Home » Page 279
Posted in

СЫЗ ҚАБАҚ

Көңілінде қаяу бар, ренішті, мұңды. ~ … Алатаудың шыңдары да көрінбейді, сұрғылт тұман жұтып қойыпты. Дүниеде тұнжырап сыз қабақ көңілсіздік қана қалған, еңсе басып салбырап тұр. Т.Сәу. ~ Не де болса, уытын қайтарайын дегендей төр жақта кекірейіп отырған сыз қабақ Бәйімбет сыңар езуін Бүлк еткізіп: − Ендеше сен жаритын болдың. Орыстан тақым сыбағаны алдымен алатын сен едің ғой, − деді. Ә.Кек.

Posted in

СЫЗ ЖАСТАНЫП, ҚИ ТӨСЕНДІ

Малшылық өмірдің қиындығы хақында. * Қысы- жазы малшылармен бірге сыз жастанып, қи төсеніп, қойдың құрттаған бақайына дейін бірге шұқыласып, жаны тыным таппайтын шаруаның торысы. Қ.Ысқ.

Posted in

СЫБЫРЛАҒАНДЫ ҚҰДАЙ ЕСТІМЕЙ МЕ

Түптеп келгенде ешнәрсе құпия болып қалмайды д.м. ~ Салған жеріңнен алып түспесек айып бізде, сала алмасаң кінә сенде! Сыбырлағанды құдай естімей ме дегендей, Ақмола алынбайтын күйде болса, оны ашып айт! І.Ес. ~ «Сыбырлағанды құдай естімей ме» дегендей жасырып жұмбақтар несі бар, деп Өміржан атынан түсіп, арбаға сүйене келіп үстіңгі бүркеулі текеметті қолымен қайыра көтерді. С.Бег. ~ Бірақ сыбырлағанды құдай естімей ме дегендей, мұндай қолдың текке келе жатпағанын Еділ, Жайық бойындағы Маңғыт, Алшын, Байұлы, әлімұлы, Жағалбайлы рулары бірден сезген. І.Ес.

Posted in

СЫБАНА КІРІСТІ (ҚИМЫЛДАДЫ)

Әлдебір істі құлшына, шешімтал бастады. ~ Ұлжан да өз міндетіне сыбана кірісіпті. Ол ас ошағын Қазбаланың суына жақындатып қаздырып, мал сойғызуға кіріскен екен. М.Әу. ~ Орыс-орманға, болыс- песірге, атқамінер тілмашқа шашылған шаруада есеп жоқ. Песір, болыс, тілмаш атқа мінер адам сауда ісінің жуан ортасына сыбана кіріскен. І.Жанс. ~ «…Бүл күнге шейін түрлі себеппен жұмысқа білек сыбанып кіріспесек, кейбіреулеріміз тіпті ішімізден қарсы болып та жүрсек, енді біз сілкініп, алдымызға түзу қарап, адал ниетімізбен сыбана қимылдап, кеңес елін өркендету жолында тынбай істеуіміз керек… С.Сей.

Posted in

СЫБАЙ (СЫБАП) БОҚТАДЫ

Түгін қалдырмай тіл тигізді. ~ Бұл сөзді айтып барған жеңгелерін Зейнеп сыбай боқтады да үйінен айдап шықты. Соны айтып келген жеңгелеріне: — Оқасы жоқ, — деді Топан. — Қызша киінбесе де, қыз екеніне құлағы ғана берсін. Күйеудің, басқа қыз құтылмаған құрығынан ол да құтылып қайда барар дейсің. С.Мұқ. ~ Долдануы үдей түскен Күлеміс, «жібер, өлтірем, қасқырдың бөлтірігін» деп ұстаған адамдардың арасында бұлқынып тұр екен. Өзі хан тұқымының түп-тұқиянынан түк тастамай сыбай боқтап, еңіреп жылап тұр. С.Мұқ. ~ Жұмысшылар тарай бастады. Арба жеткенше шыпырлаған жерда кепеге сіңіп болды. Алдағы Орынбек екен. Келе-ақ кепелердің төбесіне ат ойнатып, ақырып, сыбай боқтады. Ғ.Мұст. ~ Кертай баланы әке-шешесінен сыбырлай сыбап бір боқтады да, құлама қабақпен төмен түсе берді. П.Дүйс.

