Жақын қашықтық, бір (бірер) қадам жер. ~ Келмек тұрып сұңқа адым, жұлық жамап қаңғып жүр, қатқан бар деп қай үйде – көкше түтін аңдып жүр, жамауменен жан сақтап, қара басын қамдап жүр. Ж.Айм. ~ Гүлмира Гүлжанды қасынан сұңқа адым алшақтатпай ертіп ап, бірден Нұрмираға тартты. Ә.Ыб. ~ Қарашықтарына деген жүрегінде титтей сызат болса — қара жер тартсын. Өзегі туырылып, сұңқа адым ұзаса — сағынады. Ә.Ыб.
СҰҢҒАҚ БОЙЛЫ (БОЙ)
Бойы ұзын, сымбатты. * Ұзын сұңғақ бойлы, қынай бел кемзал киген, басында оқалы тақия, жеңіл жібек шәлі бар, қоңырқай жүзді, нұрлы, ойлы көзді қазақ қызы сот бастығына сүйкімді көрінді. М.Әу. * Ғалияның қасында сұңғақ бойлы, талдырмаш, бетінде аздаған шешек дағы бар жүзі жылы сұрша жігіт. Ғалияның күйеуі екен. Б.Соқп. * Жазық маңдай, қыран тұмсық, ат жақты, қой көзді Әбутәліп сұңғақ бойлы, әсем жігіт еді. Ш.Айт. * Жақсылық мен білетін – ашаң кісі Сұңғақ бой, шоқша сақал, жасаң кісі. Т.Айб. * Көптің батасы қабыл болып, Дірсе ханның үйден шықса шынардай сұңғақ бойлы, тобығына түсетін сүмбіл қара шашты, бір тал пісте сыймайтын оймақ ауызды, қауын шырынындай ләззәтті сұлу бәйбішесі жүкті болып, айдарлы ұл тауыпты. Ғ.Біл. * Ол бала кезінде жетім қалса керек, кейін ойда жоқта әкесі келе қалады — "жиырмалар шамасындағы сұңғақ бойлы, тартымды сері". Дж. Сэл. * Көйлек етегін шалбардың ішіне жіберген. Шекесіне тартқан бір жапырақ қызыл шаршысы болмаса, сұңғақ бойлы, үлкен қоңыр қой көзді әдемі боз жігіттің өзі. С.Елу.
СҰМ КӨҢІЛ
Опасыз, дауасыз көңіл. ~ Сәлемде келді атымен, Айтқан арыз, датымен. Тиянақ қорған кеткен соң, Сұм көңіл болды жермен тең. Бет қайтпаған тіріде, Дұшпанын көрсе аянып. Жапанда жалғыз қалыпты, Қызыл қанға боялып. Қолдан келер шара жоқ, Ішім оттай өртеніп. Артында зарлап мен қалдым, Бүйірімді таянып. БС. "Үркін-Қорқын". ~ Қайғымен шыққан дәтімді. Біразырақ жоқтайын, Асыл гауһар затымды. Абыройлы, жан әкем! Туысың артық нәсілді. Өрекпіген сұм көңіл, Су сепкендей басылды. БС. "Әкені жоқтау".
СҰМ КӨЗ
Аярлана, сұқтана қараған жексұрын көзқарас. ~ Қарлығып, барылдаған жуан дауысы гүр- гүр етіп, әке ақылын алмайтын кеудесі де, Сансызбай қажының тұқымында жоқ мінез. Мекіреніп сөйлейтін, сықсима сұм көздері де тым уытты да, отты. Т.Рыс. ~ Жүйрік ат, сұлу қатын бәрі өзінде, Бұл арсыз пайдаланад дер кезінде. Бір найсап қаныпезер, қара жүрек, Бақдәулет көрінбеген сұм көзіне. БС. "Мырзаш батыр".
СҰМ ЗАМАН
Қулар мен арамдардың күні туған қу заман, азған-тозған уақыт д.м. * Ол бір сұм заман еді: күндерден күн өтеді, қалғанымыз күн өткен сайын жұмысты көп етеді, ішерге тамақ түкі-жақы жетеді. Ж.Айм. ~ Орынды болдың орасан Мың жылқының қауындай. Көпке пайдаң көп тиді Көктемдегі жауындай. Жерілмей қалды жеңсігің Жаңа піскен қауындай. Көре алмай қалдым өтерде, Елестеп кетің сағымдай. Өте шықты сұм заман Бәйге атының шаңындай. Адыра қалды ақ ордаң Иесіз қалған ауылдай. А.Байт. "23 жоқтау". ~ Сара Біржанмен таласпай, ағасы Есенбек қажыға сөз сөйлейді. Бұл сөз Сараның: зорлықшыл, қалыңмалшыл, әйел теңдігін табанына басқан қанаушы тапқа, үстем заманға айтқан үкімі, сұм заманның қара күйесін, сол заманның өз бетіне жағуы тәрізді. Есенбек қажыға Сара былай дейді: Адамға жол бермеген қайран тілім, Күні өшіп, қор боп өтті-ау, қызыл гүлім, Сіздерден ұялғаннан үндемеуші ем, Есекке қосақтаулы өтті-ау күнім. С.Мұқ. ~ Алдыңнан жүз көрініп бұлғақтайды, Ет кетіп қалған сүйек қу тақтайды. Ант ауып, азып туған сұм заманда, Пендеге жүз деген жас ұстатпайды. Сегіз Сері. Бұ жалғаннан өтеді кім басы аман?! Бізді билеп иледі өткен заман! Жеңсікшіл елдің жетпей ақтағанын Желөкпелік ұқтырды шын деп маған! Жағдайсыз сұм заманмен өмірім өтті, Ғашықлық, нем бар еді қыспай к…ті?! Ерік, ықтияр өзінде жоқтығынан, Не жаудыр көз қуса боп, қыршын кетті?! М.Ж.Көп.
