Home » Page 244
Posted in

ТАҚИЯСЫНА ТАР КЕЛМЕС (КЕЛМЕЙДІ)

Көңілін көншітуге жарап қалар д.м.. ~ Гүлсімдей ар-ұяты таза, адал азаматтар мына біздің тақиямызға тар келмес! Б.Тоғ. ~ Парторг Тураболовтың мінез- құлқы туралы тағы бір жазаны жоғары жаққа білдіру туралы қаулыға қосып жазғысы келді де, «осы жиналыс та тақиясына тар келмес» деп сыбырлаған… Қ.Түм. * Бір дәуірдің соқталы кезеңдерін қамтыған ауқымды палитра. Былай қарасаң, жә деген жазушы кеудесін қағып қалай мақтанам десе де тақиясына тар келмейтін еңбек. Бірақ мен не барқадар таптым? Т.Сәук.

Posted in

ТАҚИЯСЫНА ТАР КЕЛДІ

Талабына сай болмады. ~ — Күрсінбе, балам,- деді әкем, ұнатпаған қабақпен,- мен алып қалмасам, ол қыз ендігі аштан өлер еді. «Жарты пұт тары» дегеннің кәзіргі заманда құны қанша екенін білесің бе? Дыңдай ірі қара!.. Әке-шешесінің тақиясына тар келіп жатқан жоқ ол!.. С.Мұқ. ~ Қисынсыздау екен…—деп күмілжіді Қали. Одан ары өрбімеді. Алшағырдың «түремшік» екені кезінде есіне түсті. Әрі балаға лайық бұл шатты-бұтты оның тақиясына тар. М.Қаб. ~ Оған не болып, не қойғанын айтқым келмеді. Шал бәрі бір ештеңе түсінбес еді. Тақиясына тар келетін хикая. Дж. Сэл. ~ Осыған жыламай, «шыда, жаным шыдалап» жүрген біздікі қандай жан, Қазақстанның азаматтығы тақиясына тар келіп, ерігіп шұрқан тілеп жүргендердікі қандай жан?! Д.Мәс.

Posted in

ТАҚИЯСЫН (БӨРКІН) ТЕРІС АЙНАЛДЫРДЫ (КИГІЗДІ)

Әбүйірін түсіріп, масқара қылды. * Колхозшылардың өздері сайлайды емес пе? Жақтырмаса қабылдамайды. Аудком тек: «мынандай адамға қалай қарайсыңдар?» — деп ұсыныс етеді, таныстырады. Оның бәрі бірдей өтпейді. Колхозшылар талайдың тақиясын теріс айналдырып жібергенін көргенбіз. М.Сүн. * Шіркін, тілінен де, қолынан да келетін ондай жігіттер, орыс, татар саудагерлерінің бөркін теріс айналдырар еді,— деп арбаға отырған соң, Сүлеймен болашақ күйеуіне, «болар еді, тұрар еді» еділеп, көп үміт артып, ауылға қайта бұрылды. С.Жүн. ~ Кезінде «түрксібшілеп» ұрандаған белсенділер мен атқа мінбесе арам өлетіндей көретін әулекілер бүгінгі заманда аз уақытта қазақ халқының қалай өзгергеніне‚ бұрын сауда десе сырт қарайтын елдің енді нағыз саудагерге айналып‚ өзбек пен ұйғырдың тақиясын теріс кигізіп жіберетініне куә болды. Б.Алд.

Posted in

ТАҚИЯҢА ТАРЛЫҚ ҚЫЛМАЙДЫ

Қораш көретінлей, менсінбейтіндей ретің жоқ д.м. ~ Ондай қалалар Қазақстанда көп-ақ, мен соның бәрінде болғанмын десем, өтірік дей алмас ешкім! … осы қалалардың қайбірін таңдасаң да тақияңа тарлық қылмас. Ә.Тар. ~ — Немене, балаң Бонапарттай болса тақияңа тарлық қыла ма?» Баланың әкесі Әбдәшім: — Тарлық қылмайды ғой, — деп күмілжіді. Д.Ис. ~ Бұл інім әл көрсетіп ақия ма, Тірегің тілектес пе, мафия ма? Құдайыңа қой айтқын, Алла сақтап, Маған кез боп отырсың қапияда. Екеуміз кезектесіп келуші едік, Бекарыстың баптаулы аты ұяда. Көзіңе қораш көріп отырсың ба, Мен де тарлық етпеспін тақияңа! Д.Қап.

Posted in

ТАҚИЯҢА ТАР КЕЛДІ МЕ

Менсінбей, қомсынып, олқысынып отырмысың д.м. ~ Немене, тақияңа тар келіп отыр ма,- деді үй иесіне алара қарап. — Сені әжептәуір кісі деп жүрсем… Әйтпесе, итім лағып па? Қ.Найм. ~ Ең болмаса өз халқымыздан біреуді неге қоймайды? Небір сен тұр, мен атайын азаматтар жүрген жоқ па ел тұтқасын ұстап. Солар тақиясына тар келді ме? Т.Сәу. ~ Артық дәулет бас жара ма. Қайта бірнеше айда төлдегені төлдеп, арықтан өлген, мәрт-шәрт болған малыңның орнын толтыра асып-төгіліп шыға келеді. Сонсоң жоспарын жүзден жүз процент орындаған дін аман табын жетекшісі, сен бай, сен құдай, сен саңлақ, сен депутат болып шыға келесің. Тақияңатар келе ме?!» — деді. Ш.Рах.

