Уәдеден шықпады. * Жетпеді Әжібай бірақ бұл сөзіне, Тағдыр ма жеткізбеген, әлде өзі ме? С.Тор.
СӨЗІНЕ ЕСЕП БЕРМЕДІ
Айтқанына пәлендей мән бермей сөйледі. ~ — Әу, соры қайнаған сорлы-ау, сонда қайда бармақсың?— Кемпір өз сөзіне есеп беріп отырған жоқ. Сұрай салды. Ә.Тар.
СӨЗІНДЕ ТҰРДЫ
Берген уәдесін қалтқысыз орындады. ~ Жылқайдар сөзінде тұрды. Нұртай Ақиректегі ауылына тай жетектеп қайтты. Бес жыл кісі есігінде жүріп, қолына жалғыз тай іліпті. Қатар-құрбылары Нұртайды келемеждейтін еді. З.Шүк. ~ Мен кеңсешіл болып алдым. Мырекең өз сөзінде тұрды. Ол маған колхоздың хатшылық қызметін тапсырды. Астымда көкжорға ат. Т.Бер. ~ Шықаң сөзінде тұрды, Ұлбану да иттік жасаған жоқ. Қыс түсе жаңа үйге көшкен соң, ескі екі бөлме шынымен Сәбираға қалды. Т.Сәу.
СӨЗІНДЕ ПӘТУА ЖОҚ
Сөзі сұйық, айтқанын орындамайтын адам туралы. ~ Илахэ бұған қатты қуанады. Елші жіберіп, бұл істі Ванханға айтады. Ванхан: «Жамұқа деген сөзінде пәтуасы жоқ адам. Оған сенуге болмайды» дейді. Ж.Шәк. ~ Бірақ қаншама игі тілек, жақсы сөздерін үйіп- төгіп жалынса да, Рысжан оның аяқ- қолын босата қоймаған. — Жаман неме, сөзіңде пәтуа жоқ. Кешке дейін жатасың естіп,— деген. С.Мұр.
СӨЗІН ҰСТАДЫ
Ауылдың, рудың, елдің атынан сөйлеп, билігін жүргізетін үлкені, рухани басшысы хақында. * Алты рудыңсөзін ұстаған әтібірлі ақсақалдар аяқ жетер жерге ат шаптырып, ту-ту түрікпеннен әзер тапқан ақ арғымақты кеше ел жатарда қарулы екі жігітке құдық басына апарып құлын түгін жылтырата сабындап жуғызып еді. Ә.Нұрп. * Балықшы ауылға қадірлі қария – Есбол келді. Кезінде ел арасының сөзін ұстаған кісі. Ә.Нұрп. * Кәлен тоқтаған үй иесі – осы ауылдың сөзін ұстаған инабатты кісі-тұғын. Ә.Нұрп. Уәдесін орындады, айтқанын істеді, сөзінде тұрды. * Қазанғаптың аруағын сыйлайтын жігіт егер Айзадаүлгерсе, қайтарда отбасын ала келмекші де болды. Сөзінде тұратын жігіт. Ш.Айт.
СӨЗІН СӨЙЛЕП, СОЙЫЛЫН СОҚТЫ
Біреудің айтқанын істеп, айдауында жүрді, қол шоқпары болды. ~ Әсілінде,іс былай болыпты: Елісханға тісін басқан Ма Буфаң өзінің сөзін сөйлеп, сойылын соғатын таңғыт, моңғол, қазақтарды жеке-жеке шақырып алып арнайы тапсырмалар беріпті. Ж.Шәк. ~ Бірақ, бұл мұсылман әмірші де жергілікті ұрылар мен тонаушыларға тыйым салудың орнына сырғуаңдап, оларға қатаң шара қолдана қоймайтын, қайта солардың сойылын соғып, сөзін сөйлейтін сыңай танытты. Ғ.Біл.
СӨЗІН СӨЙЛЕДІ
Біреудің мүддесін қорғап, жақтасты. ~ Артығымды бер деп, Қозыбақ аулынан жоқтап алар Бақтығұл ма? Анау жуан сотқар ауыл аяғына отыртар ма? Тегі мұның сөзін сөйлеп, есіркейтін тірі жан бар ма сірә да?.. Әй, жоқ қой! М.Әу. ~ Мен соларыңның өзіне сенбеймін. Орловтың айтуына қарағанда осы үкімет болып, шулап, газет жазып жатқанның бәрі байдың сөзін сөйлейді білем,— деді Мәмбет. І.Жанс. ~ Астынан бір жақсы атты, қолынан бір жақсы құсты кетірмейтін Амантайға, Итбай атын да, құсын да тартып алып, талай зорлық істеді. Сөзін сөйлейтін ауылнай билерге өтірік акт жасатып «ұры» деп те көрсетті. С.Мұқ .
