Home » Page 242
Posted in

ТАҚЫМҒА ТҮСТІ (ТИДІ)

Иелігіне түсті, меншігіне бұйырды. ~ Үш арысқа ортақ тақ бос тұр. Орта жүз тағы бос тұр. Осы тұста мықтап қимылдаса, екі бос тақтың біреуі болмаса біреуі тақымға түсуі мүмкін. Ә.Кек. ~ Түске кіретін тұлпарлар тақымға тиген бұл сапар не бағым, не дағым. Жаулар жетсе артымнан, жасқанбай бір шайқасам. С.Дос.

Posted in

ТАҚЫМҒА САЛДЫ

Күш көрсетті, зорлық қылды. ~ Әлде қалаға барса, заңшыл жырынды қазақтар тақымға салып, күш бермей кетеді деп ойлады ма, өздері жеке шығып ұзақ кеңесті де, тіпті бұл елдің ойына келмеген қайдағы бір сұмдықты ойлап тапты. Қ.Жұм. ~ Сайлауда өзіне қарсы сөз айтқан би жанасып тақай бергенде, шылбырды мойнына тастап жіберіп, биді аттан жұлып алып, тақымға салып, сүйрей жөнеледі. Әудем жерге дейін сүйретіп барып, тастап кетеді. Т.Жұрт.

Posted in

ТАҚЫМҒА ҚЫЛБҰРАУ ТҮСТІ (САЛДЫ)

Қиындыққа тап болды, ажал аузына тақады. ~ Мойынға түскен жіп тұзақ үміт пен арман атты қос ғашықты әлпеншегінде тербетіп, қылқындыра тұншықтырады. Тақымға түскен қылбұрау бунап шыңғыртады. Безілдетіп бебеу қақтырған ашты толғақ қыстығады. Ғ.Біл. ~ Алайда, «Япыр-ай, қалай болар екен, өңшең сен тұр, мен атайын қызыл көз пәлелер тақымға қылбұрау салатын шығар» деп ине ұшында қылпылдап келген. Т. Сәу.

Posted in

ТАҚЫМҒА БАСАР

Мінетін, менішігіне тиген (не болашақта тиетін) ат туралы. ~ Ел не дейді? Жұрт жайы қалай, оны тегінде, Құнанбай балалары ойлауды ұмытқан. Олар болыстықты өздеріне ортақ, төл аты деп білетін. Бүгін біреуі иемденіп жүргенімен, өзге Құнанбай балалары «ертеңгі күні өзімнің де тақымға басарым» деп қарайтын. М.Әу. ~ Тік көтеріліп өре тұрар кешегі ереуілдеген қайратым жоқ. Тақымға басар тулақ бітпеген бүгінгі жоқ– жітік халім қол байлайды. С.См.

Posted in

ТАҚЫМҒА АЛДЫ

Икемге келтірді, ыңғайлады. ~ Тұлпарын тәуекелдің тақымға алып Алдына ақбоз үйдің жақындадық. Екінің бірі шыдар, ер болса да, Енуге есігінен батыл барып! И.Сап. ~ Рас, ұлым айтылған сөз оқпен тең, Бір кезде мен Махамбетті жек көргем. Әлде кемшін шағым ба еді ол ақылға?! Пенделік қой алған мені тақымға. М.Шах.

Posted in

ТАҚЫМҒА АЛҒАШ ТҮСТІ

Үйретілмеген, үстіне жан мініп көрмеген, асау жылқы туралы. ~ Жылқыны көре келген үлкендер тақымға алғаш түсіп, мөңкіп жүрген қыл құйрықтардың құлқын бақылап, қайсысынан жорға, қайсысынан жортақ, қайсысынан тұлпар, қайсысынан тұғыр шығатынын топшылайды. Ә.Кек.

Posted in

ТАҚЫМҒА (ТАҚЫМЫНА) БАСТЫ

1.Атқа отырды. ~ Тәтті ұйқыда жатып, түс көрді ол. Баяғы жас кезі екен дейді. Осы Айнабұлақтағы ауылдан шығып, бұл бір жаққа кетіп бара жатқандай. Астында ақжал жирен аты бар. Тай күнінен тақымына басқан өзінің Ақжалы… Қ.Жұм. * Шақыртып алып, зоотехниктің маңдайына біткен жалғыз жорғасын бұның тақымына басқаны. Д.Әш. ~ Көкпаршылардың кебежедей біреуі серкені тақымға басып алып, додадан сытылып шығып оқшаулана бергенде, арындап тұрған Бәйгеторы ала кеп жөнелген. Қ.Найм. 2. Иемденіп кетті. * – Биыл жазда Әзімбайдың бәйгекер ат дейтін, тақымына басқан дей ме, бір аты жоғалыпты. Сұрау салып, айналаны шалып, бірде-бір дерек таппай қояды. М.Әу. * Бір күні қалаға мал айдамақшы болып, ылғи Телеш пен Кенженің тақымына басқан аттарын сатпақшы болды ғой. М.Әу. ~ Қырдың басында жайылып жүрген Бәйгеторыдан көз алмай тұрған шал: — Не сөз бар, қалағандарың болсын, — деген. Сайланып келген жігіттер қоя ма, әп- сәтте серкені тақымға басып кете барған. Қ.Найм. ~ Сан бәйгеден, Сан жорықтан сыналған, Суын тектес тұлпарды тақымға басып құмардан Шығу дегенің, Шығу дегенің, шіркін-ай, Исі түркменге, исі қазаққа бір арман. А.Өт.

Posted in

ТАҚЫМ ТИМЕГЕН

Мінілмеген, еркін жүрген. ~ Ерлі зайыпты екеуі құдды бір бөтен ауылға келген байсаубат қонақтардай өз үйлерінен өздері тайсалып тұр. Тілеу төңірекке көз жүгіртті. Шабдары көрінбейді. Көптен бері тақым тимеген тұғырдың қайда лағып жүргенін кім білсін. «Көрмедің бе?»,- деп әйелінен сұрауға бір оқталды да, қайда жоғалып кете қойды дейсің, ат қараған боп, айналаны бір шолып қайтайын деп жүгенін алуға үйге кірді. Ә.Кек. ~ Шынында да, тағы болып кете жаздаған саяқ тұғыр су жақтан келеді. Аяғы бос. Құйрық- жалды ошаған басып кеткен. Тақым тимей жылтырап семіріп апты. Мұны көргенде анадайдан құлағын қайшылап едірейіп біраз тұрды. Ә.Кек.

Posted in

ТАҚЫМ СЫБАҒА

Ат терлертіп хабар жеткізгені үшін сыйлық дәмету хақында. ~ Не де болса, уытын қайтарайын дегендей төр жақта кекірейіп отырған сыз қабақ Бәйімбет сыңар езуін Бүлк еткізіп: − Ендеше сен жаритын болдың. Орыстан тақым сыбағаны алдымен алатын сен едің ғой, − деді. Ә.Кек.

Posted in

ТАҚЫМ СОЗДЫРДЫ

Ат шаршатып әзер жететін алыс жер туралы. ~ Ұлы Иван патша Қазан мен Астраханьды алып, Еділді басынан аяғына дейін басыбайлы орыс өзені етіп беріп кетті. Ұлы Петр орыс желкенін Каспий теңізіне шығарып, Таяу Шығыстың да тап онша тақым создырардай алыста емес екенін аңғартты. Ә.Кек.