Сұқтана, тіміскілей, ішіп-жей қараған адамның көзқарасы. ~ Жұрттың сұқ көзі ылғи маған қадалатын сияқты, кейбір әйелдердің соңымнан сыбырласып қалып жатқандарын көріп, кірерге тесік таппай, жүрісімнен жаңылам. Т.Ахт. ~ Жуынып болып, сүртініп жатқанмын, кенет ту сыртымнан сұқ көздің қадалып тұрғанын сезіп, селт ете қалғанмын. З.Нұрт.
СҰЙЫҚ ЖҮРІС
Нәпсіқұмарлық, ойнастық, жеңіл жүріс. * Өз балам деп, Айкүмістің баласы деп ілгейсің көзіңе. Сұйық жүріске шатылған әйел, ердің қайсысы болсын баланы бала деп білер ме! Қор болмасын сол сәби… Ғ.Слан. * «Бетховен сазы жалаңаш сезімді оятады, жастардың сұйық жүріске түсуіне сеп, Шекспир пьесаларының желісі желбуаз өтірікке құрылған, таңдай қағып тамсанатын түгі жоқ, ортақол ғана жазғыш». Мәс — саған! Д.Досж. * Бексұлтан бастық болғалы Назеркенің сұйық жүрісі тым жиілеп кетті. С.Дос. * Нәресте шала туып, шетінеді. Содан кейін мұның сұйық жүрісінен секем алған әйелдер сырт айналды. Есесіне еркектер айналшықтайтын болды. Талай құрсақ көтерді. Ү.Жәл. ~ Анау жазығы жоқ сәбиді көзіңнен таса қыла көрме! Өз балам деп, Айкүмістің баласы деп ілгейсің көзіңе. Сұйық жүріске шатылған әйел, ердің қайсысы болсын баланы бала деп білер ме! Ғ.Слан. ~ Көрінбей өз жайына жүріп кетті, ондай сұйық жүріске өзі де епті. Жігіт болсаң, әнеки, осындай бол, Түн болған соң Бануды алып кетті. БС (89 Т.)
СҰҒЫН ҚАДАДЫ
Ашкөзденіп, телміре қарады; сұқтанды. ~ Ол қостай қоймаған соң, әйеліне бұрылды. Гүлайым, бетіне қызылы теуіп бас изеді де, күйеуінің иығына басын сүйеп қойып Саттарға сұғын қадады. С.Ел. * Чернов деген Колчак генералының жер қайысқан көп әскері Орскіні алып, ендігі сұғын Ақтөбеге қадап, қазақ жеріне қалыңдап кіріп келе жатқаны рас», – деді. Ә.Нұрп. ~ Ол кептердің сүйкімді балапандарына сұғын қадап, «Үшеуінің сүйегі жас шеміршек қой, бұлардың еті қандай дәмді екен!» деп ойлап жүріпті. ҚЕ. * Қонаққа барғанда көз демекші, есіме ауылдағы бір досымның жеңгесі түсті. Сол жеңгейдің сүйегіне сіңген бір әдеті болды. Қай үйге барсын, танысын-танымасын ұры итше үй-ішін сыпыра тінтіп, дүние-мүккамалын түгелдеп, сұғын қадамай шықпаушы еді. Ж.Аязб. ~ Бірақ, бұ жолы іштей таңырқағаны бала күннен бірге өскен Ждақайдың, Хансұлуға еркексіп қарау миына да кіріп — шықпаған неменің енді кеп табан астынан сұғын қадай қалғаны еді… С.Ел. ~ Ашқан балы қате кетіп көрмеген, қырық бір құмалақтың тілін білетін, діні де жат хотын малшының әйелі Еркезаяның аузынан шыққан сөзге бұлар қашан да имандай сеніп, айтқанына көнетін, көнбесе киесі, қасиеті атар, қарғысы тиіп, сұғы қадалар деп қорқатын. Ш.Рах.
СҰҒЫ ӨТТІ
Көзі тиді. ~ Бір бүйірден қадалған сұғанақ көздердің сұғы өтті ме, бейтаныс қыз жаңа бұлардың жанынан өте бергенде әнтек қысылып, аяғын абыржи алғанда сусылдақ топырақ борап кеткен-ді. Ә.Нұрп. ~ Бұл домбыра қара жүрек, Хан қаһарын қайтарып, Хан да, би де өзі болып, Айтқан әділ шешімді. Содан көздің сұғы өтіп, Тартар беті тесілді. Ж.Аман.
СҰҒЫ ҚАЙТТЫ
Көзінің зәрі қайтты. * Кәпір болмаса да солардың сойылын соғып, қазанынан қаспақ жегендер ғой. Сұғы қайтсын, адам түгілі үйге кірген жыланға да ақ тамызып шығаратын халықпыз, – деп күбірлесті әлдекімдер. Ж.Шәк.