Posted in

СЫБАЙ- САЛТАҢ ЖҮРІС (ЖҮРДІ)

Жалғыз ілікті, салт басты сабау қамшылы бойдақ күйдегі тірлік. ~ – Райжан-ау, малы аз ба бұл ағаңның, Мен тұрғанда басыңды құрап алғын. Сыбай-салтаң жүрістен не шығады Бір қайырын көрсеңші мына малдың. Ұ.Есд. ~ Ол кезде сыбай- салтаң жүрісі өзіне ұнайтын, тіпті баласының боғына тайып-жығылып жүрген құрбы-құрдастарын көрсе жирене қарап, өзін солардан екі елі болса да артық санайтын. Қ.Түм. ~ — Губернатордың қызына топырлатып нөкер ертпей, күймесіз, зембілсіз, сыбай-салтаң жүрген жараспайды. М.Серв.

Posted in

СЫБАҒАСЫНАН ҚҰР ҚАЛДЫ

Бұйырып тұрғанға қолы жетпей қалды. ~ Ерні жұқалау бір сұқым жігіт жамбасты тұтамдап, майын бармағымен бүркітше басып ұстап алыпты. Табаққа жұқалап кеседі де, өз аузына келгенде, түйеге асататын жемдей-ақ түйіртпектеп тастап жібереді. Аузына түк жұқпайды. Соған қараймын деп Қартқожа бір-екі алатын сыбағасынан құр қалды. Ж.Айм. ~ Осы үйде қазан өтерілмегеннен бері Сырттан да сыбағасынан құр қалып, іріген сүт, ашыған айранмен ауыз шайқап жүрген. Қ.Ысқ. ~ Жалпы, мұндағы қазақтарға тиісіп жатқан ешкім жоқ. Қазақтар өз сыбағасынан құр қалмайтын сияқты. Ш.Мұр.

Posted in

СЫБАҒАСЫНАН ҚАҒЫЛДЫ

Олжадан құр қалды, аузы аңқиып қалды. ~ Мынаны қарашы: мал өскен ауылда тұру өкпеме зақым болар деп иіссуы мол қалаға келдім. Сыбайласым жоқ жерде сыбағадан қағылатын әдетім, жатпендесі көп қала маған контор бермеді. Ғ.Қаб. ~ Сәуле… Өкініш қана қырнайды. Сары майдай сақтағанының дәмін тата алмағаны аянышты– ақ. Сыбағасынан қағылып жүретін қандай ашықауыз жетім несібелі мүсәпір еді. Әйтпесе ғой Сәуленің қызығын өзі көретін еді. С.См.

Posted in

СЫБАҒАСЫНАН АЙРЫЛДЫ

Бұйырып тұрған нәпақасынан, тиісті үлесінен айрылып қалды. ~ Алла бергелі тұрған сүбелі сыбағасынан айрылып қалған әлгі “маңғаздар мен марғаулар” әлі күнге дейін ағылшындарға өкпелі. И.Сап. ~ Бірі қазақ, бірі моңғол бұл екеудің өзі біріне бірі қарауыл, ертең «мынау шетелдік қашқынға пәлендей жақсылық істеді, тілдесіп қойды, аяушылық көрсетті» деп сыбыр етсе анау жылдардағыдай атылып я сотталып кетпесе де сезіктіге саналып, сыбағадан, жеп жүрген нанынан айырылары хақ. Ш.Рах.

Posted in

СЫБАҒАСЫНА ТИДІ

Қолына тиді, меншігіне өтті, олжалы болды. ~ Сонымен жер аз-ақ кісінің сыбағасына тиді. Бәрінен көп алған Үшаяқ болды. Өзге жер алғандар жерлерін қара бидайға, мәуелі жеміске, аюдың терісіне, балыққа сатып, диқаншыларға берді. Ж.Айм. ~ Өйткені мұның сыбағасына тиген қонақтар алыс елдің адамдары болғандықтан, бүгін тарамайды. Ендеше кешкі сыйына тағы әзірленіп тұру керек. М.Әу. ~ Өз аулының сыбағасына тиген отыз қойды айдасып келген. З.Шүк. ~ Жанына жақындап келген бөрте шыбышқа құлағын жымырып, тіс ақситты. Байғұс сыбағасына тиген бір уыс сояу шөпті қызғанғандағысы. Ш.Мұр.