Жазасын берді, өшін алды; сыбап салды, балағаттады. ~ Ақбала қағазына түртіп жатты. Олар сөйлеп болған соң, Ақбала шығып, бәріне жауап берді. Біреуін мысқылдап, бірін кекеп, бірін түк білмейтін қып, неше түрлі дәлелдер келтіріп, сыбағасын берді-ау! Ж.Айм. * "Ататай, болдым ғашық мұрыныңа, Көк бурыл иектегі құрымыңа. Кірпідей аяқ-қолы жиырылған, Қосылар күн бола ма тұлыбыма?", — деп әжуалап сыбағасын бергендігі есіне түсіп … С.Тор. * Несіне әбігерленесіңдер? Келе жатқан шүршіт көрінеді ғой. Үйреніскен жау алысуға жақсы, содан қорқамыз ба, сыбағасын берерміз! І.Ес. * Жәниша мен Күлше өлмелі кемпірдің қасына барып солдаттар кемпірдің сыбағасын жеткізе беріп жатыр. Ғ.Мүс. ~ «Сен қыз сабырлы болсаң қайтер еді, желіммен жапсырулы тұрған жасанды сақалды біле тұра неге жұласың, ал сен болсаң соған бола ашу шақырып былапыт сөз айтып сахнаны басыңа көтеріп тәртіп бұзып, масқаралық істедіңдер» деп ойыннан соң Ақтан мен Дүйсенбі ол екеуіне де дүрсе қоя беріп, сыбағасын беріпті. Ш.Рах.
СЫБАҒАСЫН АЛДЫ
Сазайын алды, сөз естіді. ~ Бірақ бұл қылығы үшін, бейшараның обалы нешік, тиісті сыбағасын менен талайрет алды… Б.Соқп. ~ Оның қолтығына су бүркем деп, жоқ жерде тыштыңдай қалған Мәжікен де «сойқан» атанып, сыбағасын алды. С.Ом. Өз үлесін, еншісін алды. ~ Сыбағасын алған балалар сандарын шапалақтап әбден көн тақаланып қалғантабандары жалтырап, шартараптан бас қосқан шәлкес жылқылар қайта-қайта оқыранып, бір-бірінің сауырына тісін ала жүгіріп, ию-қию шұрқырасып жатқан керме басына қарай тасырлап шаба жөнеледі. Ә.Кек.
СЫБАҒАДАН ҚҰР ҚАЛМАДЫ
Әлдебір олжаға, үлеске ие болды. ~ Бұған тапқан айлалары — келген малды болыстарға бөліп айдатады, ондағы Ревком бастықтары байлар, немесе, солардың құйыршықтары, кімге үлестіретінін олар жақсы біледі… Бұл сыбағадан қаланын, байлары да құр қалар емес. С.Мұқ. ~ Сыбағадан құр қалатындай делебелері қозып, алды жүгіріп, соңы шұбатыла бүлкектеп ентелей түскен. Бірақ көздеген тұсқа жетіп үлгірген жоқ. Т.Сәу.
СЫБАҒА ТАРТТЫ
Тағдырдың маңдайға жазғаны болды д.м. ~ Теңіз де, қиял да жоқ. Аз алданыш, қуаныш та сөне берді. Тағы өмір шындығы. Тағы тірлік тартысы Абай алдына еселі сыбаға тартты." М.Әу. ~ Өкінер, қайрылып қарар ештеңе қалмаған. Тағдыр алда қандай сыбаға тартса да реніш, кейіс орынсыз. Бәріне ризамын. М.Мағ. ~ Келер күннің қандай сыбаға тартарын Кейқуат білмесе де, Алпамыс батырдың алысты ойлаған ақылына еруді жөн көрді. А.Сей. ~ Келешек қандай күйлер әкеледі? Не сыбаға тартады? Зәлімнің тіліне еріп, ел аза ма? Алпыс басты ақ орда жатқа жем бола ма? Жер қайысқан қол келіп, ел саса ма? М.Әу. ~ Бұл сөзді сендер тыңдап тілімді алсын, болған іске болаттай бекем болсын деп айтам. Басы сайран, түбі ойран, сырғанақ дүние сұм сыбаға тартып отыр! Өлімді естірткен кісі жан алушы әзірейілмен бірдей деген… Мен бүгін сендерге сол әзірейіл боп отырмын, шырақтарым! Ж.Ахм.
