Home » Page 217
Posted in

ТАР ЖЕР

Қысылтаяң, қиын шақ. * Қал!» деуге Түгелдің аузы бармады. Түймені артына мінгестіріп алды. Әуелгі ойынан мұрсатта айнып шыға келді.«Апамның өз қолымен мойныма артқан аманат жанын тар жерде тастап кеткенім жарамас. Не көрсек те бірге көрерміз. Ү.Жәл. ~ Шерубайды алдымен таныған Бескемпір: — Ассалаумағалайкум! — деп атасы қажыдан келгендей қуана тұрды. — Әлей болсын, ақсақал! — Беу шіркін, Бескемпірмісің?! — деді шал. — Қуға қу намаз шамда жолығасады деп, тағы да тар жерде тоқайластық па?!. Қ.Ысқ.

Posted in

ТАР ЕТІГІН КЕҢ КӨРДІ

Барға қанағат етті; ындынын тиды. * Өзінен басқа жанды кем көрмесе, Құтыртып, абыстырып, жел бермесе, Табылмас аузына су тамызушы, Өзінің тар етігін кең көрмесе! М.Жұмаб.

Posted in

ТАР ЕСІК, ТАС БОСАҒА

Ауыртпалық, қиындық, басқа түскен сынақ. ~ Бүгін Абаймен бірге, күйеу өтетін тар есік, тас босағаның бәрін бұл да өткелі тұр. Соған бар ынтасымен кеткен. Тіпті Абай ойламаған жайдың бәрін де Абай үшін бұл ойлайды. Мұнысы да достығы. Абайға бар ынтамен берілгені. М.Әу. ~ Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді екен, сүлдесін сүйретіп елім-жұртым, ауыл-аймағым деп мұнда келгенше, тар есік, тас босағаның ішінде, абақтының түбінде жатқанда неге өліп кетпеді екен? Ғ.Біл.

Posted in

ТАР ДҮНИЕСІ КЕҢІДІ

Көңілі жайланды, тіроігі оңалды. ~ Үй оңаша болса да, суға барса да кездескен келіншекті құшақтап, арсалақтап қалады. Марданға бұл бір мұрат. Сақытайға қолы тисе тар дүниесі кеңіп сала береді. Келіншек те Марданға бейілін салып жіберген. І.Жанс.

Posted in

ТАР БЕЙІЛ (ПЕЙІЛ)

Іші тар, қызғаншақ, біреуге жақсылығы жоқ адам туралы. * — Құдайдың жері кең еді ғой. Тек тар бейілдан сақ болыңдар, ағайын. Бір Ақирек үшін есенәлі-әйдербектің жігі айрылмасын. Ертеңімізді де ойлайық. З.Шүк. ~ Жадыңа жайсыз орныққан естеліктің ескерткіш қуаты болады. Айтайын дегенім — Қасым дүниеден өткен тұстың және соған дейінгі тіршілік тәртібінің қатыгез, тар пейіл мінезін танытатын жәйіт. Х.Ерғ.

Posted in

ТАР ҚҰРСАҒЫН КЕҢІТТІ (КЕҢЕЙТТІ), ТАС ЕМШЕГІН ЖІБІТТІ (ИІТТІ)

Перзент көтерді; сәбиін бағып-қақты, әлпештеп өсірді. * Ақбілек жылай берді, жылай берді… Сорлы Ақбілек! Сен жыламай, кім жыласын? Тас емшегін жібіткен, тар құрсағын кеңіткен, аруанадай анаңнан айырылдың! Ж.Айм. ~ Алпыс басты ақ орда жатқа жем бола ма? Жер қайысқан қол келіп, ел саса ма? Тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібіткен аналар аңырап қала ма? Барлығы да келе жатқан кер заманда болуға мүмкін. М.Әу. * — Жалбыр балақ, саба құрсақ жаман қатыннан туғаннан құдай сақтасын. Тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібітіп, қыздан тусақ, несі айып? Ә.Кек. ~ Алланың қылған ісіне, Пенденің бар ма шарасы?! Тар құрсағын кеңейткен, Тас емшегін жібіткен, Ғұмырында көрген сәулесі — Кеткен соң жалғыз баласы! М.Ж.Көп. * Тар құрсағын кеңейткен, тас емшегін жібіткен тұңғышы Зейнепті емес, ұл баласын он бір жастан-ақ діңгек көріп, пана тұтқан ана сөзінің астарына үңілсек, қазақтық уыз қасиетті танимыз. Ж.Аяз. ~ Оның тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін иіткен Әкім ғой. Ж. Айм.

Posted in

ТАПЫРАҚ ҚАҚТЫ

Бір орында тұра алмай, мазасызданды. * Белдеудегі қос торы ат тыпыршып тұр екен, бұлар аяқты үзеңгіге салғаннан тапырақ қақты. Б.Тоғ.

Posted in

ТАПҚАНЫ ТАМАҒЫНАН АСПАДЫ

Тапқан табысы ішіп-жемге ғана жетті.~ Азаматтық борышты өтеген билет бай депутаттың мейрамханасына қарауыл болуға әрең жарады. Бір күн істеп, екі күн демалады. Тапқаны қыдыру мен тамағынан аспайды. Е.Боқаш. ~ Адамның құлқыны жаман болса, азғыруға ылықпай қоя ма? Тапқаны тамағынан аспайтын қара орыс та құлқынның құлы екен. Ү.Жәл.