СҰҒАНАҚ КӨЗ
Тімісікіленіп, сұқтанып қарайтын адам туралы. * Көп ішінен тінткілей қарайтын сұғанақ көз ондайда қапысын жіберер ме! Әбден тіміскіледі-ау! С.См. * … сонау ақ шайы көйлектің астындағы көгершін төске не бір сұғанақ көздер болмаса, қапелімде қалған жұрт байқай бермейтін болар-болмас діріл жүгіріп … қуана, сүйсіне тыңдайтын тек әлі беттеріне шаң, еттеріне дақ тимеген уыз көңіл бойжеткендер ғана. Ә.Кек. * Бір жағынан қожалығы да бар Тәшім молла … сәбидің насыбайына сұғанақ көзімен еміне қарай қалған. С.Жүн. ~ Қыстан қалған қоқым- соқымды, әлдекімдердің дөрекі күлкісін, сұғанақ көзін, бояуы қашқан мүсіндерді, ескірген газет витриналарын көрмеді, естімеді. Х.Әбді.
СҮТТЕН АҚ, СУДАН ТАЗА
Еш күнәсі жоқ, періштедей таза. * Ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға жиналған жылу малды есепсіз шашты, ағайындарына берді деген жаламен жауапқа тартылып Қызылордада көп алдына шыққан Жүсіпбек Аймауытов сүттен ақ, судан таза екенін оп-оңай дәлелдеп берген. Р.Нұрғ. * Ата-анасын да аямай, бетін тіліп, шындықты айтатын ақ жүрек қыз көрініп еді Рабиға. Әттең, серпіндеген сайын арзандап барады — ылғи да басқа кінәлі да, өз басы сүттен ақ, судан таза. М.Қаб.
СҮТТЕЙ ҰЙЫП, СУДАЙ ТҰНЫП
~ Мұны мен де әбден біліп болғамын. Оның үстіне ұзақ жылдан бері біріне –бірі сүттей ұйып, судай тұнып алған үлкендерді батасынан қайтару мүмкін емес екендігі де айқын. Ж.Сәм.
СҮТТЕЙ ҰЙЫДЫ
1. Жарасымды, тату-тәтті өмір сүрді. * Қойтеке неге жасын жерге шертеді? Сүттей ұйып отырған, шын сүйіскен асық жарлар Ақбілек пен Бекболат неге айырылады? Қайда шындық? Қайда әділдік? Қайда адамгершілік? Қайда құдай? Қайда қиямет? Ойланыңдар, бейуаздар! Ж.Айм. ~ — Неге өтірік болсын, кеше бәйбішелер де айтып отырды ғой, — деп Ұмсынай оған қарсы түсті. — Бетсіздігі де, сүттей ұйып отырған байын тастап… Шал деп, шалды құдай жаратпап па… Б.Майл. * Бұл Сарыөзекті басып алып, талай халықты қан жылатып, құлдыққа айдап қор қылған қатыгез жаулардың бірі еді. Найман-Ананың сүттей ұйып отырған ұясын да бұзған осылар. Ш.Айт. ~ Жұрттың сүттей ұйып отырған талай ұясын бұздың!!! Некелі жарына қол салдың!!! — Мен… ешкімнің ұясын бұзғаным жоқ! Ешкімнің әйелін зорлағаным жоқ… еркінен тыс! Желқуық ұрғашылардың өздері кінәлі! Шыбыш сүйкенбесе, теке артылмайды! С.Ел. ~ Соның ар жағында сүттей ұйып отырған колхоз еді, бүгін келсем адам шошырлық: малдарын сатып, сойып, соқа-сайманын бүлдіріп, бірсыпырасы қолхоздан шығамыз деп әлекке түсіп жатыр. Б.Майл. 2. Бар ықылысын аударды, зейін салды, әр сөзіне күмәнсіз сенді. ~ Міне, Жұмасейіт қажының діншілдігінің беті осы еді. Басқалар мұның діншілдігіне сүттей ұйып нанса да, Кәтимә бәйбіше нанған емес. Қара тоқал да солай. Бірақ бұлар да сырт көзінде қажының «діншілдігіне» зәреден кір жұқтырып көрген емес. Б.Майл.
СҮТТЕЙ ТАЗА
Күнәсіз, кіршіксіз, саф таза. * Тез өзгеріп, түн жиегін түре серпіп, тамаша ашық мамыр айының аспаны білінгендей. Сүттей таза аспанды, кең әлемді таң шапағы сәл қызғылт сәуле нұрлантып келе жатқандай… М.Әу. * Қызыл еріндерінде сәл ғана сыпайы жымию бар. Бұл жүзден уыз жастықтың сүттей таза, момын адалдығы нұр атады. Абай оған "қарағым" деп амандасты. Әкелік бейілмен жылы достық аңғартты. М.Әу. ~ Анадан сүттей таза туғанменен, Әр жерде аузын былғар арланбаған. Кісінің сімтігінен сақта құдай, Бүлдірер елдің ішін оттап ұдай. Н.Айт. ~ Сүттей таза жан еді ғой десек те, Біреу оны қосар еді өсекке. Адал болсаң, сөз ергеннің несі айып? Өсек қуса, кел, жеткізбей қашайық! А.Шая.
