Home » Page 281
Posted in

СҰСЫ БАСТЫ (ЖЕҢДІ)

Айбарлы келбеті, қаһарлы қас-қабағы жауының құтын қашырды. ~ Аруағы қашты кәпірдің, Сұсы басты батырдың. Болдырған соң Тарланға, Қаһары келді бақырдың. "Ер Тарғын". ~ Еркін жұмыс істеп, ел қатарлы жүрем деген ойын мына жатқан аюдай жігіттің сұсы басып кетті. С.Жүн. ~ Күрескенде қар жауып қабағынан, еш адамды бетіне қаратпады. Ерен тұлға еріксіз сұсы басты, дірілдетті, талайдың түсі қашты. Б. Ысқ. ~ Тіріліп келген Тәуекел мен Қияқтың сұсы жеңді ме, кейін қарай қаша жөнелген лашкарлар көрінді. І.Ес. ~ Бұрындықтың осынау ызбарлы сұсы жеңді ме, батырлар тақа таямай сойыл жетпес жерге келіп тоқтады. І.Ес. ~ Көкірегін ақынның мысы басып, Мысы басып, тәкаппар сұсы басып: — Мүмкін емес, — деді ол дір-дір етіп, Мүмкін емес, — деді ол түсі қашып. М.Шах.

Posted in

СҰСТЫ КӨЗ (КӨЗҚАРАС)

Айбат шеккен, суық, қахарлы көзқарас. ~ Жүрсең ғой тек сөлді сор жүгін артып, Кешегіден салмағы бүгін артық… Зұлымдықты қайтерсің, сенен басқа Таппағандай сұсты көз сұғынар түк?.. Х.Ерғ. ~ Менің сыртымнан сөз айтып жағама жармаспақшы болыпты, — деп кешірім сұрағандай, үй иесіне ишара білдірді де, қонаққа сұсты көзімен өңменінен өткізе қарады. А.Өт. ~ Тәтем дегенде әкемнің сұсты көзқарасы келеді. Қалай сұранам? Тәтемнен қатты қорқамын ғой? Бәрібір ешқайда жібермейді де. Ә.Ысқ. ~ Байсалдылығынан жан түршіктірерлік бедірейген көздерді, алдамшы сиқыр жүздерді, картаның шетін қайырғанда оны жеп жіберетіндей сұсты көзқарастарды сіз нәлет жауғыр осы бір сағатта кездестіресіз. О.Бальз.

Posted in

СҰСТЫ ЖҮЗ

Бет әлпеті үрей шашып тұрған, қаһарлы адам туралы. ~ Ойлайды: «Тақсыр, кеше гөр! Қозым келсе екен бұл жерге, екеумізді қоса жесе егер, жарар едік-ау бір жемге…» Жаутаң көз қойды жаншып жер құлқыны – құдық, сұсты жүз. Мықшиған сайын әлсіздер мылжалай түсер күштіңіз. Ф.Оңғ. ~ Шатынай жарқыраған шаралы көз, ызғар түгі түксиген сұсты жүз, бүркітше үңірейген биік қабақ, ашулы жолбарыс түгіндей тікірейген қас пен мұрт қаһарланған әзірейілдің өзі жетіп келгендей үрейлендіреді. Қ.Шаб. * Салбыраған сызды аспан, түнерген сұсты жүздер қорқыныш шақырып, кеудесінен итергендей. Т.Сәу.

Posted in

СҰС КӨРСЕТТІ

Жүзін суытып, айбар шекті. * Кейде сұс көрсетіп, қаһарын тіккен қалыпты, ашулы түрмен қараған сықылды, көңілге қорқыныш салып тұр. Ж.Айм. ~ Осылар немді менің қызғанады, сырт беріп, сұс көрсетіп, сызданады, бірі жүр ала көзбен ата қарап, арылмай қабағына ызғар әлі. С.Им.

Posted in

СҰС БЕРДІ

Жүзін, кескін-келбетін ірілеу, айбарлылау, маңыздылау етіп көрсетті, шырайын ашты. * Шекпенінің етегі кең болғандықтан тобығына дейін бүркеп тұр. Алыстан қараған кісіге ақ тастан қашалған ата мүсіні сияқты сезіледі. Жиегі жалпақ ақ қалпағы да біртүрлі сұс беріп, атамды айбарлы көрсетеді. Б.Мом. * Сұр шинельдің өзі зауқайым бір көрініп қалатын бұл колхозда қара киім Дүрәліге айтарлықтай-ақ сұс беретін. М.Қаназ. * Қоп- қоңыр бадана көздерін төңкеріп қарағаны- ақ сүйкімді. Имектеу жылтыр көк тұмсығы өзіне ерекше сұс беріп, шырайын ашады. Ү.Жәл.

