Home » Page 282
Posted in

СҰРЫ ЖАМАН

Бет-әлпеті бұзық, зәрлі. ~ Білгенге бұл сұмдықтың сұры жаман, Байекең Махамбетті қырына алған. Жәңгірге жаман хабар айтқалы тұр, Бұрында естілмеген тірі жаннан. С.Тұрғ. * Батыстан қорғасын қара бұлт шығып, көкжиекті көмкере қымтап бізге қарай жылжып келе жатты. Сұры жаман, соған қарағанда жаңбыр болатын түрі бар. Ә.Асқ. ~ Шалқасынан жатыр екен Қозбағар. Ыстық жасы самайын сызады. Қара көлеңке тас камераның сықпытын көргісі келмей көзін жұмды. Әлгі елеске қайта еніп мына сұры жаман сұрқай тірліктен баз кешкісі келді. С.Ел. * Сонда не істейміз? – Кім білсін… Өзіңді ойласаңшы, анау милисаңның сұры жаман. Н.Дәу.

Posted in

СҰРЫ БҰЗЫЛДЫ

Өңі суыды, солғын тартты. ~ Аспанның сұры бұзылып, тұтасып тұр. Қар жауатын сияқты… С.Мұр. ~ Данның ұялысы шар ете қалды. Сарт еткізіп баса қойды. Қайта шырылдады. Тыңдап еді, сұры бұзылып кетті. АҚ. "Дара сезім".

Posted in

СҰРҚЫН ҚАШЫРДЫ (КЕТІРДІ)

Өңін кетірді, сәнінен айырды, тыныш тірлігін бұзды. ~ Бұрын Жанай көбіне Бақытпен билейтін. Бұл жолы жоламай қойды. Қыздың әлгіндегі қылығына ренжіген еді. Бүкіл бір кештің сұрқын қашырды. С.Мұр. ~ Суық сұр бұлт жабағы жүнденіп, аспанның сұрқын қашырып, салбырап-салбырап тұрған еді-ау. Ол ғой желтоқсанның он жетісі еді. Ә.Нұрп. * Кеңірдектен қарға қылқынған түп-түп ши мен селдірей өскен тобылғы, жыңғыл кебін жамылып серейіп-серейіп жатқан дөң-жоталардың басында жоқтау айтып тұрғандай, уілдей сыңсып, онсыз да жүдеу даланың сұрқын одан сайын қашыра түседі. Т.Сәу. ~ "Егінімді жедің ғой" деп зарлап барғанда, аяғының ұшына отырғызбай, әке бабасынан боқтап, Тәкежан мен Майбасар қуып тастапты. "Елдің сұрқын кетіріп, қайдағы сұмдықты бастағандар. Жер тырмалап, қоныс-өрісімнің құтын қашырған сұмырайсыңдар" деген. М.Әу.

Posted in

СҰРҚЫ СУЫҚ

Жүзі ызғарлы. ~ Құйрық жалы келте, аяқ-мойны, бар бітімі келте, доғал "Танабай торымен" аяндап келе жатқан қарттың еңселі сұрқы тым суықтау екен. Ә.Тар. ~ «Өйбу, жетімегім-ай, келе ғой!» дейтін кім бар? Мұндағы жұрттың сұрқы бөтен, суық. «Оу, балақай, кім¬сің, неғып жүрсің?» деп қайырылар сыңайы жоқ. Т.Сәу. СҰРҚЫН ҚАШЫРДЫ

Posted in

СҰРҚЫ ҚАШТЫ

Сәні кетті, қиюы қашты. ~ Үйленгендеріне жыл жарымнан асса да, оған тап осынша елжіреп көрмеген-ді. Сұрқы қашып, сиқы кеткен осы бір қораш еркекке неге мейірлене қалғанына өзі де түсінбейді. Ә.Кек. ~ Жан шошиды түрінен! Сұрқы қашты шындықтың – сумаңдаған тілінен уы тамып сұмдықтың. Т.Мед. ~ Тамырынан үзілген тал қуарып, Сұрқы қашты, Көктемеде көктер ме?! …Қонысынан безіп жатыр мына жұрт, Көшу-дағы бәсеке боп кеткен бе?! Б.Жет. ~ — “Келіннің аяғынан” деуші еді, сен келгелі біздің әулеттің сұрқы қашты. Сейсембай өлді, ата-енеңді жұттың, енді Жұмағалиды жалмап, бір шаңырақты құлаттың. Ең болмаса ұл да тумадың, ана шөп-желкеңді ал да төркініңе қараңды батыр! Кесірің өзіңмен кетсін аулақ!” — деп тепсініп ұрыс шығарған. Ш.Мам.

Posted in

СҰРҚЫ КЕТТІ

Көркінен айрылды. ~ Жер тоңазып қонады аппақ қырау, Сұрқы кетіп сиықсыз боп қапты бау. Сықырлайды бұтақтар, сықырлайды, Жапырақтарын аяулы жоқтап тұр-ау. Бау. Үс. ~ Ғашық болған бір кезде өмір еді, Жұрттың неге көз жасы төгіледі. Күйі қашқан ауылдан Сұрқы кеткен Тас қоғамның келбеті көрінеді. Р.Нияз. ~ Көрсет мынау сұрқы кеткен бақшаны, Көрсет анау жапырақты сап-сары. Қандай салқын ызғар ескен іңірі, Қандай сұрқай бұл қаланың ақшамы. Ж.Әск.

