Қорғансыз, тірі жанға керексіз; есепте жоқ д.м. ~ Сұрауы жоқ, иесі жоқ, тегін дүниенің ту- талақайын шығарып, әне- міне дегенше тып- типыл етті. Қ.Жұм. ~ Қара халықтың сұрауы жоқ деме, төре. К.Сег. ~ Өзім қазақ болсам да, соңымнан қалмаған қаңғыбас- босқындарға ашуланғаным соншама, шаужайыма жабысқан, көзі үңірейген аштарды қамшымен сабап, қылышымның дүмімен ұрып, қасыма жолатпаймын. Оларды атып, өлтіріп тастасаң да сұрауы жоқ еді. Е.Айғ.
СҰРАУСЫЗ КЕТТІ
Артынан іздеушісі болмады, із-түзсіз жоқ болды. ~ Адам өлімінің сұраусыз кетуі қандай адамшылық статьясына сиятынын білмедім. Б.Қыд. ~ Ақын ем атым шыққан мен Кемпірбай, Алдыңа іздеп келген бүгін міне. Тап бердің келген жерден қылыш ала, Сұраусыз кетер деме өлсе құны. Кемпірбай а. ~ − Қайран Ақмаңдайжаным-ай! Артында ызғындай елің, арыстандай арпылдаған әкең қалғанда не көрдің? Сұраусыз кеткенің бе? – деп ақырып-ақырып қояды. Ә.Кек.
СҰРАУҒА БАЙЛАДЫ
Тергеді. ~ Болыстар, елдегі беделді ақсақалдарды ояз өз алдына шақырып, сұрауға байлап тарқасыпты. Кешікпей беделді адамдар дуанға шақырылды. І.Жанс.
СҰРАУ САЛДЫ
Сұрастырды, іздеу салды. ~ Соған сұрау да салып, жақында Шұбар өзі келіп, Тәкежан мен Әзімбай жіберді деп, Ырғызбайдың тобы жіберді деп, салмақ салды. "Не мына Әбдіні ұрымыз етіп, қолымызға шығарып бер, не болмаса ақтасаң, кепіл бол, жаныңды бер" дейді. М.Әу. ~ Таба алмай Болат іздеп мінді атқа, Қаңғырды сұрау салып сан тарапқа. С.Мұқ. ~ Биыл жазда Әзімбайдың бәйгекер ат дейтін, тақымына басқан дей ме, бір аты жоғалыпты. Сұрау салып, айналаны шалып, бірде-бір дерек таппай қояды. М.Әу.
СҰРАҚТЫ ТӨТЕСІНЕН ҚОЙДЫ
Ойындағысын білтелемей, тіке сұрады. * Бұл сұрақты төтесінен қоятын да, оған толыққанды жауап беретін де жөні түзу пендені кезіктірсең, кәнекей! Қ.Жиен. * — Сонда сіз күн бата қайдан келе жаттыңыз, неге ол тұспен жүрдіңіз? — деп тергеуші Ұлтараққа сұрақты төтесінен қойды. Қ.Түм. * — Өлтірген анық өзіңіз бе? Мойындайсыз ба? — деп сұрақты төтесінен қойды. Қ.Түм. * Білтелемей, ашық сөйлейікші: сен ғой Келдібайды шын сүйдің. О да сүйетін шығар? — деп Дария төтесінен сұрау қойды. Ғ.Слан.
СҰРАҚҚА АЛЫНДЫ
Тергелді, жауап алынды. * Ел іші өріп жүрген тыңшы. Аңду, байқамай сөйлегендер сұраққа алынады, шеттеп қонғандар шеріктің бақылауында, ел шығар жол таба алмай күйзеліп отыр, –деп сөз бастады. Ж.Шәк. ~ Күйеуі сатқын атанып тұтқындалды, ал әйелі болса достары үшін де сұраққа алынды. ӘЖ.
