп кетпесе жарар еді… Қой, тас кенедей қадалуы жаман, құлай қоймас. Ықсан шалды көзімен ұзатып сап, ауылға ат басын түзеді. М.Сүн.

Posted in

ТАСБАУЫР ТАҒДЫР

Қайғы-қасыретке толы ғұмыр. * Сорлы қазақ сұм өмірді шетке шығарған өгей баласындай ылғи да осылай тасбауыр тағдырдың қаталдығы мен қатыгездігін басынан кешіп, соңғы қайғысы бұрынғы қайғысынан асып түседі де жатады. Ә.Нұрп. * Жаңбыр қатайған сайын зарлы күй шығандап, тасбауыр тағдырға деген жүрек наласы, қыжыртқы көңілдің бейдауа өмір сілесіне деген күйініш күстәнәсі, сілелі қарғысы. Ғ.Біл.

Posted in

ТАСБАҚА ЖҮРІС (АЯҢ)

Баяу жүріс, тым саябыр, шабан әрекет. ~ Жасырып– жасқаудың керегі не, Күнділдә математикадан нөл! Тасбақа жүріске де ілесе алмайды. Қ.Жиен. ~ «Шыда, шыда, Зибагүл! Бір қиналсаң жағаға да тұмсық тірейсің». Тасбақа жүрістен басқа не қайраны бар. Әсілі, аспан әлемінің әділетсіздігі де бір басына жетіп артылатын шығар– ау! Қ.Жиен. ~ Ия,— дейді Сәт те,— істі түстен кейін бастауды ойладым. Бір нәрсені тосып отырғанда уақыт тасбақаның аяңындай өтпей қоятын әдеті емес пе? Жарық жүзімді сарық етіп, сарғайып, сарыла түсті күттім. Б.Қыд.

Posted in

ТАС ШЕҢГЕЛ

Қанды тырнақ. ~ Сол кезде осынау айдай әлем тарылып басы-аяғы бір-ақ уыс боп кетеді. Тар дүние тас шеңгеліне алып, қол-аяғыңды жазғызбай сыға береді. Сыға береді. Ә.Нұрп. ~ Қасқыр қаңқ етті. Текенің көз қиығы жер бауырлаған жауын бүктеп үстіне қона түскен алып құсты шалды. Арбиған тас шеңгелін көрді. Жер шаңы бұрқылдап жатты. Кейде дәл осы көрініс шал бас текенің түсіне де кіреді. С.Ел. ~ Тағдырыңды тас шеңгеліне ұстап отырған кісілердің алдында күш сынасқаннан не тапты? Ә.Нұрп.

Posted in

ТАС ШЕМЕН

Іште тастай боп қатқан шер, қасырет, ~ Өзге жұмбағы жоқ еді. Аспанға қарап айдалада жатқан осы бір шай қайнатым мезгіл ішінде Ждақайдың тас шемен түсінігіне кәдімгідей жарықшақ түсті. Сол саңылаудан көкірек қуысына күдік сәулесі сығалады… С.Ел. ~ Отыр ол — тас түрмеде‚ енді біліп‚ Сондағы санасының бұлыңғырын. Отыр ол тас түрмеде‚ тас шеменде‚ Басқа ойда‚ басқа дүние‚ басқа әлемде. К.Мырз.~ Шырт ұйқыдан оянғандай сергіп сала берген Нәргүл, өлі аруақтай семе калған бойын тез-ақ билеп алды да, шегініп барып Есет пен Анарға қарай жүрді. Тас шемендей түйілген жас сұлудың сырты жалын, іші өрт боп жанды Р.Рай.