Home » Page 224
Posted in

ТАҢҒАЖАЙЫП ҚАЛДЫ

Таң-тамаша болды. ~ Бұл ғаламды көрдің, өлшеуіне ақылың жетпейді, келісті көрімдігіне һәм қандай лайықты жарастықты законімен жаратылып, оның ешбірінің бұзылмайтұғынын көресің. Бұлардың бәріне таңғажайып қаласың һәм ақылың жетпейді, осылардың бәрі де кез келгендікпен бір нәрседен жаралған ба, яки бұлардың иесі бір өлшеусіз ұлы ақыл ма? Абай.

Posted in

ТАҢБА САЛДЫ

Өшпестей із қалдырды. ~ Адам тағдырымен ойнағандардың қатарында жүргендігім үшін. Сенің соңыңнан ерген сөздің бүкіл өміріңе таңба саларын ойламағаным үшін… Г. Сейт. ~ Өз жүрегімізді былай қойғанда, қара жердің қыртысын тіліп, тәніне сойдитып қаншама таңба салдық. С.Сағ.

Posted in

ТАҢБА БАСТЫ

Қолын қойып, мөр басты. ~ Сенбейін десе, қазақтарға Абдыра мен Қараүңгір өзендерінен екі тоған су берілгені туралы өкімет бұйрығы маньчжур және қытай тілдерінде мөрдей бадырайып жазулы тұр. Аяқ жағына Іле жаңжұңының өзі қол қойып, таңба басқан… Қ.Жұм.

Posted in

ТАҢ СЫЗАТ БЕРДІ (АТТЫ, АЛДЫ)

Таң бцліне бастады, таң қылаң берді. * Дәл қазір бір жағымыз су — асты бұлт, бірақ бұлт астынан ел-ел көрінеді. Таң сызат атып келіп, қазір көк сәуле молайды. М.Әу. ~ Сөйтіп, таң атқанша берік қораның ішінде дүрілдесті. Таң сызат бергенде, киім — кешектерін арқаласып, қақпадан шұбап жігіттер шығып кетті. І.Жанс. ~ Таң сызат бере дәрет сындырмақ болып, түзге шықса, таң асырып қойған қорадағы биенің жоқ екенін көреді. С.Жүс. ~ Сатандар шилі апаннан аттанып, Мардандардан айырылған соң екі күн бір түн жолда жүрді. Соңғы түні, түні бойы тынбай жүріп келіп, таң сызат алғанда Қоянды жәрмеңкесінен асып, Жартастың бастауы деген жерге келіп, көліктің белін босатысты. І.Жанс. .

Posted in

ТАҢ СІБІРЛЕДІ

Таң құланиектеніп ағарды, қылаң берді. ~ Талай түндерде көзден емес, жүректен ыстық жас төкті. Сопы болды, ылғи дәрет алып, таза жүрді, намаз оқыды. Күн сайын таң сібірлеп келе жатқанда-ақ тұрып, сәждеге құлады, таспиғын санап, «сұбханалла» айтты. Бірақ бала болмады. М.Жұм. * Таң сібірлей бере кемпір-шалдар үйді-үйіне тарап жатты; ұйқысы келген жас балалар да кетті. Ә.Шәр. ~ Таң сібірлеп атып келеді. Түрулі тұрған түндіктен себезгілеп жарық сәуле шашырады. Д.Рам.

Posted in

ТАҢ СӘРІДЕН

Тым ерте, таң қылаң бергеннен. ~ Таң сәрідегі тәтті ұйқысын аша алмай мамық төсекте маужырап жатқан жас мырза салқын самал соққанда тұла бойы түп–түгел сергіп қоя беретін. Ә.Нұрп. ~ Шаймерген аттанып бара жатқан ұзақ сапарынан тоқталып, Қарамергенді үйіне алып барды. Шаймерген таң сәріден тұрды да, есектерін жегіп, орманға отынға кетті. М.Әбдіх. ~ Рақия бүгін таң сәріден тұрды да, Құрманбекке: – Бейсенбі күні папаңның қабірін көруге аттанамыз,– деді. Құрманбек сөз қайырған жоқ. Мақұлдап басын изеді. Ә.Тар.

Posted in

ТАҢ САРҒАЯ (САРҒАЙЫП) АТТЫ

Жерге жарық түсе бастады. ~ Таң сарғайып атқанда, Моллалар азан айтқанда, Сайын сынды батырдың Желкесі жерге тақ етті; Маңдайы күнге жарқ етті. А.Байт. ("Ер Сайын") ~ Хан Манас сырын айтайын, Қасиетті жан екен. Таң сарғайып атарда, Ұлы судың жиегінде, Тұла бойын тазалап, Етігі жоқ аяқта, Жарағы жоқ үстінде, Жалаң шапан жамылып… "Манас". ~ Таласты бетке алып, талай күн тынбай жол жүрген қырғыз қосыны Ермендінің жонында, Ашмаралдың бойында, таң сарғайып атқанда Алмамбеттің сүйегін жүктеген Сарала тұлпарды көреді. Б.Әл. ("Манас") ~ Олар таң сарғайып ата бере орындарынан қозғалып дем алуға ыңғайланды. С.Ғаб.

Posted in

ТАҢ САРҒАЯ

Таң қылаң бергенде. ~ Диқаншы егіске таң сәріден кетіп, ымыртта қайтады, тез тамағын ішіп бола сала ұйқыға кетеді. Ертең таң сарғая тағы жұмысқа бару керек… А.Байт. ~ Қаралы түн өте шықты. Таң сарғая теңселе қимылдаған екеуі баланы жер қойнына тапсырып, жас топырақты бүре уыстап отырып қалды. С.См. ~ Кейде толған айдың жаһүт нұрына еркелей жусап жатқан мың-миллион тұз тағысы жер қайысқан қалың қолды елестетер, сонсоң таң сарғая, тау жазирасын қақжарып, жұбын жазбастан өрер… О.Бөк.

Posted in

ТАҢ САЗ (СЫЗ) БЕРДІ

Айнала сәл бозғылт тартқан кез. ~ Бекең таң саз бергеннен ымырт үйірілгенше осы егіндіктерді аралайды. С.Мұр. ~ Ай батыс аспанға қарай жантайып, сәулесі солғын тартыпты. Шығыстан таң саз беріпті. С.Елу. ~ «Енді қайтпек керек?» Дөңбекшумен жатқанда таң саз беріп, үңгір ішіне ақшарбы сәуле себілген. К.Сег. * Таң сыз бере шаhар шетіне іліккен. Әр жерде топ-топ боп қарауытқан күзет. Т.Сәу.

Posted in

ТАҢ ҚЫЛАҢ БЕРДІ

Бозарып, күн шығып келе жатқан мезгіл. ~ Нар қара сонан тек ертеңіне күндегі дағды бойынша таң қылаң бере ояныпты. Ә.Нұрп. * Осылайша екеуі таң қылаң бергенше отырды. МбТ. * Әлі де бірер минут жылы көрпеге оранып жата тұрғысы бар. Таң қылаң беріпті. А.Үсей. ~ Таң қылаң бере ұйқылы- ояу жатып, даладан Қаранардың азынаған үнін, қораны қирата жаздап, тапыраңдап тұрғанын естіп Боранды Едіге тағы бір бәле басталғанын сезді. Ш.Айт.~ Таң қылаң бере бастады ма, аспандағы бұлт ыдыраңқырады ма, әйтеуір түні бойы қап- қара боп тұрған терезе жақ бозамықтануға айналды. Н.Кел.