СҰР МЕРГЕН
Атқан оғы мүлт кетпейтін мерген. ~ Баспалап қараса, желіні жер сызған ешкі екен. Аң деген көздің құрты, аңшы сол жерде «сенде жазық жоқ, менде азық жоқ» деп, садағын кезенеді. «Түз тағысы табиғатпен тілдес» деген емес пе, бір қатердің төнгенін сезген шұбар киік селт етіп басын көтерсе, садағын кезеп тұрған сұр мергенді көреді. БС. "Шұбар киік". * Қонып отырғанда, қасқыр ұлиды. Қасқыр: «Сұр мергенді бүгін не қылсам да жеп қоямын», – деп ұлиды. ҚЕрт. * Айтқанын кей талапкер қағып алып, Сұр мерген екендігін танытты анық. С.Баяз. ~ Құрбан қылып шалыпты-ай. Бұқардан келген ақперен Мойнына алып салыпты-ай. Сұр мергені бар екен,Қасына ертіп алыпты-ай. БС. "Нәрікбай-Шора".
СҰР ҚАБАҚ
Түксиген, мейірімсіз, суық жүз. ~ Жаз қадірін сұр қабақ күз біле ме? Көктем исін шөл дала – түз біле ме? Бірде сұрақ қойылды зал ішінен: – Жек көреді көп кісі сізді неге? Н.Айт. ~ Барады өмір сырғанап, Жыртығымды жыр жамап. Сырқырап о жер, бұ жерім, Танытып қояд сұр қабақ. Н.Әбд. ~ Жұмысың бітті, өлтірдің, Ер емессің сен бірақ! Ажалым сенен болғасын, Мен қайтейін жұрнақ. Денемді көмбей тастама, ұйқыда жаттым, өлтірдің, Құбаша бала, сұр қабақ. Он сан ноғай жинасаң, Қарсыласып ойнасаң. Қара ала тұлпар қинасам, Сауыт киіп үстіме, Бес қаруды байласам. Ояу жүрген күнімде, Дін мұсылман келмес шақ. Кеше білдім мен сені, Шын Едіге екенің. БС. "Мәулімнияз — Едіге".
СҰР ЖЫЛАНДАЙ СУМАҢДАДЫ
Жылмаң қағып, сумақайланып, сұғынбайтын жерге сұғынды. ~ Күзетке шыққан қалық ел, Қаһарлы бүгін қабағы. Қай шұқырға кірсе де Сұр жыландар сумаңдап, Бірін қоймай табады. Бахыт заңы күшінің Сұмдарды езіп тастарлық Асқан алып табаны. Ж.Жаб. * Қанат бала кездегі досының кінәсіздығын енді сезгендей. Ашты арақ оның іштегі ауыр дертін сұр жыландай сумаңдатып, інінен шығара бастаған көрінеді. Т.Рыск. ~ Басына сұр жыландай сумаңдаған суық ойлардың бірі кіріп, бірі шығып, еңсесін езе түседі. Бір уақ бойын сергітіп, көңілін тыныштандырғысы келгенімен, жаны жай таба алар емес. Д.Рам. ~ Саясатым, сайқалым, Сусын берген зәһардан, Тоздыратын байтағын Орната сап жәһаннам, Зәндемі һәм зәһаннам. Сұр жыландай сумаңдап, Жылымына батырған. Қ.Аман.
СҰР ЖЫЛАН
Қулық-сұмдығы мол, аяр адам; сұрқия залымдық. * Кең жері күннен-күнге құрып жатыр, Сұр жылан қанын-сөлін сорып жатыр. М.Жұм. * Жұрт тегіс көзін ашып, Дәрібай сықылды сұр жыландарға терең қабыр қазар! Б.Майл. * Бозбаланың біреуі сырт айнала беріп: — Кәпір сұр жылан-ай! Сенің сезбейтінің жеті қабат жердің астында болар-ау,— деп торсаңдайды. Б.Майл. * Қайыны тамадағы бай Құдабай, Оның да шыққан аты кер бұландай. Алдынан атыменен адам өтпес, Халқына қадалатын сұр жыландай. "Қыз Жібек". * Татьяна біліп айтқан екен. Қайғы — ішіңде үйіріліп жатқан сұр жылан. Ол сені жаныңды ауыртып күндіз-түні сорумен болады. І.Ес.