Posted in

ТАҚИЯДА ТАМТЫҒЫН ҚАЛДЫРМАДЫ (ҚОЙМАДЫ, ҚАЛМАДЫ)

Түгі қалмады, барынан айрылып, жұрдай болды. ~ Уау, ертең Тәуке хан екінші жақтан кеп, "жөнсізді, жолсызды тап, құрық сал, бұғаулап таста! " дегенде сені таппайды, ел иесі деп мені табады. Табады да, тақияда тамтығымды қалдырмайды. Оған не дермін. С.См. ~ Менің жетпіс сом жалақым неме жетсін. Қазір қымбаттамаған не қалды? Ананың да бағасы шапшып, мынаның да құны өсіп, тақияда тамтығымды қоймай баратқан соң, осылай алақан жаям. Қайыршы десең, қайыршымын! С.См. ~ Бір тайпы елді табымен түп тамырымен аластау мақсат. Сонда не, бұл елді Іле аймағы болған жердегі өзге қазақтың ішіне тақияда тамтығын қоймай, бір үй, екі үйден үлес қып беру. Ж.Ахм. ~ Сонда Қайрақ: «Ой, сорлы-ау, азын-аулақ тиын-тебен алғанға сонша есірмесеңші, мен шындап ойнасам, тақияда тамтығыңды қоймаймын ғой»,— деген әзілдеп. С.Мұр.~ Осындай еңсені езген ауыр күндерде қолындағы азын-аулақ малына қымбат бағада ұн сатып алуға мәжбүр болған елдің «тақияда тамтығы қалмады» десе де болады. Қ.Адам. ~ ешегі социалистік, жоспарлы-нұсқаулы шаруашылықтан бір сәтте «кеңес капитализміне», жабайы нарыққа сүңгіп кетіп, кешегі бірінші хатшылар, төрағалар мен директорлар алып – алты, жеп – жеті болды. Қаймана халық болса, тақияда тамтығы қалмай, сыбағасынан құр қалды! Ә.Қос. ~ Өз алдыма жеке мал саламын, мұқтаждықтан құтыламын деген үміті алайда көзінен бұл-бұл ұшты. Марқұм әкесінің таз кебін киді. Тақияда тамтығы қалмай, ауыр бейнеттен тесік өкпе болуға айналды. Ж.Сәд.

Posted in

ТАҚИЯ ТІГЕР

Жаңа туған қыз баланың эвфемизмі. * Бекжан начальниктен тағы естігенін сөйлей бастағанда, әлгі топтанып отырған халыққа бір жігіт шауыл келіп: — Сүйінші, Сәрсеке! Шолпан жеңге аман-есен босанып, тақия тігіп беретін тапты, — деді. М.Дул. ~ Ата-бабаларымыз ұл бала туса, «ат ұстар», қыз бала дүниеге келсе, «қырық жеті» немесе «тақия тігер» деген сөздер қолданған. Жазушы шығармасында: «Ат ұстар ма, қырық жеті ме?» — деп сұрайды деген мысал кездеседі. Ж.Қад.

Posted in

ТАҚАТЫ ҚАЛМАДЫ (КЕТТІ)

Шыдамы таусылды. * Үзіліп, талып жетіп, еміс естіліп тұрса да, әлде бір сабырсыз жүрек шырқырап шақырады. Оралбайдың тақаты қалмады. М.Әу. * Баймағамбет бұрын барып қайтқылап, қайта-қайта: – Абай аға, мұнда келіңіз! Тамаша мұнда екен! Дәл қаланың үйі! Асты-үсті тақтай. Пеші қандай – деп, тақаты қалмай, мақтап жүрген бөлмелерге келді. М.Әу. * Әсіресе тағы бір өзіне мәлім берік жайларын еске алса, тақаты қалмайды. М.Әу. * Тоғжанға деген Абайдың ынтықтығы, ауыр арманы, ұзақ жылдар бойында айықпаған қалың шер екенін жолдасы жақсы білетін. Бірақ, сонда да, дәл осы қазіргідей боп Абайдың тақаты кетіп, жан ұшырған кезін Ербол көрген емес. М.Әу. * Бірақ Мамозы бұл іске тақаты қалмай төніп түскенмен, Керімбекті тұтқындату үшін қазақтың өз ішінен қол қоятын бірталай куә табу керек деген жерге келгенде, белге соққан жыландай бұлғалақтап қалды. Ж.Ахм.

Posted in

ТАҚАТ ТАППАДЫ (ҚЫЛМАДЫ)

Тыныштық көрмеді; мазасы кетті. * Науқасының үшінші күнінде тыныштық, тақат таба алмай, тынысы бітіп, жанталасып, өне бойы оттай күйіп жатты. М.Әу. * Дүйсен бір күні: — Әй, қара тәмпіш, реті келсе мен сені басқа бір жеңілірек жұмысқа ауыстырамын. Не жұмысқа ауыстырар екен деп, жаным тақат таппай күтіп жүрмін. Б.Соқ. * Жанына жуып кетсе, бұны не түртіп қашады. Не бірдеңесін алып қашқысы кеп қол-аяғы тақат таппай жыбыршып тұратын. Ә.Нұрп. * Әскерден босап, қайтып келе жаттым. Бұл соғыс біткеннен кейін. Алматыға жеткенше тақат қылмадым. Кім біледі, Гауһар, мүмкін, ендігі үйіне оралған шығар. Табысып, мәре-сәре болармыз деп үміттендім. Б.Соқ.