Posted in

СҰРҚЫ ЖАМАН

Жүзі суық, бет-әлпетінен жауыздық байқалады. ~ – Аға, – деді Қызырбек, – Мыналардың сұрқы жаман. Енді соңымыздан қалатын түрі жоқ. Ж.Шәк. ~ — Ал жұрттың сөзін естідіңдер, не дейсіңдер?— деді Нұртаза ашулы үнмен. — Не дейік, сөздерінің сұрқы жаман. Ана Әлібектер қайдан келген. Ақанды ұстап берер сынай байқамадым,— деді Сүлеймен солғын ғана. С.Жүн. ~ Мына заман қай заман — түлкі заман, түлкіңіздің, тәңірі-ау, сұрқы жаман, қысылмайды түктен де, кеміріп жеп, өліктің де біткен бе ұртына жан?! С.Им.

Posted in

СҰРҚАЙ ТАРТТЫ

Сұрықсызданып, жабырқаңқы күйге түсті. ~ Омбыға таянған сайын күн сұрқай тарта бастады. Түнде бозқырау тұрып қалады. Ұры қатты: керуеншілер кезектесіп көлік күзетеді. Інісін киізге орап жатқызып, Қартқожа ұйықтамайды. Ж.Айм. ~ Аумалытөкпелі дүниенің қисық-қисық жолы бар. Жылдың да қақаған қысы, көк майса көктемі, сұрқай тартқан сары күзі, бет қарыған керімсал, ыстық шілдесі бар. Адам өмірі де сондай боп өте бермек. С.Бақб. ~ Сұрқай тартқан бұлыңғыр аспан. Бір апта болды, өстіп түтін басқандай түнереді де тұрады. С.Мұр. * Түнімен көз ілмей шыққан Досмағанбет ертеңнен бері сүлесоқ; жан әлемі құлазып, дүние бірыңғай сұрқай тартты. Н.Дәут. * … бүкіл медресе іші ел тірлігінен аулақта қалған суыр ініндей сұрқай тартып, қапас үйдің іргесі қабырғасын қысқандай тынысы тарыла берді. С.Жүн. * Қайтып күн көрінбейді. Құбыладан қаптаған тұтас алапат бұл күннің көзін айтадан сірестіріп басып алды. Тоғай іші қайтадан сұрқай тартты. С.Жүн.

Posted in

СҰРҚАЙ (СҰРҚАЙЫ) ТІРЛІК (ӨМІР)

Біркелкі көңілсіз, жабырқау күйде өтіп жатқан күндер. ~ Кекетіп қал. Біздің шаң басқан сұрқай тірлігіміз мынау. Есіңнен танып білмей жүрген шығарсың? Е.Абд. ~ Жарық дүние, Есігің қағылғанда, Аялдадық сәл тұрып дамылдарға. Бізге пана бола тұр, Сұрқай тірлік, Тұс-тұсынан жағаға Жабылғанда! С.Вал. ~ Көгілдір көктем – қыз бейнең. Жүрегім менің түздей кең. Сұрланған сұрқай тірліктен — Кеудемді қауып күздей дем. Ж.Әлим. ~ Сұраған аға, Сұрқайы тірлік, сұм ниет мына қалада. Сағынышыммен жаныңды жылатып алсам, Кінәламассың ініңді, … сыраға бола! Д.Қап. ~ Сөйте-сөйте құныққаны сонша кітап оқу құмарлыққа айналып бара жатты. Оқымаса бірдеңкесі жетіспей, жұмыс, тамақ, төсек үшеуінен ғана тұратын сұрқайы өмірден қашып, тезірек кітап әлеміне кіріп кетуге асығатын болды. Е.Әл.

Posted in

СҰРАУЫН ТАПТЫ

Көңілінен шықты, жөнін келтірді. ~ Суға сол ылди болса бітті, жүре береді. ~ Қалауын тапса, қар жанады”, “Сұрауын тапса, адам баласының бермесі жоқ” деген ең барып тұрған құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп қорлықпен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой”. Абай. ~ "Әділ би сұрауын тапса, айуан куәлік береді» деген үшінші сөз туды. Төленің бұл билігі оны әділ би деп атандырды, осыдан бастап мұқым елге даңқы тарады. БС. "Төле би…" ~ «Қалауын тапса қар жанады, сұрауын тапса сараң мырза болады» деген емес пе. Сұрауын таптық, мына сараң жотаның бермесін алып отырмыз» дегені әлі есімде. К.Қаз. ~ «Алдырған алабұртып, анасының қойнын ашады» дейді қазақ мақалы. Біз қонысымыздан қосақты жылқы алдырып, ешқайдан сұрауын таба алмай қалған едік. С.Бег.