СҰСЫ СУЫҚ (ЫЗҒАРЛЫ)
Ашулы, ызбарлы. ~ Бірақ анау терезеден үңілген қап-қара тамұқ дүниенің сұсы неткен суық. Ж.Шәк. ~ Жарық жоқ. Селт еткен жан баласы байқалмайды. Жым-жырт. Әлде, жұрт мына сұсы суық мәшине, қарулы жендеттерден сескеніп көрінбей қалды ма? С.Ел. ~ Ашуланғанда пышақтың қырындай сылыңғыр қара жігіт Шегенің сұсы тым ызғарлы еді. С.Ел. СЧИТАТЬ ЗАЗОРНЫМ Мін көрді
СҰСЫ ҚАШТЫ
Берекесі кетті. ~ Сұңқар деген — тіршілікке нағыз іңкәр дарындар. Еркін ұшып шығу үшін биігіне қалаған, Оларға сол арадан Жайлы ұя салыңдар Және ерекше жағдай жасап бағыңдар. Сонда майда құстардың сұсы қашып, Еңсесін сұңқарлардың мысы басып, Іздеу үшін жанға жайлы басқа орын Тастай қашар сол әуежай аспанын. М.Шах.
СҰСЫ ҚАТТЫ
Жүзінен зәр тамып тұр. ~ Тоңнан тон киген қара жердің де сұсы қатты, қамданып қалсаң — қамданып қалғаның, қамданып қалмасаң — алданып қалғаның, өз обалың өзіңе, менен қайыр, менен мейір күтпе дейтіндей. Ә.Тар. ~ Ғасырдың екпіні зор, сұсы қатты, Ызғарлы қабырғаға қысы батты. Күйдіріп аптабы да аямайды, Шүмектеп тер құйылып, пысынатты. Д.Бай.
СҰСЫ ЖОҒАЛДЫ (ҚАЙТТЫ)
Жүзінің айбары, кәрі, ашуы тарады. ~ Қоңыр жүздің бір — ақ түнде әжімі қоюланып, кескіні қашқандай әсер етті Жоламанға. Бұрынғы сұсы жоғалған бұйығы реңі ұнамай қалды. С.См. ~ Сосын жалтақтағандай көз астымен бір қарап алды да, қарсы алдын-дағы сұсы қайта бастаған адамның өз райына көнетінін сезгендей сөз бастап кетті. Қ.Түм.
СҰСЫ ЖАМАН
Жүзі суық, қорқынышты, зілді. ~ Мына тірліктің опасыз бейнесінен хабар бергендей. Сұсы жаман шындықты сыбырлап айтқандай. С.Елу. ~ Бағана көңіл аудармады ма, әлде жылы үйде біраз отырған соң әрленіп кетті ме, көз тоқтатып қарап еді,өкілдің сұсы жаман екен. М. Қан. ~ Сен бұл үшеуінің пиғылын сезген шығарсың. Өздерінің сұсы жаман. Сені жазатайым етпек. Т.Жұр. ~ – «Ал аттанамыз!» деп айбындап, жібер бізді деп тақымдап тұрғандар бұл хабарды естігенде тоқырап, тосаңсып қалды. – Сұстары жаман, — деді Мақаш, өз үрейін жасырмай, біздің жаққа да соғар ма деп қорқам! Ш.Рах.
СҰСЫ БАСЫМ
Айбаттырақ, сұстырақ. ~ Өткен жаққа мойынын бұра алар ма Уақыт тығыз, шаршаған халық әрі, Болашаққа қарауға қысыласың Жиырмасыншы ғасырдың сұсы басым. Ф.Оңғ. ~ Сансыз мүрде көмусіз қалды, сайын дала қан сасыды. Таян хан да, Күшлік хан да күші мен сұсы басым жау қолынан күйрей жеңіліп, Алтайдың Арай асуын, Тарбағатайдың Етікші биігін асып, қансыраған қаралы халқын бастап батысқа қарай бет түзеді. Д.Рам. ~ Таңға жақын талмаусырап жатып көзі ілініп кетіпті. Ауыздығымен алысқан ақбоз арғымақпен әкесі Құнанбай келді. Әбішті мінгестіріп алған. Қабағы қатыңқы, сұсы басым. Атасын көрген Мағауия жүгіріп келіп, әй-шәй жоқ, артына қарғып мінді. Д.Рам.
