Сырт көрінісінен гөрі қасиеті, ішкі мазмұны. болмысы құндырақ д.м. * Ертеңінде етігімді бітіріп берді. Нәл салыпты. Ағатайым: «мықты болған екен» дейді. Апам: «сұлуынан жылуы да» дейді. Ж.Айм. * Сүкеңнің: «Биттің қабығындай шалбармен ұшып өлесің, сұлуынан жылуы, мына қырық жылғы мақта шалбарымды киіп ал»,- деген тілін алмағанына өлердей өкінішті. М.Қаб. * Бірақ осы көздің «сұлуынан жылуы» көп, ұяң, бұйығы, момын; жанарының нұры да жұмсақ, жұбау; кірпігін жабырқау мұңмен кіреукелеп, кісіге біртүрлі елжіреп, есіркей қарайды. З.Қаб. * Қарайып тұрса болды емес пе, сұлуынан жылуы. Онсыз да атқамінерлер көбейіп барады, белсенділерді кеңседен шығара алмай жүрерміз сосын. Қ.Ысқ.
СҰЛУЛЫҚҚА КӨЗ СУҒАРДЫ
Сұлулықтан рухани ләззат алды. * Саудагерде эстетика болмайды екен. Дүниедегі жанды-жансыздың бәрі тауар боп көрінеді. Сұлулыққа көз суғарып, көңіл елжіретіп сүйсіну жоқ. Т.Сәу.
СҰЛУДЫ ЖАЙЛАП, ЖҮЙРІКТІ БАЙЛАДЫ
Өмірдің қызығына батты, серілікке салынды. ~ Әрбір мал іздеген малым көп болса, өзімдікі де, балаларым да малды болса екен дейді. Ол мал көбейсе, малшыларға бақтырмақ, өздері етке, қымызға тойып, сұлуды жайлап, жүйрікті байлап отырмақ. Абай.
СҰЛҚЫН БАСТЫ
Аптығын, емеурінін басты. ~ Сен түгіл, сұлтан болып билеген ел, Бұл бетпақ нешеулердің басқан сұлқын. Көңіліңмен кеңесіп көр, күшің қайда, Ерлердің иеленуге көшкен жұртын. Т. Ізт. ~ Артур қонағым сәл сұлқын бассын деп ойлады да, стол басына барып, конвертті ашып, хатын оқи бастады. Дж.Лонд. ~ Дауылпазды да ұрып жыққан ол. Дауылпаздың кім екенін білесің ғой. Бесінші раундыда-ақ жұмысын бітірді. Сен бір минутке де шыдамайсың. Түсіндің бе? — Осы сөз сұлқын басқан болу керек, жігіт жуасып қалды. Дж.Лонд.
СҰҚТЫ КӨЗ
Ұнатпай, жек көре, тіміскілей, сұқтана қараған адамның көзқарасы туралы. ~ «Өлімнен ұят күшті» дейтін қазақ емес пе, той иелерінің бірі сұқты көзін қадап, сүйектен өтер сөзін безеп кетеді- ау деп қылпылдап тұр. М.Сүн. ~ Жас әйел еркектің сұқты көзін сезінді, бірақ қымсынған жоқ. Қ.Жұм. ~ — Менің күнім сен кеткенде не болатынын ойламадың ба? Жолдыбайдың жиектері қанталаған сұқты көздері қулана жылтың — жылтың етіп: — Не болушы еді? — деді. Т.Рыс. * Ал тырмыса-тырмыса биікке шыққан адамның өзі құлағаны-өлгені… Оны өзгенің сұқты көзі одан гөрі де жоғарырақ өрмелете түспекші. Ә.Кек. * Айнала сұқты көз еді, Қан жоса кебін бөз еді. Манашы, Күйкен-Ноғайлы Өз алдына-ай сөз еді. Күледі әне шұнақ таң, Құлағын күйдің бұратқан. С.Адай.
СҰҚСЫРДАЙ СЫЛАНДЫ
Әдеміленіп, бойын түзіп, қылымсыды. ~ Нәзипа төрт қатынның бірі ғой. Оттай ойнақшыған, сұқсырдай сыланған қыз болып әкесінің оң жағынан ұзатылғаны кеше ғана. І.Жанс.
