Home » Page 293
Posted in

СҮЙЕКТЕС БОЛДЫ

Қыз алысып, қыз берісті, жекжат, іліктес қарым-қатынасқа көшті. * – Естіген боларсың, – менің Байділда деген інімнің қатыны қайтыс болғанын. Сол ініме сенің қызың Тотыға құда түсуге келдім. Сүйектес болайық, – деп Саурық күлміңдеп, сынағандай сынат білдірді. Ә.Шәр. ~ Есектің — егізі, Сиырдың — сыңары. Сендеймен мен, сірә, Сүйектес болмаспын. Көрші емес, қоңсы да Қонбаспын — Мен қаштым! Св.Нұр.

Posted in

СҮЙЕКТЕН ӨТТІ

Ауыр тиді, жанын жаралады. ~ Таяқ еттен ғана өтсе, сөз сүйектен өтетінін жақсы біледі иттің баласы. Қ.Жұм. ~ Ұлтымызда сөз киесі айрықша. Бір ауыз сөзбен тағдыр шешілген, бір ауыз сөзбен соғыс тоқтаған. "Сөз сүйектен өтеді". Ж.Аяз.

Posted in

СҮЙЕКСІЗ ҚЫЗЫЛ ТІЛ

Сөзуарлық, ділмарлық хақында. ~ Бұлар керек адамды қырмақ үшін, Өзі билеп, салтанат құрмақ үшін. Отсыз, күшсіз, сүйексіз қызыл тіл бар, Оларға ел қырғызбай тұрмақ үшін. Шәк. ~ — Ой, пәлі, айналайын Сұлтанбекжан, көп жаса, өмірлі бол! Жалғанда жағың түспесін! Сүйексіз қызыл тілін-ай! — деген сөздерін де нақ осы атты, оның шабысын баяндаған жерлеріне келгенде ғана қыстырып қоятын. С.Бақб.

Posted in

СҮЙЕККЕ ТҮСТІ

Өлген адамды кісіні арулап, ақ жууға қатысты. ~ Әкесінің үстіндегі көзге түсер киімдері — сүйекке түсіп алғандары. К.Қаз. ~ Сүйекке салатын киімдерді біреуге тапсырған жөн. Сүйекке түсуден мына көрші Қайырбек шал қалып қойып жүрмесін. Сынаушы көз ғой… Т.Әбд.

Posted in

СҮЙЕККЕ ТАҢБА ТҮСТІ

Атына кір келтірді, абыройына дақ түсті, ұятқа қалды. ~ -Жоқ, бұл болмайды екен. Апандікі дұрыс… Жесірімізді жіберсек, ертең сүйекке таңба түсетінін біліп отыр ол кісі, — деп Демежан енді әлденеге бел байлағандай істі жеделдетіп жіберді. Қ.Жұм. ~ Жөнін, жолын білмей, әлгіден бетпе- бет кезігуден тайсақтап кеткенін әке алдында жайып салса, сүйекке таңба түскені емес пе. С,См. ~ Оқиғаның бұлайша аяқ астынан кілт бұрылуы Төртуыл кісілерін де қатты абыржытып тастаған. Байсеркенің әнеугүннен бері мойындамай, қанша жұртты сарсаңға салып, енді келіп ойламаған жерден омақаса жығылуы сүйекке таңба түсірердей үлкен намыс болып еді. Қ.Жұм. ~ Ол сүйекке масқара таңба түсті деп қорланған соң атасын жасыруға мәжбүр. «Бұрын періштелер мені ылғи өліге санап кететін. Расымен тірі өлік едім. А.Кем.

Posted in

СҮЙЕККЕ ТАҢБА САЛДЫ

Арға өшпес дақ түсірді. ~ Кешегі қартабан Тұрсынның шаршы топ алдында тілдеп кеткені өзі емес, тіпті ата аруағын аттап сүйекке таңба салғаны кеудесіне шаншудай қадалды. Б.Тоғ. ~ Бастапқыда оны балалар жылы шыраймен «Мәжнүн» деп атаса, кейін сүйекке таңба салғандай ғып — «Мәнжубасқа» айналдырды. Тегі, құдай осындайдан бек сақтасын! З.Төл. ~ Бірақ шын- жырлап апарған атақты балуанымды қазақ елінің қазағы жықса бір сәрі, өз інімдей болып, ортамда жүрген қазақтың жығып кетуі сүйегіме таңба салғандай болғанын да қалай жасырармын. К.Сег.

Posted in

СҮЙЕККЕ СІҢДІ (СІҢІСТІ)

Туа біткен, өшпес дағдыға айналған әдет, мінез т.с.с. * Әншейін сүйекке сіңді әдетпен жекпе-жекке түсіп, алқұлымдап жеңіске жеткені болмаса Кербұғының күйек қайтарар тәбеті де, дәрмені де жоқ-тын. О.Бөк. * Тіпті түкке татымайтын көржерге дейін жымқырып жіберіп, тыққыштап жатады. Алдым, ұрладым дегенге мәз. Сүйекке сіңді әдет, дағды. Т.Сәук. * … сөйлей қалса қасақана бұра тартып отыратын қырыс мінезді адам болыпты. Ол осы теріс әдетінен барқадам таппаса да, сүйекке сіңді мінезден қартайғанша арыла алмаған екен. З.Шүк. * Амал не, сүйекке сіңді әдет: дүниеқорлық, ашкөзділік, жемі бардың шырқ айналған тауығы болуға жаралған мінез өз дегенін істеп тынды… сүйгенін сүйекке айырбастап кетті. О.Бөк. ~ Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазанды» мен айтпасам да сүйегіме сіңісті Атасөз. Абайдан бері қазақ қауымы (қоғамы деңіз) үш жаңаның басын қайырып, бір қазанды қылғытып, екіншісіне аяқ басқалы қашан. А.Ныс.

Posted in

СҮЙЕККЕ ҚЫЗЫНДЫ

Шыққан тегін місе тұтты, әулеттің намысын ойлады. ~ Азаматтың айбарынан айдынатын заман ғой бұл. Мұндайда сүйекке қызынып, дауыңды қуып, жоқшың болып беретін туыс – туғанның түрі анау. Ж.Сәм.

Posted in

СҮЙЕККЕ ҚАРЫСТЫ

Қиындыққа, зорлық-зомбылыққа, қысастыққа төтеп берді, жан-тәнімен қасарысты. * Ауырсынып отырғанын қаншама білдірмейін, сездірмейін деп сүйекке қарысса да, жазаң маңдайына шағаланың қанатындай сызат түсіп, тері бұршақ-бұршақ сорғалайтын. О.Бөк. * Жалғыз ұлынан айырылған Буянжав шешей қатты жүдеп, салдырап кетті. Бірақ талайды бастан кешірген көне көз қария ғой, сырттай қайсарлық жасап, сүйекке қарысып-ақ жүр. Е.Мұх. ~ Егеске-қысас, сүйекке қарысып қасарыса қасқайып қайсарлық танытпаса қан шеңгелдеп туған хан тұқымы атанар ма, шөптен күрке тігіп, өсімдіктің жемісін теріп, тамырын қазып, аң аулап етін азық етіп, терісінен киім кигізумен балаларын асырап-сақтап ержеткізіп есе-теңдік бермей ұрпағын өрбіткен Бике сол қарулы қарымдылығы, тастай қатты қайсарлығы үшін «Тас Бике» атанған екен, Жанторы би осыны есіне алды. Ш.Рах.