СӨЗІН САБАҚТАДЫ
Әңгімесін жалғастырды. ~ Сөйтіп, — деп Өтеген айналасына қыдыра қарап қойып сөзін қайта сабақтады,— атақты ақын Ақыт қажыны тірідей құмға көміпті. Т.Рыск. ~ Бұлар жай жүрген солдаттар емес екен, – деді Әли сөзін сабақтап. – Қайып аға олардың арақ ішіп отырып айтқан сөздерін естіп қалыпты. Б.Тоғ. ~ «Біз – Албандар үлкен тайпа болсақ та, ауыз бірлігіміздің жоқтығынан әлі күнге байыз таппай ары көшіп, бері көшіп жиғанымызды арқан қиып келеді», – деп сөзін сабақтады. Н.Абд.
СӨЗІН ӨТКІЗДІ
Өтінішін орындатты, ұсынысын қабылдатты. ~ Соңынан Махсұтты жабыла жамандап, сөздерін өткізген соң, соларға сеніп, гуандайдың қолындағы қазақ әскерлерді Қанатбекке өткізіп берді. Т.Рыск. ~ Комсомол ұясының хатшысы қайда барса да сөзін өткізетін тәрізді. Б.Тоғ. ~ Екі өзеннің арасы, Бұқар мен Самарқанға Шибан тұқымы, Шағатай әулеті; күн еңкейген батыс түкпірдегі хажытархан мен Қырымға Тоқай-Темір әулеті қоңыр самал ескендей сарабдал сөзін өткізді, әулеттің алтын тін, үзілмес арқауы болды. Д.Дос. * Жанқожа Қылышбайға барып, сөзін өткізе алмайтынын түсінеді, сол жерден ат басын ауылға бұрды. З.Шүк. ~ Жанысқа сөзін өткізе алмағанда апасының анда-санда өстіп құрысып қалатынына үйреніп қалған Ләйлә да онша мән берген жоқ. Қ.Мүб.
СӨЗІН ӨРГЕ БАСТЫРМАДЫ
Біреудің сөзіне мән бермеді, айтқанын жоққа шығарды, сөйлетпей қойды, тиып тастады. ~ Осы арақтың үстінде сөзден-сөз шығып отырып Фазыл мұғалімді біреулер мақтап, біреулер боқтап сөз күресі болды. Шалматай Фазылды жақтап, оны жамандағандардың сөзін өрге бастырмай қызып кеңірдекке түсті. І.Жанс. ~ "Осыны ер басына келетін міндет" деп түсінген, құл сияқты жуан мойын тоңқылдақ төре жиылған ел кісілерінің: "Арыз айтамыз, жағалатып көреміз" деген сөздерінің бірдебірін өрге бастырмай, тізімнен басқа бір ауыз сөзді сөйлетпей иіріп тұрды. М.Әу. ~ – Жұрт Демежандай азаматты қолдан жасай алмай отырса, сыртқа тепкенің не қылғанын? — десіп Ысқақтың сөзін өрге бастырмай, әр жақтан кеукеулеп сөккен болды. Қ.Жұм. ~ Мен ауданнан қайтқанда сен туралы дәнеңе жазбай-ақ қоярмын деп едім. Бірақ, оным саған болысқандық болмайды екен, ескі дос. Сен тек өзімдікі жөн деп, өзгенің сөзін өрге бастырмайды екенсің. Қит етсе, иректеп арыз жазуға құмар көрінесің. Ә.Нұрш. ~ Ұсталмаған — ұры емес, айғақ- куәсы, не малының көзі болмаған соң, көп ретте жоқшылардың сөзін өрге бастырмай, қамшыларының ұшын да берместен құтылып кетуші еді. Қ.Жұм. ~ Ай жарығында өзімен бетпе- бет келіп, сойыл сілтескен Байсеркені ап- анық танығанын айтады. Бірақ екеуі беттескенде, Байсерке оның сөзін де өрге бастырмады. Қ.Жұм.