СҰҚСЫРДАЙ СҮМЕҢДЕДІ (СУМАҢДАДЫ, СҮМПЕҢДЕДІ)
Жылмаңдап, жылп-жылп етіп, сұғанақтана қозғалды, әрекет етті. ~ Сылдыр еткен шөп, шәу еткен ит болмастан жыландай сумаңдап, сұқсырдай сүмеңдеп сұр атқа таман келе берді. Кермеде елегізіп тұрған ақсұр ат суық қолдың келгенін сезіп, айтуға тіл жоқ, айбар қылғандай керме астында бұлаңдап тықыршып тура алмады. І.Жан. ~ "Тоқал" деген сөзінің астарынан, тырыса қалған қабағынан шалдың ит ерткен қонақты жақтырмағанын сезді. Жақтырсын жақтырмасын, танауы көк сүзген тырылдақ қайық сұқсырдай сумаңдап займкеге тура шапқан. Қ.Ысқ. ~ Дүниені кезіп архив ақтарып, сары қағаздарға үңілдім, Сұқсырдай мынау сүмпиген сұрқыңнан сенің түңілдім. Сорақы болды-ау бүгінгің, Құлжабайұлы Мәмбетке барып жүгіндім. Т.Айб.
СҰҚПАТЫНА КЕЛТІРДІ
Сазайын берді, орнына қойды, сабасына түсірді. ~ Демнің арасында жансақтаудың жолын жақсы біліп алған жағымпаздар Әулиеатаны Мирзоян атандыра салды. Мұны қане, даңғой, алакөкектік, дарақылық демей не дерсің, әйтпесе нені сонша сұқпатына келтіріп жіберіпті? Б.Қыд. ~ Көп дұшпанын өлтіріп, Батырдың кеулі тынады. Бір жерлерге келгенде, Мыстан кемпір шешесі Көлденеңдеп тұрады. Ұстап алды кемпірді Сұқпатына келтірді. Мұрнын кесіп мұнтитып, Құлағын кесіп құнтитты. "Алпамыс б."
СҰҚ ҚОЛ (САУСАҚ)
Бас бармақ пен ортан қолдың арасындағы саусақ. ~ Алтынай төсегінің аяқ жағына отырып, мәсісін киіп жатып, күндегі әдетінше шұлығындағы тесікке сұқ қолын тағы бір батырды. Осы түскірден қашан құтылар екен? Ж.Айм. ~ Ықаң тұтатып алған соң, аузынан жел жіберіп, түтінді айдап, шылымын сұқ қолы мен ортан қолының арасына қысып, рахаттанып отыр екен. Ж.Айм. ~ Арық мәстек пішінді біреу, көзін ежірейтіп, сұқ қолымен әліппенің бір бетін түртіп отыр. Қабағының түйілуіне қарап — мықтап құшырланып отыр-ау дейсің. Жанына келіп, сұқ қолдағы қадалған жеріне сен де үңілесің: "орынсыз" деген сөздің басқы буыны бармақпен кемулі. Б.Майл. ~ Осы өкімет жұмысын сен ғана арқалап жүрген шығарсың. Жау қайтарып келгендей жінігесің де жүресің түге! — деді шай құйылған шыныаяқты ұстап көтере берген оның шолақ сұқ саусағына қасақана шұқшия қарап. Ш.Рах.
СҰҚ КӨЗГЕ ШАЛЫҚТЫ (ІЛІНДІ)
Көзі өтті; көз тиді; дұшпан көзіне ілікті. ~ Бүгін барлап бақылаушылар көбірек шығуы мүмкін. Ол үкімге қарсы пиғылдарды іздер. Ал, сен ондай сұқ көзге шалықпаған жағдайда да бұл, нахақ өлтіру ғой, идеяңа дақ түсуі мүмкін. Қ.Шабд. ~ Өзгелердің сұқ көзі, өсек сөзі тимесе екен дейсің. Шын жүрегіңмен осынау достықтың жібі үзілмегенін қалайсың. Ә.Ысқ. ~ Бірінші әйел: — Иә, кештетіп жүріп сұқ көздерге ілініп қалармыз. Қайтайық. Кетеді. Құдық басында Көкетай мен жеңгесі. О.Көш..
