1) Киерге киім таппай, жыртық-жамау киіммен жүрді. * Бұ да тақымы жылтылдаған кедейдің баласы екен. Ғ.Мүс. * Тақымы жылтырап жүретін Күсен бүгін қоңданып қалды. Ғ.Мүс. 2) Сән үшін ашық-шашық киіммен жалаңаш етін көрсете жүрді. * Көгілдір экранда тақымы жылтылдаған, бөксесі бұлтылдаған, абыройын ашқан арсыздар, жалба шаш сайтандар көбейіп барады. БАҚ
ТАҚЫМЫ ЖЕЛІКТІ
Атқа отырып шапқысы келді. ~ Тақымы желіккен жынды Тарақбай мен даланың азат жылқысын осылай қиқаласқан, қарағым. Тарақбай мінемін дейді. Дию тарпанның қаны басылмаған, құнан-дөненінде жүргені білгі болмаған Тораңғыл мінгізбеймін дейді. Екеуі де оңбады. Т.Әсем.
ТАҚЫМЫ ЖАРЫМАҒАН
Қайта-қайта қатын ауыстырған еркек туралы. ~ Туғаннан қу тақым ең жарымаған, Айтарлық жөні келді мұны саған. Қазаның қайнағанда кешке шейін, Ішінен шықпаушы еді бір түйір дән. Ә.Тәж.
ТАҚЫМЫ БОС
Ынжық, әлсіз; атта отыра алмайды. ~ Садықбек тіксініп қарағанша болмай мылтық даусы гүр-рс… етті. Оқ зулап төбеден асты. Қызу аттар ыршып түсіп, ала-ақ жөнелді. Тақымы бос балалар ауып түсіп қала жаздап, ат жалын құшты. Б.Майл. ~ Алып қашқан асау аттай жаңа жұмыс екен. Абыралыны әлсін-әлі тастап кетіп жүрген. Атқа тақымы бос бала онсыз да құлауға әзір бола ма, Әбекең газетке қол қояр сәт жақындай бергенде, абжыланға арбалған су жүрек қояндай тыпыршып тоқтай алмады. М.Қаб. ~ Жирен ат үстіндегі адамның тізгіні бостығын сезді ме, «әп» — дегеннен едіреңдеп, қиыс тартып екі айналғанша ырыққа көнбей баңты. Жұла жөнеліп, енді бірде теке- текірекке түсіп, секектетіп, тақымы бос қыздың әбден сілесін қатырды. Әйтсе де, Айнаш шыдап, тістеніп алды, сыр бермеді. М.Сүн. ~ Құдай бір сақтады, шабдардың үріккені құтқарды білем. Тақымы бос адам болғанда, топ ете түсетін еді, жастайынан атқа шапқанының пайдасы.Қ. Қаз.
ТАҚЫМЫ БЕКІДІ
Атқа отырып дағдыланды. ~ Әуелде аяғын қия басса білдірмесіне тиіп кетіп, жарып алатындай, атылып кететіндей, соқтығып, ілініп кететіндей трамбайынан да, пойызынан да үркіп тұрушы еді. Жүре-жүре бойы үйір боп, трамбайға өзі мініп кететін болды. Әйтсе де атқа мінген бала тәрізді, тақымы бекімей жүрді. Ж.Айм.
ТАҚЫМЫ АТТАН АУМАДЫ
Аттың құлағында ойнаған шабандоз д.м. ~ Ат үстінің аударысында тақымы аттан ауып көрмеген, танымынан тартыста еш жанға көкбәрі лақ бермеген тартқыштар танауларын кептіріп, мықты жігіт өзімсініп, мығымсиды. І.Жан.
ТАҚЫМЫ АТҚА ТИДІ
Атқа қонды; астына ат бітіп, арманы орындалды. ~ Артына қарап Байдалыны мазақтай түсіп ақсия күліп қояды. Әжібектің тақымы атқа тисе қалай жүретіні белгілі ғой, әне- міне дегенше белден- бел асып мүлде көрінбей кетті. С.Мұр. * Тақымы атқа тиген қазақ әр уақытта арқаланып, аруақтанып, қиялына қанат бітіп шабыттанып, қуат қосып қайраттанатыны тағы бар. БАҚ
ТАҚЫМЫ АТҚА ЖАРЫМАҒАН
Астына жөні бүтін ат бітіп көрмеген жарлы. * Сонда Аңғара би тақымы атқа, аузы асқа жарымай жүрген Тәжімбеттің ұрлыққа амалдың жоқтығынан барғанын, оның ештеңеден тайсалмайтын ержүректігіне риза болып… БАҚ
ТАҚЫМЫ АСТЫНДА КЕТТІ
Әлдебіреуге бұйырды д.м. ~ Жақында ғана алған су жаңа машинатұғын; бұрынғысын Жуан Жақайымға беріп, мынаны өзі күндіз-түні байлап қойып мінетін; ертең әлде кімнің тақымы астында кететін құтсыз адыраның күйігі ішін өртеп, ащы тырнақ осып алды. Ә.Нұрп. ~ Мұздай терекке сүйеген маңдайындағы бағанағы өрттей ыстық басылған; әлгіндей емес, қол-аяғына әл-дәрмен оралған сияқты; есіне тағы да есік алдында қалған машина түсті. Қап, әттегенеай, күні ертең ауызы салымды әлдебіреудің тақымы астында кете баратын қайырсыз адыраны мінгенде болады екен! Ә.Нұрп.
ТАҚЫМДАЙ ТҮСТІ
Шүйлікті, бір айтқанын қайталап, қоймады. ~ Біз болсақ селт етпестен аңырып тұрмыз. Аяқасты бұл нендей қуаныш деп таңданамыз. — Сүйіншіме не бересің, жеңеше? — деп Әспет тақымдай түсті. С.Мұр. * Қайын сіңлісінің жүзіндегі жұмбақ шырайды байқап: — Сен қыз, осы ана кербез кедейді ұнатып қалғаннан саумысың? — деп тақымдай түсті. Ү.Жәл. * «Қазіргі кітап деген не? Кітабың көп болса 2-3 мың данамен шыққан болар. 170 мыңмен тарайтын газеттің жөні бір басқа», деп тағы тақымдай түсті. С.Абдрахм.