СҰМ ЖАЛҒАН
Опасыз дүние; баянсыз өмір. * Ш ы н а с ы л Шықпаймын, бірге болам елімменен, Аулақ бол азғын етпе көбіңмен. Берсеңші ер өлімін қор еткенше, Сұм жалған бұл өмірге келдім неден? М.Әу. * О, дүние! Опасыз сұм жалған! Асылы, айналайын, атабаба мал соңында қоңын күн тесіп жүріп те көкірегі көп нәрсені сезген ғой. Солар еді ғой "өткен күнде белгі жоқ" деген. Ә.Нұрп. * Асықпай, жайлы көрде тек Ойланарсың мүмкін сен: Сұм жалғанда өмір деп Адам нені түсінген… І.Ес.
СҰМ ДҮНИЕ
Тұрлауы жоқ, алдамшы, опасыз өмір д.м. тағдырға налыған адамның жан қыжылын, өкпе-зарын білдіреді. * Сұм дүние сылаң етіп, көптен өтер, Сау қалғанның көбісі ертең бітер. М.Жұм. * Е, сұм дүние, қу өмір-ай десеңші! Бірақ әлі үміт үзбей келеді – осы оң қапталда бір жол болуы керек қой. Ақыры айтқаны келді. Ш.Айт. * Қайран бауырларым-ай, әр қайсысы ертең бір-бір отаудың иесі болып, қазақтың бір-бір шаңырағын көтеретін еді. О, жалған, опасыз, сұм дүние! — деп Нұрқалық егіліп кетті. Б.Қыд. * Ой, дүние-ай! Баянсыз, сұм дүние. Кеше Алтынмен құшақтасып жатқанда менен бақытты жан жоқ еді. Бүгін енді менен сорлы, менен бақытсыз жан және жоқ. Б.Соқп.
СҰЛЫҚ ТҮСТІ
Денесінен жан кетіп, қимылсыз қалды. * Дәркембай енді сұлық түсіп, жым-жырт көз жұмып қалды. Үзіліп бара ма, жоқ арыз, өсиет айтамын деп әлсіреді ме, білу қиын. М.Әу. * Кеуде тұстан кірген қос сүңгінің сабын сығымдаған Кенесары жанары сөне бастаған көзін төмендегі Қалиқұлға қадап: – Көрдің бе, тексіз ит, мен өліп бара жатқанда да сендерден найза бойына биік тұрмын, – деп қан көбік басқан езуін тартты да, сұлық түсті. С.Әбік. * Жаңағы жұлқыныс жоқ, бір ышқынып қасқыр сұлық түсті. Нұрымның сол қолы қасқырдың тамағында қатып қалыпты. Б.Қыд. ~ Осыдан біраз күнгі ұзақ сабылыстан тынышы кеткен өлке де, мазасы қашқан табиғат та бүгін "уһ" деп сұлық түскен тәрізді. Салыңқы рең, маужыраған өлі тыныштық бар. Қ.Ысқ.
СҰЛЫҚ КӨҢІЛ
Бәріне бей-жай, сүлесоқ, солғын қарайтын көңіл-күй. * Етінен ет кесіп алып жатса да, сұлық көңілі селт етпейді, сүлесоқ. «Өлім осы ма? Кісі өлгенде осылай өле ме екен?»- деп ойлап, осы күнгі халі шынында да өлі мен тірі арасында әлдеқалай ілініп тұрғандай. Ә.Нұрп. ~ Ажал төкті аузынан суық темір… астар болды аспанға сұлық көңіл. Пушкин ақын пейішке барды ма екен? Дантес… ұзақ, бақытты сүріпті өмір!.. Ұ.Ес.
СҰЛЫҚ ЖАТЫР (ОТЫР)
Үнсіз, қимылсыз, солғын бей-жай, сүлесоқ қалыпта. ~ «Енді мен қайтам, ертең ертерек келем»,- деді Әзімбай. Жылап-жылап шаршап-талып жатқан жас баладай сұлық жатқан Шолпан: «Жоқ, енді тіпті келме!» — деп айтуға оңтайланып еді, бірақ оның іздегені не еді? Бала. М.Жұм. ~ Шып-шып-шып… шып. Көрпенің астында жатқан Шолпанда тірлік белгісі жоқ. Өлген адамдай сұлық жатыр. Шолпанның бұлай жатуы Сәрсенбайдың зығырданын тіпті қайнатты. М.Жұм. ~ Қолдар өткен түрлі-түрлі мектептен. Әрбір қол өз тағдырына лайық түрлі-түрлі боп кеткен. Әне бір қол сұлық жатыр, жұмыстан әбден кеуіп, құрысқан. Ж.Нәж. * Қоспанның үйі. Қоспан үнсіз сұлық жатыр. Сырттан Жаңыл кіреді. Қасына келіп отырады. Қоспан тіл қатпайды. Екеуі үнсіз. Т.Ахт.~ Жағымпаздың бір «мал-жан» амандығымен қоймай, ала төбеттің амандығына дейін сұрады. Әубәкір Махамбетшеге мойнын сәл бұрып, «қайырлы болсынды» солғын айтты да сұлық отырды. Ғ.Мұст. ~ Нұрлан, шаршағанның салдары ма, ой толғағының қысуынан ба, үйге кірген соң әңгімеге араласа алмай, сұлық отырды. З.Шаш.