Posted in

СҰРЫ СУЫҚ

Келбет-кейпі ызғарлы. ~ Кезігіп тізімдегі Қорқытқа да, Дәптерді ашып оқып қорытқанда, Моладан бірақ ырғып қашты Қорқыт, Қорқытта қала ма ақыл қорыққанда? Көр анау, қараңғы, ызғар сұры суық, Кереге, босаға, жоқ шаңырақ, уық. Бірдеме сияқтанған жын мекені, Кім барам дейді еркімен жақын-жуық. БС. "Қорқыт".

Posted in

СҰРЫ ҚАШТЫ

Жабырқау тартты, өңі бұзылды, қатты абыржыды; сәнінен айрылды. ~ Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы, Тұман болар, жел соқса, шаң-тозаңы. От жақпаған үйінің сұры қашып, Ыстан қорыққан қазақтың құрысын заңы. Абай. ~ Үйдің іші алай-түлей сасық тұман. Басым да тұман. Қазынаны жеп, жазаға тартылған завхоздан жаман ұнжырғам түсті, сұрым қашты, ыза болдым. Ж.Айм. ~ Тозбайды сыны кетіп, сұры қашып, Біз әлі қанған жоқпыз сырын ашып… Қазағы қадырына жеткен сайын Жайнайды, Ертеңге де нұрын шашып. М.Әлім. ~ – Көп болды ма малды сыртқа шығарғандарыңызға? – Сұры қашқан әңгіменің әлпетін басқа жаққа бұрмаққа тырысып, өзінше тосыннан тапқан сауалы. Ә.Ыб. ~ Әмірбек сұры қашып, қибыжықтап, дірілдеген қолымен столдың шетінен ұстай берді. Асқар белінің қатты ауырғанын сезіп, орнынан тұрды. Ә.Әл. ~ Дос көп еді, Өлді бәрі тым ерте, Күндер жетті жетегіне мұң ерте. Түндерім түр — сұры қашып сұрланып, Гүлдерім түр — қабақтарын түнерте. М.Рай.

Posted in

СҰРЫ КӨРІНБЕЙДІ

Ыңғайы жоқ. ~ Міндет қылатындары орынбасарлықтары ма. Он жылдан бері солсың. Құдай бұйыртса деп едің, біріншіні саған оның бұйыртатын сұры көрінетін емес. Н.Дәу. ~ Тергеушінің сөзі әзірге – «сіз, біз». Досмағанбет барлап қарайды, мынаның басқа шауып, төске өрлеп тұрған сұры көрінбейді. Бары осы ма, әлде әдісқойлығы ма? Н.Дәу.

Posted in

СҰРЫ КЕТТІ

Сәнінен айрылды, мәні, берекесі кетті, абыржып, сасқалақтады. ~ Жанды, жансыз заттың бәрі тоңады, сұры кетіп, табиғат солады, айдай әлем жансыз өлік сықылды бо-лады. Жарқырап әсем жаз келеді. Жер жүзіне жан енеді. Жылынып, жібімеген зат қалмайды, қыбырлап, қимылдамаған зат болмайды. Қар басына қысым түседі. А.Байт. ~ Түсімде жапан түзде кезіп жүріп, Қорғансыз бір бақшаға келдім кіріп. Аяныш түсті ойыма сол арада, Қуарған ағаштардың түрін көріп. Семіпті сұры кетіп ағаштары, Көгерген жапырақ… С.Сей. ~ «Бұл не пакет, мынаны осынша абыржытқан?» -деп ойлады, урядниктің сұры кеткен, дірілдеген түсіне таңдана қараған Итбай. С.Мұқ. ~ Өмірімде тұңғыш рет барайын деп отырған қалаға менің де құр қол бара қоймасым белгілі. Сатып, пұл ететін бірдеңелерді, мүмкіндігі болғанша, мен — дағы қамдап ала бармақпын. Сосын соған мынау сұры кетіп, жұтап жүрген үсті-басымды біраз бүтіндеп, түзеп кайтсам деймін. Б.Соқ.

Posted in

СҰРЫ ЖОҚ

Жүзі оң емес. ~ Бүкіл Жамбыл облысындағы ең ірі май-ірімшік заводы осы Красногордан салынбақшы екен. Құрылысы басталғанына бірнеше жыл өтсе де, бітетін сұры жоқ көрінеді. Б.Тоғ. ~ Зияш Әшірдің аңысын аңдап бағып еді, оның көнетін сұры жоқ ақыры үгіттей бастады: – Сен удай массың ғой, Әшір. Осы қалпың да жетпей ме? М.Мақ.