Сыры құпия д.м. * Өйтсе де, кейбіреулердің «тап осы бағытымнан ауып кетсем, жақпай қалармын» деп ыңғайға аунап, көп сырын ішке бүгіп қалуы мүмкін ғой. Ә.Кек. ~ Табағаттың тылсым сырын ішіне бүккен күйі қызғылт каньон жардан төмен құлаған күйі ағатаңдап жатқан жалғыз аяқ жол арқылы өзіне жетелейді. С.Пар. ~ … сырын ішіне бүккен Шыңғыстаудың қасиетті топырағынан жаралып, қалың қазағының ғана емес, әлемнің ғұламасы мен данышпаны болып, адамзаттың ақыны мен классик жазушысы, данагөй пәлсафашысы атанған Ұлы тұлғалардың осы топырақта жаралуының да тылсым сыры бары ақиқат. Ж.Әуб.
СЫРЫН БІЛДІ
Құпиясын ашты, игерді. * Сағат пен орган жүргенін Таңырқап ашып көргемін. Оның, да сырын білгемін, Ұзатпай біраз заматқа. Шәк. ~ Дарнудың еріксіз ықыласы құлап, түсініксіз Құдайдың сырын білгісі келді: салқын бұлақтан қауашағына су толты-рып, жерге құйылған жемісті теріп, кітап айтқанындай ақиқатты зерттеуге кірісті. А.Байт. (В.Гюгодан) ~ Сырын білмей бой салма, Атасы оның текті деп. Тұрлаусыздан сөз ұқпа, Аузы оның епті деп. Дулат Баб. ~ … қазақтың «қыран құс қисық ұшып түзу ілер» деген сөзін «Ақ ұлпа» дәлелдер еді, қолдан ұшқан ол, зымырап бара жатқан сұқсырға тік ұшпай, жер бауырлап қиғаштай тартады, сондықтан сырын білмеген адамдар «бетімен қаңғырып кетті» деп ойлар еді, сырын білетін Шыңғыс «Ақ ұлпаға» қарай емес, үйрекке қарай шабады. С.Мұқ.
СЫРЫҚТАЙ ҰЗЫН
Ұзын бойлы, арық. ~ Қыздың көз алдына сырықтай ұзын әкесі келіп тұра қалды. Ә.Тар. ~ Өзі сырықтай ұзын, жігіттің нағыз серкесі, бойы мендей екеу. Ә.Ас. ~ Бей-мезгіл соғылған телефондағы суық әңгіме ішкі тыныштығымды бұзып өтті. Көз алдыма бойы сырықтай ұзын, келбетті жігіт келе қалды. Н.Құм.
СЫРЫҚ ТАСТАМ
Қашықтық өлшемі ретінде қолданылады, сырықтың бойындай. ~ Ол бұлардан сырық тастам жерде жапырағы түсіп болған бір ересек теректен көз алмай жақындап келді де, тұрып қалды. С.Шайм. * Университет алдында — сырық тастам жерде парк, оның бергі шетінде ұзынша орындық… З.Қаб.
СЫРЫҚ БОЙЛАМАЙДЫ
Тым терең. ~ — Бұ көлдің аты — Қарағайлы, — дейді Болатбай, айнала қоршаған дөңіне қалың ағаш біткен, жел жағы қамыс, ық жағы жалтыр бір келді көрсетіп, — Есеней үйінің көлі. Мұның жалтырының тереңдігіне сырық бойламайды. С.Мұқ.
СЫРЫ КЕТСЕ ДЕ, СЫНЫ КЕТКЕН ЖОҚ
Жас болмаса да, күш-қуатынан айрылған жоқ; тұғырынан тая қойған жоқ. * … Жәниша да құлын мүшем өзімде деп санайтын. Сыры кетсе де сыны кетті дегенге мойындамайтын. Ғ.Мүс. * – Иә, шалдардың аузын алу керек. Сыры кетсе де, сыны кетпеген кәрі тарландар емес пе? Ә. Сар.
СЫРЫ АШЫЛДЫ
Жасырын ой-сыры, ниеті, мінезі, әлдебір құпиясы білініп қалды. ~ Көптен бері, ел көкейінде түйін болып келген бір қойманың сыры ашылды. С.Бег. ~ Дарын: – Қалдықсыз қоректің беріп отырған жемісінің бірі осы. Бұрын тіпті ойымызға келмеген көп жағдайлардың сыры ашылып отыр. Лашынның түйсігі сергек. Оны өзіңіз де байқап тұрсыз, — деді. С.Ғабб. ~ Шымылдығы желбіреп отырған Уәсиласы түскір Әлиге айтпай ауданға барыпты. Отан үшін жанын да, тәнін де аямаған еріне қызмет сұрапты. Пәтер деметіпті. Қосымша ақы даулапты. Сол кезде батырының сыры ашылыпты. Бақса, Әлидің әскерге барғаны рас. Бірақ ат бағыпты. Бары-жоғы сол. Р.От.
СЫРТЫНАН ТОН ПІШТІ
Бір нәрсенің анық-қанығына көз жеткізбей тұрып, долбар жасады. ~ Анада мені дінге қарсы сөйледің деп, ел–жұртқа мазақ қылып, итімді шығарған жоқ па? Істейтіні — осы, біреуді біреуге айдап салу, үгіт тарату, біреуді мазақ қылу, сыртынан тон пішу. Т.Әбд. ~ Мұндайда айтыс арасында ақ жаулық атаулыдан бір жан қатыстырылмайды. Солардың сыртынан тон пішіп, үкімін айтатын да ерлер. Еркектердің ісіне қол сұқпайтын қатал әдет өз күшінде еді. Б.Мом.
СЫРТЫНАН ЖҰДЫРЫҚ ТҮЙДІ (КӨРСЕТТІ)
Жауы жоқта сыртынан қоқан-лоқы жасады, сырттай кіжінді. * Мен әйелімді алдаттырып қоймаспын,— деді қарт келіншегінің алдында қоқиланып, әлде кімге сыртынан жұдырық түйіп.— Жә, енді жетті. Кергімей жина төсек сал… М.Сүн. * Мәмбеттің шынашағына тұрмайтын күйкентай, сыртынан жұдырық көрсетуін көрдің бе? – деп, Пазыл жерге түкірді. Х.Ес.
СЫРТЫНА ШЫҒАРМАДЫ
Сыр бермеді, сезімін, ойын жасыра білді. ~ Бала молданы қолқанат қылғанына Көрпебай мәз. Аз күн болса да, Жүністен сабақ алғанына Қартқожа мәз. Молда басымен даяршы болғанына қорланса да, сыртына шығармай, шыдап жүр. Ж.Айм. ~ Адамның іші-бауырына кіріп тұрған үшбу хатты жазған адамның Советтің келіншегінен мүлдем бөлек адам екені ойымда тұрды. Бірақ оны сыртыма шығармадым. Б.Қыд. ~ . Осы уақыт ішінде қасындағы жарының мінезіне, сыртына шығармаса да өзін толғандырып жүрген ой-пікіріне қанық сияқты еді. О.Көш.
